Қазақстан Республикасының Құрылтайында ЮНИСЕФ қолдауымен «Қазақстан балалары» депутаттық тобы ресми түрде құрылды
Жаңа парламенттік бастама озық халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, еліміздегі әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын қорғауды жүйелі түрде нығайтуға бағытталған.
АСТАНА, 2026 жылғы 27 қазан — Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің Екінші халықаралық форумы аясында депутат Дана Медеуованың жетекшілігімен Қазақстан Республикасы Құрылтайының «Қазақстан балалары» депутаттық тобы ресми түрде өз жұмысын бастады. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы парламенттік қызметті күшейтуге бағытталған бұл бастама БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен институционалдық тұрғыда бекітілді.
Аталған топты құрудың негізі 15 қыркүйекте депутат Дана Медеуова мен ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвардың жұмыс кездесуі барысында қаланған болатын. Сол кезде тараптар заңнамалық бастамаларды біріктіру қажеттігін талқылап, ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың келешегін айқындады.
Бастаманы әзірлеу барысында балалардың мүддесі жолындағы парламенттік жұмыстың халықаралық тәжірибесі, соның ішінде Жапония мен Корея Республикасының табысты тәжірибелері ескерілді. Бұл мемлекеттік басымдықтар мен Қазақстан балаларының қажеттіліктеріне сай келетін ұлттық үлгіні қалыптастыра отырып, әлемдік деңгейде тиімділігі дәлелденген тәсілдерге сүйенуге мүмкіндік береді.
«Қазақстан балалары» тобының қызметі балалардың құқықтары мен әл-ауқатына қатысты мәселелерді жүйелі түрде қарастыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға және өскелең ұрпақтың мүддесі үшін тиімді шешімдерді ілгерілетуге бағытталады.
ЮНИСЕФ депутаттық корпус үшін маңызды серіктес бола отырып, халықаралық сараптама ұсынады және бала құқықтары саласындағы озық тәжірибелермен алмасуға жан-жақты жәрдемдеседі.
«“Қазақстан балалары” депутаттық тобының құрылуы – бала құқықтарын қорғаудың институционалдық тетіктерін жоғары заңнамалық деңгейде нығайту жолындағы аса маңызды қадам. Біз осы бастама мен танытқан саяси ерік-жігері үшін Құрылтай депутаттарына шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқаты мемлекеттік саясаттың басты назарында болатын қолайлы ортаны қалыптастыруда парламентшілердің рөлі орасан зор. ЮНИСЕФ жаһандық сараптама мен үздік әлемдік тәжірибелерді ұсына отырып, бұл жұмысты толық қолдауға дайын», — деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар.
Депутаттық топтың жұмысы басталып кетті және қазір қарқынды жүргізілуде. Қараша айында ЮНИСЕФ-тің қатысуымен «Қазақстан балалары» тобының алғашқы бірлескен отырысын өткізу жоспарланған. Онда алдағы өзара іс-қимылдың басым бағыттары мен оларды жүзеге асырудың нақты практикалық қадамдары айқындалады.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.