«Әр балаға таза су, таза ауа»: ЮНИСЕФ Алматыда алғаш рет қайырымдылық гольф турнирін өткізді

14 Қыркүйек 2026
UNICEF Golf Tournament
UNICEF/Kazakhstan/2026/MikhailSitnikov

Алматы, 2026 жылғы 12 қыркүйек – БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі балаларды қолдау мақсатында бизнес, дипломатиялық корпус, спорт қауымдастығы өкілдерінің, меценаттар мен ЮНИСЕФ достарының басын қосқан еліміздегі алғашқы «Әр балаға таза су, таза ауа» атты қайырымдылық гольф турнирін өткізді.

UNICEF Golf Tournament жарысы Zhailjau Golf Resort аумағында «Мәнді ойнап, балалардың болашағын өзгертіңіз»ұранымен өтіп, 59 850 000 теңге көлемінде қаражат жинады. Жиналған барлық қаражат Қазақстан мектептерінде ауаны тазарту және суды сүзу жүйелерін орнатуға, сондай-ақ ауа мен ауызсудың сапасын мониторингілеуге бағытталады.

«Әрбір баланың қауіпсіз әрі салауатты ортада өсіп, білім алуға толық құқығы бар. Бүгінде Қазақстандағы балалардың 55%-ы су тапшылығының зардабын тартса, 25,5%-ы аптап ыстық, құрғақшылық, құм мен шаңды дауылдарды қоса алғанда, кем дегенде үш климаттық қатерге ұшырап отыр. Бұл балалардың денсаулығына, әл-ауқатына және толыққанды дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан күш-жігерімізді біріктіріп, әрбір баланың аман-есен өсіп, өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасау аса маңызды. Осы игі мақсатқа қолдау білдірген барлық қатысушылар мен серіктестерге шынайы алғысымызды білдіреміз», — деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі, д-р Рашед Мустафа Сарвар

Көптеген жылдар бойы әлемдік спорт аңыздары ЮНИСЕФ миссиясына қолдау көрсетіп, спорттың балалардың жарқын болашағы жолында адамдарды біріктіретін бірегей күшке ие екенін дәлелдеп келеді. Әр жылдары Дэвид Бекхэм, Лионель Месси, Ламин Ямаль, Роджер Федерер, Новак Джокович, Рори Макилрой және басқа да көптеген танымал спортшылар ЮНИСЕФ-тің достары мен Ізгі ниет елшілері атанды. Олардың өнегелі үлгісі миллиондаған адамды спортты оң өзгерістердің пәрменді құралы ретінде пайдалануға шабыттандырады.

Гольф-турнир
UNICEF/Kazakhstan/2026/MikhailSitnikov

Қайырымдылық шарасына ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Ізгі ниет елшісі, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова; әлемдік деңгейдегі опера әншісі, UNICEF Friend Мария Мудряк; қазақстандық сахнаның жаңа буын өкілі YERNAZAR, сондай-ақ теннисші Зарина Дияс қолдау көрсетті. Ал қайырымдылық кешін ерікті әрі өтеусіз негізде Сергей Мазур мен Қарлығаш Мұхамеджанова жүргізді.

Күн бойы қатысушылар Stableford форматындағы гольф турнирінде бақ сынаса, ойынды енді бастаған қатысушылар кәсіби нұсқаушылардың жетекшілігімен шеберлік сыныбынан өтті. Шара салтанатты қайырымдылық кешкі асымен, жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен және спорт пен мәдениет саласындағы бірегей лоттар қойылған аукционмен түйінделді. Қайырымдылық аукционының кураторы ретінде галерист әрі арт-продюсер Бауыржан Сагиев танылды.

Ракетка Рыбакиной
UNICEF/Kazakhstan/2026/MikhailSitnikov

Негізгі лоттардың қатарында — Елена Рыбакинаның теннис ракеткасы, Лионель Мессидің жеке қолтаңбасы қойылған жейдесі, XIX ғасырдың аяғына жататын ер-тұрманның алдыңғы қасы, сондай-ақ басқа да сирек кездесетін өнер туындылары мен ерекше тарихы бар құнды жәдігерлер болды.

Аукцион лоттарының сыйға тартушылары: Гаухар Ихлас, Ержан Алдар, Евгений Абу-Зейд, Бауыржан Сағиев, Зарина Дияс, Қазақстан теннис федерациясы, Динара Сәдуақасова, Михаил Шайдоров, Алпысбай Қазғұлов, Нодир Бобомуродов және Даут Шайхисламов. Лоттардың бірін Елдос Сметов Қазақстан дзюдо федерациясымен бірлесе ұсынды.

UNICEF Golf Tournament-тің бас серіктесі ретінде ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы алғашқы қайырымдылық турнирін қабылдаған Zhailjau Golf Resort болды. Шараның өтуіне серіктес ретінде: турнир бойы кейтеринг қызметін көрсеткен The Ritz-Carlton, Almaty; мерекелік кешкі асты ұйымдастырған Country Club мейрамханасы; турнир демеушісі Minthis Pafilia; техникалық қолдау көрсеткен AV Service және кеш барысында ұсынылған арнайы бейнероликтерді дайындаған Black & White Production командасы атсалысты.

Сонымен қатар іс-шараға Berik and Bayan Kaniyev Foundation, Zardozi VELADA Models Almaty, Bateel, Qkey, FLOBAR қолдау көрсетті. Ақпараттық серіктес ретінде Tatler Asia танылды.

Бұл турнир бизнес, қоғам белсенділері мен азаматтардың серіктестігі балалардың өмірін жақсартуға және олардың салауатты әрі қауіпсіз болашаққа деген құқықтарын қамтамасыз етуге зор үлес қоса алатынын айқын көрсетті.

*ЮНИСЕФ қандай да бір компанияны, брендті, өнімді немесе қызметті жарнамаламайды және ілгерілетпейді.

Мудряк
UNICEF/Kazakhstan/2026/MikhailSitnikov

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы 

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады. 

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org

Біздің InstagramFacebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.