ҚР ІІМ Қарағанды академиясында ЮНИСЕФ-тің қолдауымен кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстарды цифрлық технологиялар арқылы тергеуге арналған мамандандырылған аудитория ашылды
Тәжірибеге бағытталған жаңа аудитория балаларды зорлық-зомбылықтан және онлайн-қанаудан қорғау жөніндегі бірлескен бағдарлама аясында заманауи криминалистикалық жабдықтармен және бағдарламалық жасақтамамен жарақтандырылды.
- русский
- Қазақша
ҚАРАҒАНДЫ, 2026 жылғы 26 қыркүйек — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында «Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстарды тергеудің цифрлық технологиялары» атты мамандандырылған аудиторияның салтанатты ашылуы өтті.
Аудиторияның ашылуы Safe Online жаһандық қорының қаржылық қолдауымен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстан Республикасындағы Өкілдігі, ҚР Ішкі істер министрлігі және басқа да ұлттық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Қазақстанда балаларды онлайн-зорлық-зомбылықтан, қатыгездіктен және қанаудан қорғау» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Бұл аудитория кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстарды тергеу жөніндегі мамандарды практикалық тұрғыда даярлауға, соның ішінде цифрлық құрылғылармен және электрондық мәліметтермен жұмыс істеуге арналған заманауи жабдықтармен және техникалық құралдармен жарақтандырылған. Мұндағы құрал-жабдықтар цифрлық құрылғыларды табу, алып қою, сақтау және техникалық зерттеумен байланысты практикалық жағдайларды модельдеуге, сондай-ақ цифрлық айғақтармен жұмыс істеу дағдыларын шыңдауға мүмкіндік береді.
«Цифрлық технологиялардың дамуы тың мүмкіндіктер сыйлаумен бірге, балалардың қауіпсіздігіне де айтарлықтай қатер төндіруде. Кәмелетке толмағандарды цифрлық кеңістіктегі зорлық-зомбылықтан және жыныстық қанаудан қорғау құқық қорғау органдарынан мүлдем жаңа білім мен жоғары технологиялық дағдыларды талап етеді. Қазақстан ІІМ-мен серіктестікте және Safe Online жаһандық қорының қолдауымен осы мамандандырылған аудиторияның ашылуы — жаңа буын мамандарын даярлауға қосылған стратегиялық үлес. Мұнда болашақ және қазіргі тергеушілер балаларға мейірімді сот төрелігінің халықаралық стандарттарын басшылыққа ала отырып, озық криминалистикалық тәсілдерді меңгере алады», — деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі Рашед Сарвар Мұстафа.
Аудиторияның ашылуы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының әлеуетін арттыру және балаларға қарсы бағытталған қылмыстарды тергеу мамандарын даярлаудың орнықты жүйесін қалыптастыру бойынша кешенді жұмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Осы жұмыс шеңберінде:
- Мамандандырылған оқу бағдарламалары: Халықаралық сарапшылардың қолдауымен екі бағдарлама әзірленіп, енгізілді — қазіргі тергеушілер мен киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлеріне арналған біліктілікті арттыру курсы және Академия курсанттарына арналған негізгі курс. Біліктілікті арттыру курсы ІІМ-нің кәсіби даярлау жүйесіне енгізіліп, Қазақстанның әр өңірінен келген 20 тергеуші үшін сәтті өткізілді.
- Ұлттық жаттықтырушыларды (тренерлерді) даярлау: ІІМ жүйесінің оқытушылары үшін тренерлерді дайындау бағдарламасы (ToT) өткізіліп, аталған бағдарламалар бойынша дербес оқыту жүргізе алатын мамандар пулы жасақталды.
- Практикалық дайындық: Халықаралық сарапшының қатысуымен цифрлық криминалистика негіздері бойынша арнайы оқыту тренингі ұйымдастырылды.
Жаңа бағдарламалар мен инфрақұрылымның ҚР ІІМ Қарағанды академиясының тұрақты оқу үдерісіне кіріктірілуі бұл бастаманың институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз етеді және бүкіл ел көлемінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған тергеу тәжірибесін ұзақ мерзімді жетілдіруге септігін тигізеді.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.