ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Консультативтік кеңесі
ЮНИСЕФ пен бизнестің серіктестігі
Кеңес туралы
ЮНИСЕФ-тің Консультативтік кеңесі Қазақстанда 2025 жылы ЮНИСЕФ пен жеке кәсіп секторы, сарапшылар қауымдастығы және азаматтық қоғам өкілдері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында құрылды. Кеңес стратегиялық диалог үшін, бизнес ортада бала құқықтары күн тәртібін ілгерілету үшін, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің басым бағдарламаларын іске асыруда күш-жігерді біріктіру үшін құрылған платформа болып табылады.
Мақсаты мен қызметтері
Кеңес келесі мақсаттарда құрылған:
- Қазақстанда ЮНИСЕФ бағдарламаларын іске асыруға жәрдемдесу;
- Бизнеспен және басқа да мүдделі тараптармен серіктестікті нығайту;
- Жеке кәсіп секторын бала құқықтарын ілгерілетуге және Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізуге тарту;
- Балалардың әл-ауқатына қатысты өзекті тақырыптар бойынша консультациялық және сараптамалық қолдау көрсету.
Басым бағыттар
Кеңес ЮНИСЕФ-тің келесі негізгі бағыттардағы жұмысын қолдайды:
- Балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығы және психоәлеуметтік қолдауы;
- Инклюзивті және сапалы білім беру;
- Балаларды зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінен, оның ішінде цифрлық ортада қорғау;
- Гендерлік теңдік және қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту;
- Орнықты даму және экологиялық қауіпсіздік;
- Барлық балалар үшін цифрлық трансформация және технологиялардың қолжетімділігі.
Кеңестің қызметі
Кеңес мүшелері жылына екі реттен кем емес өтетін тұрақты отырыстарға қатысады. Кездесулерде ЮНИСЕФ-тің негізгі басымдықтары талқыланады, сараптамамен алмасып, серіктестікті нығайту және табысты шешімдерді кеңейту бойынша ұсыныстар қалыптастырылады. Кеңес ЮНИСЕФ бағдарламаларын іске асыруға өзінің кәсіби және қоғамдық салаларындағы стратегиялық өзара іс-қимыл және балалар күн тәртібін ілгерілету арқылы ықпал етеді.
Кеңес құрамы
Консультативтік кеңестің құрамына ЮНИСЕФ құндылықтарын бөлісетін жеке кәсіп секторы, филантроптық бастамалар, орнықты даму, мәдениет және басқа салалардың өкілдері кіреді. Барлық қатысушылардың корпоративтік және әлеуметтік жауапкершілік, стратегиялық даму және бала құқықтарын ілгерілету саласында расталған тәжірибесі бар.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесінің мүшелері
Анар Рахимбаева
ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесінің тең төрайымы, жеті баланың анасы, кәсіпкер, меценат, «Ана үйі» қоғамдық қорының негізін қалаушы және жетекшісі, Mother's Home халықаралық қорының бас директоры және Iqanat қорының қамқоршысы. Білімі бойынша – дәрігер, MBA дәрежесі бар. Өз еңбек жолын перзентханадан бастаған, онда алғаш рет баланың дүниеге келуіне куә болып, ана мен сәби арасындағы байланыстың күшін сезінді және баланың әл-ауқаты үшін осы байланысты сақтау қаншалықты маңызды екенін түсінді.
Бүгінгі таңда оның қызметі Қазақстандағы әрбір баланың қамқор отбасылық ортада – туған немесе асырап алынған отбасында өсу мүмкіндігіне ие болуына бағытталған. «Ана үйі» қорының жұмысы арқасында 10 000-нан астам бала отбасында қалды немесе асырап алатын ата-ана тапты. 11 жыл ішінде интернаттық мекемелердегі балалар саны екі еседен астам қысқарды.
Анар «Ана үйі» қорының қолдауымен ана болу жолын таңдаған және балаларға отбасында өсуге мүмкіндік берген әйелдердің оқиғаларынан шабыт алады.
ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесіне қосыла отырып, ол практикалық тәжірибесімен бөлісуге және әрбір баланың мүддесі үшін орнықты жүйелік шешімдерді ілгерілетуге ұмтылады.
Самат Даумов
GRATA International серіктесі, кәсіпкер және инвестор. Медиа (MYD Production), денсаулық сақтау (OpenLab, Өзбекстан), тау-кен өндіру (Phoenix Metals, Turan Metals) және девелопмент (The Village by Wyndham Residences Aqkol) саласында жобаларды іске асырады. IQ Club Astana төрағасы, YPO Kazakhstan мүшесі, Maqsut Narikbayev University түлегі (құқық магистрі). «Аналар үйі», «IQanat» және «Тең мүмкіндіктер әлемі» қайырымдылық ұйымдарының қамқоршылар кеңестерінің құрамына кіреді. Қазақстан Республикасы Президентінің атынан қайырымдылыққа және қоғамдық ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін «Жомарт Жан» белгісімен марапатталған.
Білімге тең қол жеткізу, бала құқықтарын қорғау және инклюзия – орнықты болашақтың негізі деп санайды. ЮНИСЕФ-тің Консультативтік кеңесіне қатысу – өз білімі мен тәжірибесін мұқтаж жандардың игілігі үшін қолдану мүмкіндігі деп біледі. Адами мейірімділік пен бизнестің әлеуметтік миссиясына деген сенім шабыттандырады.
Жанна Кан
Қазақстандық кәсіпкер, филантроп және қоғам қайраткері, Zhanna Kan Group, Constella, Zardozi, Zardozi Home брендтерінің және BeWoman Central Asia форумының негізін қалаушы, Қазақстандағы Damiani зергерлік үйінің серіктесі. Қызыл дипломмен Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген, КИМЭП-те (топ-10 студент) MBA дәрежесін алған, Stanford University және Singularity Group бағдарламаларынан өткен. 20 жылдан астам уақыт бойы премиум брендтерді, мәдени және әлеуметтік бастамаларды дамытып келеді.
Alto Networking Club – бизнес-көшбасшыларға арналған халықаралық жабық клубты және Senior Club – 60+ жастағы адамдардың белсенді өміріне арналған ерекше кеңістікті құрды. Бұл жобалар оның ұрпақтар күшіне және мәдени-әлеуметтік бірліктің маңыздылығына деген сенімін көрсетеді.
Ана және әже ретінде Жанна ұлттың болашағы әйелдің әл-ауқатынан және балаға мүмкіндік беруден басталады деп санайды. IQanat, Dara, Sabi, «Аналар үйі» жобасының қамқоршысы және Қазақстандағы ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесінің мүшесі ретінде ол білімге тең қол жеткізу, ізгілікті тәрбие, үлкендерді құрметтеу және мәдени кодты сақтау идеяларын ілгерілетеді.
Байжан Канафин
Documentolog – электрондық құжат айналымы мен жемқорлыққа қарсы ашықтықты қамтамасыз ететін инновациялық цифрлық платформаның CEO-сы. Оның кәсіби тәжірибесі EY «Жыл кәсіпкері» байқауында «Үздік цифрлық қызмет» атағына ие болған технологиялық өнімді жасау мен басқаруды қамтиды, ал 2021 жылы Ironman XC World Champion атағын жеңіп алды.
Бүгінде Байжан бизнес-процестерді цифрландыру, AI-шешімдерді интеграциялау және мемлекеттік сатып алуларға деген сенімді арттыру саласын белсенді дамытып келеді.
Оны ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Консультативтік кеңесіне қатысуға не итермелейді? «Әке және кәсіпкер ретінде мен қазақстандық балалардың қауіпсіз балалық шағын дамытуға үлес қосқым келеді. Бұл менің әлеуметтік жауапкершілігімнің бір бөлігі», – дейді Байжан Канафин. Оның жеке құндылығы – адалдық, жауапкершілік және тәртіп, ал өмірлік мақсаты – өмірді жақсартатын технологиялар құру. Дәл осы нәрсе оны балаларды қорғау және біртұтас қоғамды нығайту бойынша стратегияларды дамытуға үлес қосуға шабыттандырады.
Гаухар Каппарова
Кәсіпкер, меценат, мәдениет қайраткері, екі баланың анасы. G&G Glamour компаниясының негізін қалаушы және президенті, Lancaster Group Kazakhstan халықаралық холдингінің және басқа бизнес-құрылымдардың акционері. Нархоз университетін, Мемлекеттік басқару жоғары мектебін және Harvard Business School-ды бітірген. Оның қызметінде бизнес, мәдениет және филантропия тығыз байланысты.
Гаухар сапалы білім беруге қол жеткізуді белсенді қолдайды: оның бастамалары арқасында қазақстандық студенттер әлемнің жетекші университеттерінде оқиды, сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарында стипендия алады. Ол Абай атындағы опера және балет театрының қамқоршылар кеңесін басқарады, бірнеше қайырымдылық ұйымдарының қамқоршылар кеңестерінің құрамына кіреді және Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі мәдени жобаларды ілгерілетеді.
ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесіне қосыла отырып, ол білім беру, шабыттандыру және болашаққа деген сенім арқылы әрбір баланың әлеуетін ашуға ықпал етуге ұмтылады.
Бақытжан Кудушева
Үш баланың анасы, кәсіпкер, меценат, есімі Шығыс Қазақстанның алтын меценаттар кітабына енген. Ол бизнес, шығармашылық және ауқымды қайырымдылық қызметті біріктіре отырып, өз жолын қалыптастырды.
Оның жүрегі әрдайым балаларға, әсіресе ерекше күтімді қажет ететін жандарға ашық. Оның бастамасы мен қолдауы арқасында Қазақстан үшін бірегей жобалар дамып келеді: «Страна чудес» инклюзивті орталығы – аутизмі бар балаларға арналған еліміздегі алғашқы мектеп-балабақша, БЦС бар балаларға арналған «Демеу» оңалту орталығы және аутизмі бар балаларға арналған «Blue Fox» абилитация орталығы. Бұл орталықтардың әрқайсысында жыл сайын 100-ден 300-ге дейін бала көмек, оқу және әлеуетін ашу мүмкіндігін алады.
Бақытжан жеке қатысумен шектелмейді: ол маңызды мақсат аясында адамдарды біріктіре біледі. Қайырымдылық кештер мен аукциондар ұйымдастырады, кәсіпкерлер мен меценаттарды тартады, балаларға көмек көрсету ортақ іске айналатын атмосфераны жасайды. Оның энергиясы, харизмасы және шешімдер табу қабілеті бұл орталықтардың өсуіне және дамуына мүмкіндік береді.
Ол fashion-индустриядағы кәсіпкер, сондай-ақ екі табысты мейрамхананың негізін қалаушы. Алайда, оның үшін ең бастысы – тек бизнес құрып қана қоймай, оның мүмкіндіктерін әлеуметтік бастамалар үшін пайдалану.
ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесіне қосыла отырып, Бақытжан Кудушева балаларға көрсетілетін көмектің ауқымын кеңейтуге, жүйелі шешімдерді қалыптастыруға қатысуға және Қазақстандағы әрбір баланың сапалы білімге, оңалтуға және қамқорлыққа қол жеткізуіне үлес қосуға ұмтылады.
Оны бір адам көзқарастары ұқсас адамдарды жинап, мыңдаған баланың тағдырын өзгерте алады және әлемді әділетті әрі мейірімді ете алады деген сенім шабыттандырады.
Динара Сатжан
Қазақстандық журналист, тележүргізуші, кәсіпкер, fashion-продюсер және блогер, Dinara Satzhan бренді мен мультибрендтік дүкендер желісінің негізін қалаушы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды тәмамдаған, бірінші курстың өзінде-ақ жеке музыкалық телебағдарламасын іске қосқан; кеңінен танымалдылыққа «Хабар» мен «Астана» арналарының жүргізушісі ретінде ие болды.
Status QUO, Sky-Студия, «Qazaqstan» арнасының ребрендингі, LATE NIGHT SHOW және The DS’ Show жобаларының авторы. 15 жылдан астам уақыт бойы fashion-бизнесті (шоурумдар, Beauty Room, жеке киім желісі) және арт-продюсерлікті (галерея, қонақүй) дамытып келеді.
2024 жылы ЮНИСЕФ Досы мәртебесіне ие болды. Сондай-ақ ұлттық «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Динара - екі баланың анасы.
Дулат Тастекей
TasGroup қаржы компаниялар тобының негізін қалаушы және жетекшісі, сондай-ақ Алматы қаласы Мәслихатының VIII шақырылым депутаты. Ол Гарвард бизнес мектебі, «Нархоз» университеті (іскерлік әкімшілендіру докторы), Мәскеу «Сколково» басқару мектебі және басқа оқу орындарының дипломын қоса алғанда, кең ауқымды жоғары білімге ие.
Дулат Тастекей қайырымдылық және қоғамдық қызметпен белсенді айналысады. Ол өз туған өңірін қолдап, инфрақұрылым құрып, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетеді және түрлі қоғамдық іс-шараларды өткізуге демеушілік етеді. Өзінің «ASSYLTAS» қоғамдық қоры арқылы ұлттық мәдениет пен спортты (айтыс, қазақ күресі) насихаттайды, фестивальдар ұйымдастырады және жас кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетеді.
Өзінің еңбек сіңіргені үшін ол көптеген мемлекеттік наградалар мен атақтарға ие болды, оның ішінде «Еңбек үздігі», «Күлтегін» медальдары, «Тарбағатай ауданының құрметті азаматы» атағы, сондай-ақ 2018 жылы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша «Жыл кәсіпкері» болып танылды және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды.
Дулаттың қоғамдық қызметінің негізгі бағыттарының бірі – адами капиталды дамыту болғандықтан, ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесіне қосыла отырып, ол білім беру және балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін ашу бағытында жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Асель Тсенова
Қазіргі уақытта Jimmy Choo Kazakhstan компаниясының CEO-сы және серіктесі болып табылады. Ол компанияны орнықты пайдаға шығарып, екінші дүкенін аша алды, сонымен қатар орнықты даму мен әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарына назар аударды. Ол сондай-ақ қиын өмірлік жағдайдағы балалар мен әйелдерді қолдауға бағытталған қайырымдылық жобаларды басқарады.
Төрт баланың анасы ретінде ол әрбір баланың өзін қауіпсіз сезінуі, тыңдалуы және мүмкіндіктерге қол жеткізуі қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Әсел қоғамдағы мәселелермен таныс және бейжай қарамайтын азамат ретінде оларды шешуге қатысуды өз борышы санайды. ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесіне қатысу – балаларға қамқорлық, қорғау және лайықты өмір қолжетімді болатын болашақ үшін жеке тәжірибесін, кәсіби ресурстарын және шынайы белсенділігін біріктірудің жолы деп біледі.
Малика Тулегенова
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры директорының халықаралық қатынастар, маркетинг және коммуникациялар жөніндегі орынбасары.
Білімі бойынша өнертанушы және сценограф, Малика өз жұмысында шығармашылық көзқарас пен стратегиялық тәсілді үйлестіреді. Қазақстанда, Дубайда және Миланда білім ала отырып, ол өнердің адамдар мен елдерді біріктіре алатын әмбебап тіл ретінде қаншалықты маңызды екенін ерте сезінді.
Кәсіби жолы «МИРАС» қоғамдық қорындағы мәдени жобалар саласындағы жұмыстан басталды. 2020 жылдан бастап оның өмірі «Астана Опера» театрымен байланысты, ол сценография жобаларының суретшісінен басшылық лауазымға дейінгі жолдан өтті. Бүгінде халықаралық қатынастар, маркетинг және коммуникациялар жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқара отырып, ол театрдың халықаралық ынтымақтастығын дамытады, аудиториямен өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын жасайды және қазақстандық өнерді әлемдік аренада насихаттайды.
Оны сахна нағыз ашылу кеңістігіне айналатын әртістердің оқиғалары және жүректері сұлулық пен үйлесімге ашылатын көрермендер шабыттандырады. Малика Тулегенова үшін театр – бұл тек өнер ғана емес, сонымен қатар халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға қабілетті мәдени дипломатия құралы.
Оның миссиясы – өнерді жақындату, мәдениеттер арасында көпірлер салу және опера мен балеттің өткен мен болашақты, дәстүрлер мен қазіргі заманды біріктіретін тірі энергия екенін көрсету.
Алмас Құдайберген
Алмас Құдайберген — Centrasia Group компаниясының негізін қалаушы және басшысы. Холдинг Қазақстанда, ТМД елдерінде және Катарда мұнай-газ сервистік салада жұмыс істейтін әртараптандырылған өнеркәсіптік топ болып табылады. Топ құрамындағы компаниялар ірі мұнай-газ операторларына құрылыс, инжиниринг қызметтерін көрсетіп, жабдықтар өндіреді. Қызметкерлер саны – 1000-нан астам адам.
Жеке кәсіпкерлікке дейін Алмас Құдайберген Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік агенттігі төрағасының орынбасары және Премьер-Министрдің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Ол Қазақстандағы Британ сауда палатасы төрағасының орынбасары және «Болашақ» қауымдастығы түлектері кеңесінің мүшесі болған. Сонымен қатар, ол 160-тан астам мүшесі бар мұнай-газ сервистік компаниялардың ең ірі қауымдастығы — KazService қауымдастығының тең құрылтайшысы және президиум мүшесі, сондай-ақ KazLeasing қауымдастығы мен YPO Kazakhstan, Parasat іскерлік клубтарының мүшесі.
Алмас Құдайберген қайырымдылық ісіне белсенді қатысады. «Болашақ» түлектері қауымдастығына төрағалық еткен кезеңінде ол аутизммен өмір сүретін балалардың білім алуына арналған қаражат тартуға үлес қосты.
ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесінің мүшесі ретінде Алмас Құдайберген балалар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауды, соның ішінде технологиялар мен менталды денсаулық бағыттарын қолдауды мақсат етеді.
Динара Шүкіжанова
Динара Шүкіжанова — «АгромашХолдинг KZ» компаниясының президенті, Қостанай трактор зауытының директоры, «Respublica» саяси партиясының тең төрағасы.
Ол еңбек жолын өндірістегі қатардағы қызметкер ретінде бастап, кәсіби өсу жолының барлық сатыларынан өтіп, бүгінде мыңдаған адам еңбек ететін еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік компаниялардың бірін басқарып отыр.
Динара Шүкіжанованың жетекшілігімен кәсіпорындар заманауи технологияларды енгізіп, жаңа өндіріс желілерін іске қосуда және жаңа жұмыс орындарын ашуда. Бұл аймақтардың дамуына және отбасылардың өмір сапасын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.
Дәстүрлі түрде ерлер басым салада басшылық қызмет атқарып жүрген әйел ретіндегі оның тәжірибесі көптеген жас мамандарға шабыт берді. Ол табандылық, кәсібилік және жауапкершілік стереотиптерден әлдеқайда маңызды екенін дәлелдеді.
Динара Шүкіжанова MBA дәрежесіне ие, бұл оның тәжірибесін басқару саласындағы терең біліммен толықтырады. Кәсіби қызметінен бөлек, ол қыз тәрбиелеп отырған ана және мықты қоғамның іргетасы – отбасы екенін ерекше атап өтеді.
ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесінің мүшесі ретінде ол басқару мен қоғамдық қызмет саласындағы өз тәжірибесін бөлісіп, балалар мен отбасылардың игілігіне бағытталған жүйелі шешімдерді ілгерілетуді мақсат етеді.
Ләйлә Сұлтанқызы
Ләйлә Сұлтанқызы — белгілі журналист, медиаменеджер және қоғам қайраткері. Ол «Mariyam Kazakhstan» қайырымдылық қоры мен «LS Media» компаниясының негізін қалаушы, Астана қаласы мәслихатының депутаты, сондай-ақ ҚР Президенті Телерадиокешенінің «Jibek Joly» телеарнасындағы «Төрлетіңіз» бағдарламасының жүргізушісі.
Ләйлә Сұлтанқызының журналистика саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар. 2012–2017 жылдары ол «Балапан» телеарнасының директоры қызметін атқарып, балаларға арналған ұлттық контенттің дамуына зор үлес қосты.
2023 жылдың ақпан айында оның бастамасымен «Mariyam Kazakhstan» қоры құрылды. Қордың басты мақсаты — бедеулік мәселесіне тап болған отбасыларға қолдау көрсету. «Экомед» клиникасымен бірлесе отырып, қор мемлекеттік ЭКО квотасын ала алмайтын жұптарға көмек көрсетеді. Осы уақытқа дейін 42 отбасы ата-ана болу мүмкіндігіне ие болып, олардың 24-і сәбилерін дүниеге әкелді.
Қоғамдық қызметін белсенді жалғастыра отырып, Ләйлә Сұлтанқызы отбасы институтын нығайтуға, балалардың құқықтарын қорғауға және олардың әлеуетін кеңейтуге атсалысуда. ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесінің мүшесі ретінде ол әр баланың амандығы мен жарқын болашағына бағытталған бастамаларды қолдауға және дамытуға өз үлесін қосуды мақсат етеді.
Юлия Энгельман
Юлия Энгельман – отбасылық психолог, кәсіпкер, меценат және қоғам қайраткері.
Ол VILED Group құрамындағы Graff зергерлік үйінің директоры және «Ана Үйі» қоғамдық қорының қамқоршысы болып табылады.
Юлия өзінің кәсіби жолын отбасылық психолог ретінде бастап, ересектер мен балаларға кеңес беруден бастады. Ол тез арада баланың тұлға болып қалыптасуында ересектердің шешуші рөл атқаратынын терең түсінді. Бұл түсінік оның өмірлік бағытын айқындап, балаларды қорғау мен қолдауға арналған қызметінің негізіне айналды.
Ең алдымен, Юлия – үш баланың анасы. Бұл өмірлік тәжірибе оған балалардың айналадағы әлем алдында қаншалықты әлсіз екенін және олардың жанында әрдайым қамқор, сезімтал әрі қолдау көрсетуге дайын ересектердің болуының маңыздылығын терең түсінуге көмектеседі.
Қазақстанда қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен жасөспірімдердің бар екенін түсіне отырып, Юлия былай деп сенеді: біздің ортақ міндетіміз – олардың құқықтарын қорғап қана қоймай, сапалы білім мен зорлық-зомбылықсыз бақытты балалық шаққа жағдай жасау.
«Бүгін балаларға көмек көрсете отырып, біз еліміздің жарқын әрі мықты болашағын құрамыз. Мен әрбір баланың сүйіспеншілікке, қауіпсіздікке және құрметке толы ортада өскенін қалаймын», – дейді ол.
UNICEF Консультативтік кеңесінің мүшесі ретінде Юлия Энгельман балалардың құқықтарын қорғау мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды дамыту мен қолдауға өз үлесін қосып келеді. Оның тәжірибесі бизнес көшбасшылығын, психологиялық практиканы және белсенді қоғамдық қызметті біріктіреді.
Майра Турғанова
Майра Турғанова – Қазақстандағы балалардың ғылыми ойлауын, шығармашылығын және қызығушылығын дамытуға бағытталған Алматы қаласындағы Балалар ғылыми музейінің жетекшісі. Сонымен қатар, ол Алматы қаласы әкіміне мәдениет саласы бойынша кеңесші ретінде қызмет атқарып, қаланың мәдени және білім беру кеңістігін дамытуға үлес қосуда.
Кәсіпкер әрі қоғам қайраткері ретінде Майра «Bateel Kazakhstan» компаниясының негізін қалаушы және бас директоры, сондай-ақ Қазақстан Бочча федерациясының вице-президенті болып табылады. Ол «Qeleshek» (балалар параспорты) және «Тең мүмкіндіктер әлемі» қайырымдылық ұйымдарының қамқоршылық кеңесінің мүшесі.
Майра Париждегі American University of Paris және Гарвард университетінің түлегі. Қоғам мен бизнеске қосқан зор еңбегі үшін ол «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған.
Бес баланың анасы ретінде Майра әрбір баланың білімге тең қолжетімділігі мен ерте жастан әлеуетін ашуға мүмкіндік алуына сенеді. Ол балалардың қызығушылығын оятып, инклюзивті және шабыттандыратын білім беру ортасын қалыптастыру арқылы болашақ ұрпақтың ізденімпаз, мейірімді және табысты болып өсуіне үлес қосуда.
Майра Мұхамедқызы
Майра Мұхамедқызы – қазақ вокал өнерінің ең жарқын тұлғаларының бірі. Сахнадағы отыз жыл ішінде ол елуге жуық опералық партияны және жүздеген қазақ халық әндерін орындап, нағыз «Қазақтың бұлбұлы» атағына ие болды. Оның концерттері Лондондағы Cadogan Hall, Нью-Йорктегі Carnegie Hall және Қытайдағы Zhongshan Hall сияқты әлемнің ең беделді сахналарында үлкен табыспен өтті. Пласидо Домингоның шақыруымен ол Вашингтон ұлттық опера театрында аңызға айналған Мирелла Френиімен бірге өнер көрсетті. Чайковский байқауында бірнеше халықаралық конкурстардың лауреаты ретінде ол әлемдік опера тарихында өз орны бар өнер иесі.
Бүгінде Майра Мұхамедқызы мол шығармашылық тәжірибесіне сүйене отырып, Шымкент қалалық опера және балет театрын басқарады және жаңа буын артистеріне шабыт береді.
ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесінің мүшесі ретінде ол балалардың өнерге қолжетімділігін арттыруға, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға және мәдени мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдауға ынталы.
Байланыс ақпараты
Қосымша ақпарат алу үшін Кеңес үйлестірушісімен хабарласуыңызды сұраймыз:
Алыбекова Мейрамгуль
Email: [email protected]
Телефон: +77770027075