БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы Өкілінің орынбасары
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы Өкілінің орынбасары – Милена Харизанова
Милена Харизанова 2026 жылдың тамызында ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілінің орынбасары болып тағайындалды. Ол Еуропа, Орталық Азия, Африка елдерінде және гуманитарлық дағдарыс жағдайларында балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік саясатты реформалау және бағдарламаларды басқару саласында 28 жылдан астам халықаралық тәжірибеге ие. Өзінің кәсіби қызметі барысында ол ауқымды әлеуметтік трансформация бастамаларына жетекшілік етті, балаларды қорғаудың ұлттық жүйелерін нығайтты және бала құқықтарын ілгерілету мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін реформалауда үкіметтерге жан-жақты қолдау көрсетті.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ командасына қосылғанға дейін Харизанова ханым ЮНИСЕФ-тің Польшадағы босқындардың қажеттіліктеріне ден қою кеңсесінде Балаларды қорғау бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды. Онда ол Украинадағы соғыстан зардап шеккен босқын балалар мен олардың отбасыларына көмек көрсету шараларын үйлестірді. Оның стратегиялық басшылығымен балаларды қорғау жүйелерін күшейтуге, төтенше жағдайларда балаларды қорғауға, психикалық денсаулықты сақтау мен психоәлеуметтік қолдау көрсетуге, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және олардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылды.
Бұған дейін Харизанова ханым Либерия мен Грузиядағы ЮНИСЕФ өкілдіктерінде балаларды қорғау бағыты бойынша басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. Ол үкіметтер мен серіктестерге бала құқықтарын қорғау реформалары, әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту, балаларға мейірімді сот төрелігін енгізу, зорлық-зомбылықтың алдын алу және мүгедектігі бар балаларды қоғамға тарту (инклюзия) бойынша стратегиялық және техникалық кеңес беріп отырды.
2008–2018 жылдар аралығында ол Болгариядағы ЮНИСЕФ өкілдігінде жұмыс істеп, балалардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформаларды ілгерілетуде, соның ішінде интернаттық мекемелерден жергілікті қауымдастықтар деңгейіндегі әлеуметтік қызметтерге көшуде (деинституционализация) жетекші рөл атқарды. Сонымен қатар ол босқындарға көмек көрсету шараларына үлес қосып, бірқатар елдердегі ЮНИСЕФ бағдарламаларына техникалық қолдау көрсетті.
ЮНИСЕФ-ке дейін Харизанова ханым Болгарияның Еңбек және әлеуметтік саясат министрлігінде Дүниежүзілік банктің Балалардың әл-ауқатын реформалау жобасын басқару тобының жетекшісі болды. Бұл жоба елдегі заманауи балаларды қорғау жүйесі мен қауымдастық деңгейіндегі әлеуметтік қызметтердің негізін қалады. Сондай-ақ ол университет оқытушысы, зерттеуші, кеңесші әрі азаматтық қоғам сарапшысы ретінде әлеуметтік саясатты жетілдіруге және бала құқықтарын қорғауға елеулі үлес қосты.
Харизанова ханым — Болгария азаматы, София университетінің әлеуметтану мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар магистрі дәрежесіне ие. Оның ана тілі — болгар тілі; ол ағылшын тілін еркін меңгерген, сондай-ақ орыс және испан тілдерін жұмыс барысында кәсіби деңгейде қолдана алады.