“Мүгедектігі бар әрбір баланың толық цифрлық дағдылары болғанын қалаймын”
Ильяс Фаткулин, "Жан" мүгедектердің құқықтары жөніндегі Азиялық қоғамның басшысы, көру қабілеті бұзылған балаларды оқыту және мүгедек адамдар үшін маңызды дағдылар туралы
Ильяс Фаткуллин өз өмірін смартфонсыз елестете алмайды. Ол телефонның оятқышынан оянады, жаңалықтар оқиды, кез келген сатып алған заттары үшін банктердің қосымшалары арқылы төлейді және компьютер бағдарламалары мен мессенджерлердегі чаттар арқылы жұмыс істейді. Оның барлық қызметі гаджеттермен байланысты.
Ильясқа 16 жасында көз торына операция жасағаннан кейін көзі көрмей қалды. Қазір ол көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдарды цифрлық технологияларға оқытып жүр.
Ильяс көзі нашар көретін адамдарды оқытумен 2014 жылы "Жанар" оңалту орталығында жұмыс істеген кезден бастап айналыса бастады.
“Мен ол жерде кеңістікте бағдарлауды үйреттім, 2 айдан кейін мені компьютер мұғалімі ретінде қабылдады. Оңалту орталығында сабақ берумен қатар, кейде үйде оқытатынмын”,
Ильястың оңалту орталығында көру қабілеті нашар 14 жастан 60 жасқа дейінгі адамдар білім алды. Сол кезде Ильяс алғаш рет цифрлық дағдыларды үйрету - көп күш пен қуатты талап ететін күрделі процесс екенін сезінді.
“Цифрлық дағдылар - мүгедектігі бар адамдар үшін өте қажет нәрсе”, - дейді Ильяс. “Компьютер мен телефондарды білудің арқасында мен өзімді мүгедек деп санамаймын, өйткені менің қолымнан бәрі келеді”.
Белсенді жігіт бұның қаншалықты маңызды екенін түсіне отырып, балаларды оқытуға келді.
“Мен Алматыдағы Островский ат. арнайы интернатта оқыдым, өкінішке орай, бізді ешкім бұл дүниелерге үйретпеген”,
Ильяс сыныптастарымен бірге бағдарламаларды өздері тауып, компьютерлермен жұмыс істеуге тырысты. Мүмкін, әрдайым сәтті бола бермеген шығар, дейді Ильяс. Уақыт өте келе ол бәрін өз бетінше үйреніп, біртіндеп интернетте жұмыс істей бастады. Ол кезде Ильястың көзі көретін еді, 2010 жылға дейін экрандық қол жетімділік бағдарламасының көмегімен және кей кезде көз жанарымен қарайлап жұмыс істеген болатын.
“Мен мүмкіндігі шектеулі әр баланың сандық дағдыларға ие болғанын қалаймын, бұл біздің өмірімізді жеңілдетеді, тіпті егер сен экранға немесе жүріп келе жатқан тротуарыңа қарай алмасаң да, оның зор көмегі бар", - дейді Ильяс.
2017 жылы Ильяс өзінің қоғамдық қызметін бастап, мүгедек адамдардың қоғамдық бірлестігінде жұмыс істей бастады, ал 2019 жылы оны басқара бастады.
Командамен бірге ол мүгедектігі бар адамдарға арналған бірнеше шағын жобаларды іске қосты: тіл курстары, гитарада ойнау курстары, арнайы тифлоқұралды оқыту (ред.еск: көрнекі ақпаратты құлақпен қабылдауға көмектесетін құралдар) және басқа бастамалар.
Кейін Ильяс "Жан" мүгедектердің құқықтары жөніндегі Азиялық қоғамына ауысты, ал 2020 жылы - басшы болды. Қазір ұйымда мүгедектігі бар 120 адам жұмыс істейді.
“Біз “Қолжетімді Қазақстан” жобасына қатыстық”, - дейді Ильяс.
“Қолжетімді Қазақстан” жобасының негізгі мақсаты - халықаралық стандарттарға сәйкес мүгедектігі бар адамдардың еркін және қауіпсіз жүріп-тұру, Қазақстандағы объектілер мен қызметтерге тең қол жеткізу құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету. “Қолжетімді Қазақстан” мүгедек адамдардың және ҮЕҰ-ның қатысуымен, оның ішінде “Жан” мүгедектердің құқықтары жөніндегі Азиялық қоғамның көмегімен бүкіл Қазақстан бойынша әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігіне мониторинг жүргізеді. Жобаны БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Өкілдігі қолдады және Қоғамдық Цифрлық Игілік мәртебесіне ие болды*.
“Алматы қаласы Медеу ауданының әкімдігімен нысандарды мониторингілейміз, қолжетімді ету үшін олардың нысандарын түзету бойынша ұйғарымдар дайындаймыз”, - деп нақтылады Ильяс.
Биыл “Жан” мүгедектердің құқықтары жөніндегі Азиялық қоғамы ЮНИСЕФ - пен бірлесіп “Көру қабілеті нашар жасөспірімдердің цифрлық дағдыларын дамыту” атты жаңа жобаны іске қосты.
Жоба көру қабілеті нашар 10-19 жас аралығындағы жасөспірімдерде цифрлық дағдыларды, жұмысқа орналасу дағдыларын, әлеуметтік және бизнес-кәсіпкерлікті қалыптастыру үшін іске қосылды және оны EPAM Kazakhstan компаниясы мен Алматы қаласының Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры қолдады.
Курс барысында жасөспірімдер цифрлық технологиялармен жұмыс істеуге және бағдарламалар мен құрылғылармен жұмыс жасауда дербестікке үйренеді.
Жаңа дағдылардың көмегімен олар кітаптарды жүктей алады, мессенджерлерде хат алмасады, навигаторды, дауыстық көмекшіні қолдана алады және қосымшада такси шақыра алады.
“Бізде үш платформа бойынша оқыту жүріп жатыр: Windows, Android және iOS. Орташа алғанда, бұл шамамен 2 айға созылады”, - дейді Ильяс. “Біз экрандық бағдарламалармен, мәтіндік файлдармен, аудио файлдармен, арнайы навигаторлармен және басқа бағдарламалармен жұмыс істеуге үйретеміз”.
Балалармен сондай-ақ жаттықтырушылар - осы бағытта жұмыс істеген және оқытуда жетістікке жеткен Ильястың бұрынғы оқушылары жұмыс істейді.
“Бұл шын мәнінде энергетикалық шығынды жұмыс”, - дейді Ильяс. "Әр балаға өзінше көзқарас керек. Бұл өте қиын, бірақ өз нәтижесін береді".
Ильястың айтуынша, мүгедектігі бар адамдар “бір нәрсені үйрену және бір нәрсені дәлелдеу үшін” 2-3 есе көп күш салуы керек.
“Бірақ бұл бізді қатайтады”, - дейді Ильяс. “Сондықтан, менің ойымша, бұл балалардың көбісі танымал және табысты болады. Бұл мені қатты қуантады”.