Тәлімгерліктен терезесі тең диалогтарға
Инклюзивті аралас білім берудің онлайн-курстары мұғалімдерді қалай шабыттандырады және олардың цифрлы дағдыларын қалай дамытады
Инна Жилевская – 27 жылдық тәжірибесі бар биология пәнінің мұғалімі. «Мектепте жұмыс істеген жылдарымның барлығында бір рет те мен өз орнымда емеспін-ау деген ой немесе оқиға болмапты», – дейді ол. Инна өз жұмысынан ләззат алады десек те, бірақ соңғы жылдары – COVID-19 пандемиясының таралуына байланысты – оның жұмысы оқушылары мен әріптестерінен толық оқшаулануға, жұмыс күнінің тұрақсыздығына, онлайн-сабақтар барысындағы техникалық ақауларға, цифрлы білім беру құралдарының көптігіне толы болды. Риддердегі биология пәнінің мұғалімі үшін осының бәрін еңсерудің бір құралы – Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен өткізілген инклюзивті аралас оқытудың қарқынды онлайн-курсы еді.
Инна Владимировна өзінің жұмысы – №1 мектеп-лицейіңдегі орны туралы кәдімгідей жылышырайлана айтады. Оның айтуынша, білім ордаларында кездейсоқ адамдар жоқ, ал балалар «қоғамдық өмірде де және сабақтарда да белсенді».
«Лицейде маған бәрінен бұрын не ұнайды? Білесіз бе, адамдар жұмыс істейді және қашан да бір біріне көмектесуге дайын», – деп сөзін жалғастырды ол. Инна Владимировнаға ұжымның методикалық тұрғыдағы қолдауы көмектесіп, соңғы нәтижесінде барлық оқушымен – оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балалармен тіл табыса білді (ЕБҚ).
Жилевскаяның қызметтік тізімінде – аутизм, дислексия, балалар церебральды сал ауруына шалдыққан және басқа да интеллектуалдық дамуында ауытқулары бар балалармен жұмыстар бар. Инна Владимировна кейбір балалармен үйде жұмыс істесе, басқалары мектепке өздері келеді.
«Оларды бөлмей, барлығы кәдімгі сыныптарға қабылданған. Меніңше, инклюзивтілік дәл осы жерде көрінеді», – деп еске алады биология мұғалімі өзінің №16 орта мектептегі жұмысы туралы.
Сол тәжірибе педагогты оқушылардың ерекшеліктеріне мән бермеуге және оқу процесі кезінде туындайтын объективті қиындықтарға түсіністікпен қарауға үйретсе керек.
Инна Владимировнаға сабақ болған енді бір маңызды жәйт, осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің мектептерінде сыныптардағы оқушыларды олардың сабақ үлгеріміне қарай, топтарға бөлу тәжірибеге енгізіле бастаған болатын.
«Мен қанша тырыссам да, маған осындай әдіс мүлде ұнамай қойды. Психологиялық ахуал бұзылады, балалар мұның бәрін біледі және сезеді, сондықтан мұндай форма маған ұнамайды. Мен осыны [әдіс] – аралас құрамдағы топтарға қатысты қолданамын», – дейді өзінің педагогикакалық тәжіриесі жайлы Жилевская.
«Инклюзивті аралас білім беру жөніндегі онлайн-курсқа қатысу тек қана балаларды білім беру процесіне тартудың әдістерінің қатарын байытты», - деп атап өтті Инна Владимировна.
ЮНИСЕФ-тің қолдауымен 3 күндік курсты «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі бастауыш және орта мектеп мұғалімдеріне инклюзияның негізгі ұғымдарын меңгерту мақсатында әзірледі. Мұғалімдерге арналған сабақтар отандық okoo.kz білім беру платформасында өткен.
Теориялық білімнен басқа, Инна Владимировна Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген әріптестерімен бірге ЕБҚ бар балалармен жұмыс істеудің практикалық әдістерін, сонымен қатар аралас оқытуға арналған цифрлы білім беру құралдарының кең спектрін алды. 2021 жылдың қарашасынан 2022 жылдың наурызына дейін онлайн-курсқа республиканың 11 облысынан 11 мыңнан астам мұғалім қатысты.
«Меніңше, ұсынылған материалдың көлемі, өте оңтайлы болды. Маған видеолардың сапасы ұнады. [Жаттықтырушылар] сөз саптаулары жақсы, дауыстары жағымды әрі ырғақты», - дейді Жилевская өзінің курстан алған әсерлері жайлы.
Оның қатысушыларға оқу процесінде материалды меңгеру режимін өз бетінше анықтау мен әртүрлі іс-әрекетті кезектестіру тапсырылғанына ерекше көңілі толады. «Педагогикалық тұрғыдан алғанда бұл өте тиімді сәт», – дейді Инна Владимировна. Нәтижесінде онлайн курсқа тіркелген мұғалімдердің 80%-ға жуығы дерлік курсты соңына дейін сәтті аяқтады. Инклюзивті білім беру саласында өздерінің білімін «өте жақсы» деп бағалаған қазақстандық мұғалімдердің саны үш есеге артты*.
Жилевская өзін соңғысына батыл түрде жатқыза отырып: «Үлкен пайдасы [онлайн-курс туралы], әрбір бала мен адамның тең мүмкіндіктеріне деген менің де түсініктерім кеңейді. Менде шындығында да инклюзия – бұл мүгедек балаларды денсаулығы бойынша (дене, психикалық) жалпы ортаға тарту, олардың әлеуметтенуі деген түсінік болды», - дейді. Енді Инна Владимировна «инклюзия» ұғымы мұнымен шектелмейтінін және «әр түрлі жастағы, әртүрлі буындағы, әртүрлі әлеуметтік жағдайдағы, әртүрлі білім деңгейлерімен, әртүрлі материалдық қамтамасыз етілген адамдар арасындағы өзара түсіністікті қамтитынын» түсінеді.
Инна Владимировна осы кәсіби нюанстарды әріптестерімен талай талқылады, өйткені онлайн курс оған осындай мүмкіндік берді. «Басқа мұғалімдермен тікелей байланыс - осы курстардың үлкен артықшылығы. Адамдар өз мектептерінде не болып жатқаны туралы ой бөлісті. [Мұғалімдер] әртүрлі болды: оқу барысында балалары аз (ЕБҚ бар) және мұндай балалар көп болғандар сабақ береді», - дейді мұғалім. Ол әсіресе, стереотиптер туралы пікірталас ерекше эмоционалды болғанын еске түсіреді: білім беру үдерісіне қатысушылар мүгедек балалар мен мүгедектігі жоқ балалардың бірлескен оқуын қалай әртүрлі қабылдайды.
Бүгінгі таңда Инна Владимировнаның ЕБҚ бар бір ғана оқушысы – БЦП-ға шалдыққан ұл бала үйінде оқиды және ойын ауызша жеткізудегі кейбір қиындықтарға қарамастан, «өте лайықты оқиды». Жилевская онлайн-курстан кейін өздерінің қарым-қатынасының қалыптасқан жүйесін өзгерту қажеттігі туралы ойланғанын мойындайды: «Менде сабаққа жаңа нәрсе енгізуге деген қызығушылық оянды, кейбір нюанстарда мінез-құлқымды, көзқарасымды өзгерту үшін – кәдімгі сабақ беретін, қысым көрсететін, оқушының төбесінен төніп тұратын тәлімгердің орнына аздап диалог элементтерін қосуды, басқа тәсілдер мен әдістерді қолдануды ойладым».
Сондай-ақ, мұғалімнің цифрлы құралдары Zoom, Google Classroom, LearningApps сынды басқа да бірнеше отандық платформаларымен толықты.
«Мен пайдаланушы ретінде өзім үшін өте көп прогрессивті дүниелерді білдім. Қазір біз офлайн оқуға қайта қосылған кезде, платформаларда ғана емес, материалды сол жерден шығарып, оны қоса [сабақта] пайдалана аламыз», - дейді Инна Владимировна. Ол жаңа онлайн құралдарын меңгеру, өзін-өзі бағалауды ғана емес, сонымен бірге шындығында шабыттандыратынын мойындайды. «Маған жаңа идеялар келе бастағанын түсінесіз бе? Бұл бір таза ауа жұтқан сияқты», – дейді сұхбаттасушы.
Инна Владимировна жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері инклюзивті аралас білім беру бойынша онлайн-курстардан барынша көптеп өтуін шын ниетімен қалайды. Оның ойынша, педагогикалық қауымдастық пен жекелеген мектептерде инклюзивті орта құра алатын және бұл үшін бір-біріне көмектесуге қабілетті жақтас топтар тек осылай ғана пайда болады. Жилевская қазір мұндай жұмыстардың қажет екендігіне күмән келтірмейді.
«Қоғам ішінде адамдарды алалайтын нюанстарға ерекше назар аударып, ата-аналарды, мұғалімдер мен балаларды өзара біріктірудің жолдарын іздеу керек», – деп ерекше атап өтті ол.