Алматыда ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық гала-кеші өтті: жиналған қаражат балаларды буллинг пен зорлық-зомбылықтан қорғауға жұмсалады
БҰҰ Балалар қорының 80 жылдығына арналған қайырымдылық кеші бизнес, дипломатиялық қауымдастық және мәдениет өкілдерін біріктірді. Аукционға 21 бірегей лот қойылды.
Алматы, 2026 жылғы 20 қараша. — Алматыда БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) 80 жылдығына арналған UNICEF Anniversary Gala «The Light Within» қайырымдылық гала-кеші өтті. Кеш Қазақстан балаларын буллинг пен зорлық-зомбылықтан қорғауға қаражат жинау үшін бизнес өкілдерін, меценаттарды, дипломаттар мен мәдениет қайраткерлерін біріктірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша 502 950 000 теңге жиналды. Барлық қаражат мектептердегі буллингтің алдын алуға және зорлық-зомбылық көрген балаларға көмек көрсету жүйесін нығайтуға бағытталады.
Жиналған қаражат неге жұмсалады
ЮНИСЕФ қайырымдылық кешінде жиналған қаражат мектептердегі буллингтің алдын алу және зорлық-зомбылық көрген немесе оның куәгері болған балаларға көмек көрсету бағдарламасына жұмсалады. ЮНИСЕФ бағдарламаны Қазақстан Үкіметімен бірлесіп іске асырады.
Бағдарлама 1 млн бала мен жасөспірімді буллингтің алдын алу және қауіпсіз орта қалыптастыру жөніндегі мектеп іс-шараларымен қамтуды, сондай-ақ педагогтарды, психологтарды, заңгерлерді, судьялар мен полиция қызметкерлерін қоса алғанда, 15 мың маманның біліктілігін арттыруды көздейді. Оқыту зорлық-зомбылық белгілерін ерте анықтауға және балаларға уақтылы көмек көрсетуге арналады.
Бала құқықтарын қорғау жөніндегі барлық 20 өңірлік басқармада бағдарлама балалар мен отбасыларды сүйемелдеуді және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсартуға көмектеседі. Зорлық-зомбылық көрген немесе оның куәгері болған балаларға көмек көрсететін 20 орталықта мамандардың жұмысы «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Бұл балаларға қажетті қолдауды тезірек алуға мүмкіндік береді және қайта жарақаттану қаупін азайтады.
Жиырма бір лот — жиырма бір тарих
Кештің басты оқиғаларының бірі 21 лотты біріктірген қайырымдылық аукционы болды. Олардың арасында қазақ және әлемдік сәндік-қолданбалы өнер туындылары, зергерлік бұйымдар, коллекциялық заттар және белгілі адамдардың жеке заттары бар.
Қонақтарға Рахимбаевтар отбасы коллекциясындағы Ай метеоритінің бөлшегі, Маңғыстаудан шыққан 1950-жылдардағы әшекейлі асадал-сандық, Тамерлан Тлестің «Томиристен шабыттанған» қола мүсіні және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенованың жеке коллекциясындағы күміс білезік ұсынылды.
Көркем лоттар қатарында Адиль Аубекеровтің «Маңғыстау» картинасы, Сальвадор Далидің «Тристан мен Изольда» графикалық жұмысы, суретші Гаухар Бисенгалиеваның «Самал» киіз панносы, сондай-ақ көне тоқыма бұйымдар — кестелі тұскиіз бен Арал өңірінен шыққан қолдан тоқылған кілем болды.
Аукционның жеке бөлігін зергерлік бұйымдар мен дизайнерлік аксессуарлар құрады: Nómada коллекциясындағы Carrera y Carrera алқасы, Bvlgari брендінің Divas’ Dream әшекейі, Jimmy Choo Raindrops кешкі сөмкесі, Mini Pavé Wild Flower коллекциясындағы GRAFF кулоны және So Move коллекциясындағы Messika төсбелгісі.
Басқа лоттар қатарында ақын Фариза Оңғарсынованың жеке заттарынан Parker қаламы, Олжас Сүлейменовтің қолтаңбасы бар кітаптар жинағы және ойыншылардың қолтаңбасы қойылған «Реал Мадрид» футбол клубының 2024/25 маусымындағы үй ойын жейдесі бар.
ЮНИСЕФ қайырымдылық аукционына лоттарды Рахимбаевтар отбасы, Толымбек отбасы, Фариза Оңғарсынованың отбасы, Вера Брежнева, Бибігүл Төлегенова, Тамерлан Тлес, Адиль Аубекеров, Айнұр Боранбай, Наталья Кривец пен Тьерри Плезан, BE WOMAN-мен бірлесіп Наталья Водянова, Данагүл Төлепбай, Гаухар Бисенгалиева, Арманжан Байтасов және Лаура Адамова (Living Atmosphere) ұсынды. Сондай-ақ лоттарды Constella, Sansi, Jimmy Choo, VILED Group (Graff зергерлік үйі), Messika Kazakhstan, Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігі және Нұрлан Смағұлов қоры ұсынды.
Балалық шақты қолдауға арналған кеш
Кештің тақырыбы — The Light Within — әр бала қамқорлыққа, қорғауға және өз әлеуетін ашуға мүмкіндікке лайық деген идеяны білдіреді. Гала-кеш бала құқықтары мен әл-ауқатын қорғау бастамаларын қолдауға дайын адамдар мен ұйымдарды біріктірген алаңға айналды.
«Әр баланың бойында өз нұры бар — ол қызығушылық, мейірімділік, талант және арман. Баланың зорлық-зомбылықтан, қорлаудан және буллингтен қорықпай өсуіне жағдай жасау — біздің ортақ жауапкершілігіміз», — деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі д-р Рашед Мустафа Сарвар.
2026 жылы ЮНИСЕФ құрылғанына 80 жыл толады. Ұйым БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1946 жылғы 11 желтоқсанда құрылды және бүгінде 190-нан астам елде және аумақта жұмыс істейді. Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияға 1994 жылы қосылды. ЮНИСЕФ 30 жылдан астам уақыт бойы Қазақстандағы мемлекетпен және серіктестермен бірлесіп, балалар мен отбасылардың құқықтарын қорғау және өмір сапасын жақсарту үшін жұмыс істеп келеді.
ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық гала-кештері Қазақстанда 2024 жылдан бері өтіп келеді. Астанада өткен алғашқы кеште ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың цифрлық инклюзиясын дамытуға 92 млн теңге жиналды. 2025 жылы Алматыда өткен Dreams Without Borders кешінде 283 млн теңге жиналды. Бұл қаражат бес пилоттық өңірде балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қолдауға арналған «Сенімді дос» бағдарламасын іске асыруға көмектесті.
Бағдарлама аясында білім беру және денсаулық сақтау саласының 195 мың маманы оқудан өтті. 150 мыңнан астам бала әлеуметтік және эмоционалдық дағдыларын нығайтты, ал тәуекел тобындағы 10 мыңнан астам бала кәсіби қолдау алды. Оқытылған мамандар 1754 баладан ықтимал суицид қаупін анықтап, уақтылы қажетті көмек көрсетті.
Қайырымдылық кеш осы дәстүрді жалғастырып, бизнес пен қоғамның күшін ортақ мақсатқа — балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға және олардың қауіпсіз әрі толыққанды дамуына жағдай жасауға біріктірді.
ЮНИСЕФ кештің бас серіктесі «Integra Construction KZ» ЖШС-не, гала-кешті қабылдаған The Ritz-Carlton, Almaty қонақ үйіне және ресми серіктестерге — «„Халық“ қайырымдылық қоры» жеке қорына және AV Service компанияларына алғыс білдіреді.
ЮНИСЕФ сондай-ақ қолдау көрсеткені үшін Динара Сәдуақасованың шахмат академиясына, KETROY, «Еуразиялық банк» АҚ, inDrive, «Creative City» ЖШС, INVICTUS, Black&White Production, Esentai Mall сауда орталығына, «MYD Production» ЖШС, «Change PR» ЖШС, STEPPE редакциясына, «Tatler Kazakhstan» ЖШС, «Курсив» редакциясына, Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығына, «DKNews.kz» халықаралық ақпарат агенттігіне, The St. Regis Astana, Sheraton Astana Hotel және Rixos Borovoe қонақ үйлеріне, «Show screen» ЖШС, Under Control, Нұрбек Қадырбергенге, VELADA, KINRAI BAND, Qkey және GAMI би мектебіне алғыс айтады.
ЮНИСЕФ ешбір компанияны, брендті, өнімді немесе қызметті қолдамайды.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.