Алматыда ЮНИСЕФ-тің Жастар хабы ашылды: оның бағдарламасын жастардың өздері қалыптастырады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында бой көтерген жаңа хаб жастарға білім алуға, қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамытуға және өз өмірлеріне тікелей әсер ететін мәселелерді шешуге мол мүмкіндік береді.
АЛМАТЫ, 2026 жылғы 2 қараша – Қорлау мен буллингке тап болған қатарласыңа қалай қолдау көрсетуге болады? Өз еріктілік жобаңды неден бастаған жөн? Қаланы қалай жасыл әрі жайлы етуге болады және жастардың үні шешім қабылдаушыларға жетуі үшін не істеу керек? Алматы қаласы әкімдігінің серіктестігімен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Farabi Cluster» инновациялық кластері аумағында ашылған жаңа ЮНИСЕФ Жастар хабында жастар осы және басқа да өзекті сауалдардың жауабын бірлесе іздейді.
Бұл хаб – балалар мен жастардың игілігіне бағытталған білімді, еріктілер қозғалысын және жасампаз бастамаларды бір арнаға тоғыстыратын орталық. Мұнда тұрақты кездесулер, практикалық шеберлік сабақтары, кеңестер мен сарапшылармен ашық пікірталастар ұйымдастырылады. Қатысушылар ортақ мүддедегі пікірлестерін тауып, команда құра алады және алған білімдерін мектептерде, университеттерде және өз қауымдастықтарында іс жүзінде қолданады.
«Жастар өздері мен қатарластары күнделікті өмірде қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп отырғанын жақсы түсінеді. Олардың тың идеялары бар және олар нақты әрекет етуге әркез әзір. Біздің басты міндетіміз – оларға білім беріп, қолдау көрсету және маңызды шешімдерге ықпал етуіне мүмкіндік туғызу. Бұл хаб жастардың өмірлік дағдыларын шыңдап, өз күшіне деген сенімін бекемдейтін және бастамаларын қоғам игілігіне айналдыратын сенімді тірек болады деп сенеміз», – деп атап өтті Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілінің міндетін атқарушы Милена Харизанова.
Хаб үш негізгі аймаққа бөлінген: білім алуға, цифрлық контент жасауға және еркін қарым-қатынас пен пікір алмасуға арналған кеңістіктер. Қатысушылар мұнда ақпараттық материалдар әзірлеп, жаңа дағдыларды меңгереді және болашақ жобаларын талқылайды. Хаб қызметінің негізгі бағыттары – бала құқықтары, менталды саулық пен әл-ауқат, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, цифрлық ортадағы қауіпсіздік, салауатты өмір салты және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін қамтиды.
Ашылған алғашқы күннен бастап жастар хабтың болашақ бағытын өздері белгілеуге шақырылды. Іс-шара бағдарламасында еріктілік пен білім беруден бастап, шығармашылық пен әлеуметтік инновацияларға дейінгі жеті бағыт бойынша бірлескен жұмыс ұйымдастырылды. Қатысушылардың ұсыныстары мен дауыс беру қорытындылары алдағы жұмыс жоспарының өзегіне айналады.
Сондай-ақ хаб жұмысына жастардың тұрақты әрі толыққанды қатысуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы Жастар кеңесі құрылады. Оның мүшелері бағдарлама мазмұнын айқындауға, шараларды ұйымдастыруға, әріптестік байланыстарды орнатуға және қатарларына жаңа қатысушыларды тартуға белсене атсалысады.
«Университет – жастарға батыл тәжірибе жасауға, тың бағыттарды зерттеуге және өмірдегі өз соқпағын табуға жол ашатын білім ордасы. Бұл хабты ЮНИСЕФ-пен бірлесе аша отырып, біз студенттердің алған білімін қоғамдағы нақты түйткілдерді шешуге бағыттауына кең өріс ашамыз. Бұл орта ұйымшыл командалар тоғысатын, соны ойлар туындайтын және жастардың сол идеяларды іске асыру жолында жауапкершілікті сеніммен өз мойнына алуына сенім ұялататын кеңістікке айналсын дейміз», – деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов.
Алматыдағы орталық – ЮНИСЕФ-тің Астана, Шымкент, Ақтау, Семей және Көкшетау қалаларын қамтитын алты аймақтық Жастар хабы желісінің бір бөлшегі. Университеттермен, мектептермен, жастар ұйымдарымен және жергілікті билік органдарымен серіктестік орнату арқылы бұл желі хабтар орналасқан қалалардың ғана емес, өзге де өңірлердің белсенділерін жұмылдыруға септігін тигізеді. Атап айтқанда, Алматы хабы Талдықорған және Қонаев қалаларының жастарын да өз бастамаларына белсенді тартатын болады.
Оффлайн форматтағы жұмысты «UNICEF Zhastary» цифрлық платформасы толықтыра түседі. Мұнда қатысушылар арнайы оқу курстарынан өтіп, практикалық тапсырмаларды орындайды және еріктілер жобаларына қосылады. Мысалы, бала құқықтары туралы терең білім алған жас белсенді құрдастарына арнап тренинг өткізе алады немесе осы тақырып бойынша әлеуметтік желілерде пайдалы контент әзірлей алады.
ЮНИСЕФ-тің 2025–2026 жылдардағы деректеріне сәйкес, «UNICEF Zhastary» қатысушыларының еріктілік бастамалары бүкіл Қазақстан бойынша шамамен 100 000 адамды қамтыған.
«Жастар бағдарламаларының нақты оң нәтиже беруі үшін оған кімдердің белсене қатысып жатқанын, ал кімдердің түрлі кедергілерге тап болып отырғанын жіті түсіну маңызды. Түрлі өмірлік тәжірибесі бар жастардың, соның ішінде әлі ешқандай ұйымға қосылмаған және жастар шараларына қатыспаған жандардың да үнін есту айрықша мәнге ие. Хаб осы кері байланысты жүйелі түрде орнатуға және оны күнделікті тәжірибеге айналдыруға зор көмек көрсете алады», – деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Найла Мұхтарова.
Ашылу салтанатында жастар мен университет, мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам өкілдері жастардың әлеуетін ашу мүмкіндіктерін, менталды саулық пен әл-ауқатты, қауіпсіз даму ортасын қалыптастыруды және экологиялық бастамаларға қатысу жолдарын қызу талқылады.
Жастар бұл қауымдастыққа «UNICEF Zhastary» цифрлық платформасында жылына төрт рет өткізілетін ашық іріктеу арқылы қосыла алады. Жаңа қабылдау кезеңдері туралы ақпарат ЮНИСЕФ Қазақстанның @unicefkazakhstan ресми Instagram парақшасында жарияланып отырады. Хаб Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 71/31 мекенжайындағы «Farabi Cluster» кешенінің 2-қабатында орналасқан.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.