Кіші жастағы балаларды дамыту
Өмірдің алғашқы жылдары – әр баланың өміріндегі ең маңызды кезең. Осы уақытта оның әрі қарай дамуының және аман-сау болуының негізі қаланады

Мәселе
Қазақстанда 2008 жылдан бері, мемлекет баланы тірі туудың халықаралық қағидаттарына көшкенде, балалар арасындағы өлім-жітімді қысқартуда айтарлықтай ілгерілеу орын алды. Нәрестелік кезеңдегі өлім-жітім көрсеткіштері 50%-ға қысқарды. Өлім-жітімнің азаюы көбінесе халықтың әл-ауқаты жақсаруымен және денсаулық сақтау шығындарының ұлғаюымен түсіндіріледі. 2011 жылдан бері бүкіл елде «балалық жастағы сырқаттарды біріктірілген жүргізу» (БЖСБЖ) және «қауіпсіз жүктілікті қамтамасыз ету» (ҚЖҚЕ) стратегиялары енгізіліп, кеңінен таратылды. Аталмыш көркеткіштердің төмендеуіне аналарға, жаңа туылған нәрестелерге және кіші жастағы балаларға шұғыл көмек көрсетуді жақсарту есебінен қол жеткізілді.
Айтарлықтай төмендегеніне қарамастан, Қазақстанда нәрестелер өлімі әлі де болса өзекті. Өңірлерде босануға дейін және кейін күтім көрсету және науқас болып туылған нәрестелерге көмек көрсету бағдарламалары жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс жасай алмай жатыр.

Шешім
Балалардың сырқаттануына және көз жұмуына апаратын қауіп-қатерлердің жартысына дерлігін босануға дейін және кейін тиімді күтім көрсету және ата-аналардың кіші жастағы балаларын тәрбиелеу дағдыларын жетілдіру арқылы алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету жүйесі аясында тиімді жоюға болады. ЮНИСЕФ балаларды ерте жастан дамытуға қолдау көрсету мақсатында медициналық қызметкерлердің дағдылары мен біліктілігін арттыру үшін техникалық көмек береді.
ЮНИСЕФ пен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің ортақ ірі жобасы болып үйде патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап озық моделін енгізу табылады. Әмбебап озық модель көптеген жылдар бойы және түрлі тұстарынан өз артықшылығын дәлелдеді. Модель балалар мен нәрестелер өлімі-жітімін, шала туылуды және сырқаттануды азайтуға бағытталған. Үйде қызмет көрсету баланы жан-жақты дамытуға, балалар жарақаттанушылығын азайтуға, отбасындағы қарым-қатынастарды жақсартуға септеседі. Оған қоса, аталмыш модель әлеуметтік жағынан ұрымтал және оқшау қалған отбасыларды денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелеріне қатыстырады.
Патронаж мейірбикесі ата-аналарға балаға дұрыс күтім көрсетуге қатысты нұсқаулар мен көмек беріп қана қоймай, балақайдың бойынан ықтимал ұрымталдық анықталған жағдайда отбасын сүйемелдейді. Патронаж мейірбикелері жүктіліктен бастап, бала бес жасқа толғанға дейін бала мен ананың қажеттіліктеріне жіті көңіл бөледі.
2016-2017 жылдары Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жүкті әйелдерге және 5 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға патронаж қызметтерін көрсетудің жаңа моделі сынақтан сәтті өтті.
Қазақстан үшін бірегей әмбебап озық патронаж моделі екі жылдан да аз уақыт ішінде сынақ жүргізілген аумақтарда елеулі нәтижелер көрсетті.
