Алматыда Almaty Youth Forum 2026 өтіп жатыр: Орталық Азияның жас көшбасшылары жасанды интеллект, климаттық технологиялар және әлеуметтік инновациялар саласындағы жобаларын ұсынды
- русский
- Қазақша
АЛМАТЫ, 2026 жылғы 10 тамыз — Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық еріктілер жылы аясында Алматы қаласының әкімдігі, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Алматы еріктілерінің фронт-офисі «Almaty Youth Forum 2026: Орталық Азия – тұрақты даму жолында» халықаралық жастар форумының ашылуын өткізді. Форум Орталық Азия елдерінің жас буыны арасында тәжірибе алмасуға, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және жастар бастамаларын ілгерілетуге арналған маңызды алаңға айналды.
Екі күндік форум бағдарламасы алты негізгі тақырыптық бағытты қамтиды: жасыл дағдыларды дамыту мен климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылдан бастап цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллектті қолдануға дейін. Қатысушылар министрліктердің өкілдері, жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары және халықаралық сарапшылар қатысатын панельдік сессияларға қатысады.
Форумның алғашқы күніндегі негізгі оқиғалардың бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында жаңа UNICEF Zhastary Hub жастар хабының құрылғаны туралы ресми жарияланып, ЮНИСЕФ пен университет арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Жаңа жастар хабы еріктілікті, жастар бастамаларын және тұрақты даму жобаларын дамытуға арналған алаңға айналады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алина Галеева:
«Біз үшін UNICEF Zhastary Hub-тың ашылуы – жастар көшбасшылығына салынған инвестиция. Университет тек білікті мамандарды даярлайтын орын ғана емес, қоғамға нақты пайда әкелетін бастамалар дүниеге келетін орта болғанын қалаймыз», – деді.
Ұйымдастырушылар практикалық воркшоптар мен TEDx форматындағы баяндамаларға ерекше назар аударды. Жастармен өз тәжірибесімен кәсіпкерлер, жасанды интеллект, қаржылық сауаттылық, тұрақты даму және инвестициялар тарту саласындағы сарапшылар бөлісуде. Олардың қатарында Үкілі Омарова (Soile AI), Күнекей Нұрлан, Жұлдыз Сәулебекова (Almaty Air Initiative) және Талғат Қантаев (Investbanq) бар. Форумның екінші күні Almaty Museum of Arts музейімен серіктестікте жастардың оң дамуына өнердің қосатын үлесіне арналған шығармашылық сессиялар, сондай-ақ кинорежиссер Айсұлтан Сейітовпен кездесу өтеді.
Форумның басты алаңдарының бірі Жастар жобаларының көрмесі болды. Қазақстан мен Қырғызстанның барлық өңірлерінен келіп түскен 211 өтінімнің ішінен 29 жастар жобасы финалға өтті. Жас жаңашылдар сарапшылар мен келушілерге жасанды интеллект, цифрлық қауіпсіздік, экология, инклюзивті білім беру, кәсіпкерлік, климаттың өзгеруі және тұрақты даму салаларындағы өз шешімдерін таныстырды.
Көрмеде ұсынылған ең жарқын бастамалардың қатарында GLOFcast жобасы бар. Бұл – жасанды интеллект пен спутниктік деректерді пайдалана отырып, мұздық көлдердің жарылу қаупін ерте анықтап, табиғи тәуекелдерді болжауға арналған жүйе. Сондай-ақ Samruq.AI жастар командасының өнеркәсіптік кәсіпорындардағы қауіпсіздікті арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын қолданатын әзірлемесі және автокөлік көлігінен бөлінетін көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға бағытталған инновациялық EcoTube шешімі ұсынылды. Бұл жобалар жастардың климаттың өзгеруі, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау сияқты өзекті мәселелерге практикалық шешімдер ұсына алатынын көрсетеді.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті:
«Орталық Азия жастары қазіргі заманның күрделі әлеуметтік сын-қатерлерін еңсеруге зор әлеуетке ие. Almaty Youth Forum сияқты алаңдарды қолдау арқылы біз өңірлік ынтымақтастықты нығайтып, жастарға өз идеяларын дамытуға, пікірлес жандарды табуға және өз қауымдастықтарындағы оң өзгерістердің көшбасшысына айналуға мүмкіндік беруге ұмтыламыз.»
Форум 11 тамызда Almaty Museum of Arts музейімен серіктестікте жалғасады. Қатысушыларды жастардың оң дамуы жолындағы өнердің рөлі, психикалық денсаулық және зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыптарына арналған пікірталастар, шақырылған спикерлермен кездесулер, шығармашылық шеберлік сабақтары, сондай-ақ жастар жобалары байқауының финалы күтеді. Форумның алғашқы күні көрме қонақтарының ең көп дауысын жинаған он команда өз бастамаларын сарапшылар қазыларына ұсынып, жобаларын одан әрі дамытуға қолдау алу үшін бақ сынайды.
Жастар жобалары байқауының жеңімпаздарының есімдері форумның екінші күнінің қорытындысы бойынша жарияланады. Үздік командалар өз бастамаларын одан әрі дамытуға және ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді менторлық қолдауға ие болады.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек:
«Бүгінде жастар үшін идеялардың нақты жобаларға айналатын, ал бастамашылдыққа мемлекет, халықаралық ұйымдар және бизнес тарапынан қолдау көрсетілетін орта қалыптастырудың маңызы зор. Almaty Youth Forum дәл осындай алаңға айналып, Қазақстан мен Орталық Азия жастарын тұрақты даму мен еріктілік құндылықтарының төңірегіне біріктіріп отыр», – деді.
Ұйымдастырушылар Almaty Youth Forum форумын Орталық Азияның жас көшбасшыларын біріктіретін жыл сайынғы өңірлік алаңға айналдыруды жоспарлап отыр. Оның мақсаты – болашағы зор идеяларды анықтап қана қоймай, олардың әрі қарай дамуына қолдау көрсету, жастар бастамаларының қоғам үшін нақты шешімдерге айналуына ықпал ету және өңір жастары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.