Адами капиталға инвестиция құю: ЮНИСЕФ, ҰСБ және Түркістан облысының әкімдігі өңірдің әрбір баланың мүддесі үшін тұрақты дамуының басымдықтарын айқындады

22 Қыркүйек 2025
ЮНИСЕФ, Всемирный банк и руководство Туркестанской области определили приоритеты устойчивого развития в интересах детей
UNICEFKazakhstan/2025/Credits: Turkestan akimat

ТҮРКІСТАН, 2025 жылғы 19 қыркүйек — Қазақстанда халық саны жағынан көш бастап тұрған Түркістан облысы әкімдігінде әкім Нұралхан Көшеровтің БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы Өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвармен және ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) басшылығымен ресми кездесуі өтті. Кездесудің басты тақырыбы – экономикалық өсімді әрбір баланың жарқын болашағын құруға бағыттау жолдары болды. Талқылауға балалар мен жастардың жағдайы туралы өзекті деректер негізінде дайындалған өңірдің әлеуметтік-экономикалық портфолиосы арқау болды.

Тараптар Мультииндикаторлы кластерлік зерттеудің (МИКС) деректері маңызды шешімдер қабылдау үшін шынайы әрі нақты негіз болатынын атап өтті. Доктор Сарвар әкімдік пен ҰСБ-ға деректерге сүйенген диалогқа ашықтығы үшін алғыс айтты. Ол мұны мықты көшбасшылықтың және бала құқықтарына деген бейілділіктің көрінісі деп бағалады.

Талдауға сәйкес, Түркістан облысы айтарлықтай экономикалық динамиканы және әлеуметтік саладағы елеулі жетістіктерді көрсетіп отыр. Өңірдің нақты жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 8,1%-ға өсті, ал соңғы он жылда мұнда халықтың нақты табыстарының елдегі ең жоғары өсімі тіркелді. Денсаулық сақтау саласында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілді: 10 жыл ішінде 5 жасқа дейінгі балалар өлім-жітімі екі есеге азайды, вакцинациямен қамту республикалық көрсеткіштерден асады, ал босанғаннан кейінгі аналар мен жаңа туған нәрестелерге патронаж көрсету деңгейі елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады. 0-5 жас аралығындағы балалардың бой тежелуі және салмақтың аз болуы сияқты тамақтану көрсеткіштері республика бойынша орташа деңгейден төмен. Сонымен қатар, Ерте жастағы балаларды дамыту индексі елдегі ең үздіктердің бірі: 2-4 жас аралығындағы 10 баланың 8-і өз жасына сәйкес дамып келеді.

Осы жетістіктер негізінде диалог барысында одан әрі бірлескен жұмыс үшін өсу нүктелері айқындалды. Өңірде балалар кедейшілігінің жоғары деңгейі (11,3%) сақталғандықтан, осал топтағы отбасыларды қолдау мәселелері ерекше назар аударуды қажет етеді. МИКС деректері бойынша, шамамен он баланың жетеуі тәрбиенің зорлық-зомбылық әдістеріне тап болатындықтан, балаларды қорғау және позитивті ата-ана болуды ілгерілету жөніндегі шараларды күшейту негізгі бағыттардың бірі болмақ.

Сондай-ақ талдау білім беру саласындағы осал тұстарды анықтады: Түркістан облысы балалардың оқу сауаттылығы деңгейі бойынша соңғы орында тұр. Бұл көбінесе отбасыларда балалар кітаптарының тапшылығымен және ата-аналардың дамытушы белсенділіктерге аз атсалысуымен байланысты.

Осы талдауға сүйене отырып, тараптар нақты қадамдарды белгіледі. Басымдықтар ретінде ерте дамыту, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою және позитивті ата-ана болуды ілгерілету бағдарламаларын енгізу айқындалды.

Сонымен қатар, Түркістан облысында жаңа волонтерлік бағдарлама іске қосылады. Оның алғашқы қадамы ретінде ЮНИСЕФ волонтерлері 25 ағаш отырғызды. Бұл бастама балалар мен олардың отбасылары үшін экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі жасыл орта қалыптастыруға бағытталған. Жалпы бағдарлама бала құқықтарын қорғау, инклюзия, тұрақты даму және цифрлық сауаттылық сияқты тақырыптарды қамтып, жастарды тарту жөніндегі ұлттық науқанның бір бөлігі болды.

Кездесу соңында доктор Рашед Мустафа Сарвар былай деп атап өтті:


«Біз Түркістан облысын зор жетістіктерге қол жеткізген және одан да үлкен әлеуетке ие өңір ретінде көреміз. Бүгінгі деректер ең маңызды инвестициялар – бұл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, сапалы білім беру және осал топтағы отбасыларды қолдау екенін көрсетеді. Дәл осылар өңірдің орасан зор адами әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. ЮНИСЕФ осы өмірлік маңызы бар жұмыста әкімдікке барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын».

Тараптар әріптестікті нығайтуға және бірлескен бағдарламаларды іске асыруға дайын екендіктерін растады. Бұл бағдарламалар Түркістан облысының барлық балалары үшін қауіпсіз, салауатты және дамытушы орта құруға бағытталған.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында өз қызметін жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өз серіктестерімен бірге 190 ел мен аумақта өз міндеттемелерін іске асыру үшін жұмыс істейді, бұл ретте әлеуметтік жағынан аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту мәселесіне ерекше назар аударады; бүкіл әлемдегі балалардың игілігі үшін.

ЮНИСЕФ қызметі туралы толығырақ www.unicef.org сайтында.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter парақшаларымызға жазылыңыз.