“Жастармен жастар жұмыс істейді”
ЮНИСЕФ Samgau UPSHIFT бағдарламасының арқасында жасөспірімдерге арман жобаларын жүзеге асыруға көмектеседі
«Болашақ білімді жастардың қолында!» - деп есептейді Samgau UPSHIFT бағдарламасының қатысушылары Қарқаралылық Фатима (19 жаста) мен Құлсарылық Альбина (16 жаста)
Биыл Фатима мен Альбина ЮНИСЕФ пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолдау көрсеткен Samgau UPSHIFT жасөспірімдер мен жастардың дағдыларын дамыту бағдарламасы туралы Instagram-нан біліп, өздерінің «ЖасСтар» жобасын жасау үшін бағдарламаға қатысуға шешім қабылдады.
«Біз өз жобамызды жастардың дамуына, тұлғаның қалыптасуына көмектесу үшін жасаған болатынбыз. Соңғы 2-3 жыл ішінде мұндай жобаны жасау идеясы ойымнан кетпей қойды, бірақ неліктен екенін білмеймін, оны өз бетіммен бастау қиын болды. Осы кезде орайы тиіп мен Samgau UPSHIFT-тің қатысушысы болдым», - дейді Альбина.
«ЖасСтар» - бұл жастарға көшбасшылық дағдыларды және медиасауаттылықты дамыту бойынша қазақ тіліндегі білім беру жобасы.
«Бұл жобаның ерекшелігі - жастар жастармен жұмыс істейді», - дейді Фатима. «Бұл бір-бірін жақсы түсінуге, кез келген ақпаратты тез алуға, идеяларын ашық білдіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жоба аясында түрлі ойындар, байқаулар, марафондар және жастарға арналған сыйлықтар қарастырылған.»
«ЖасСтар» негізін қалаушыларының айтуынша, жобаның негізгі мақсаты бос уақытты тиімді пайдалану есебінен пайдалы білім алу және еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу болды.
Қыздар сондай-ақ олардың жобасы өте өзекті екенін атап өтті, өйткені қазіргі уақытта қазақ тілінде пайдалы және қызықты контент аз.
Жасөспірімдерді оқыту барысында Фатима мен Альбина медиасауаттылық және онлайн ақпаратпен жұмыс істеу тақырыптарын көтерді.
«Біз қарастырған негізгі тақырыптар: көшбасшылық қасиеттерді дамыту және медиа сауаттылықты оқыту. Әр бөлімнің өз тақырыбы болды және әр спикер өз тақырыбы бойынша сабақ өткізді», - дейді Фатима.
Спикерлер арасында Қарқаралы аудандық мәслихатының депутаты, «Азамат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Біргеміз білім» жалпыұлттық жобасының жетекшісі және т.б. сөз сөйледі.
Жоба қатысушыларына ыңғайлы болу үшін Альбина мен Фатима WhatsApp-та чат құрды. Осылайша олардың жобасына қатысушылар бір-бірімен танысып, үй тапсырмаларын орындап тұрды. «ЖасСтар» жобасына барлығы 14-18 жас аралығындағы 300 жасөспірім қатысты.
«Біз барлық жастар мен ауыл мектептерінің оқушыларын мектеп басшылығының рұқсатымен Instagram әлеуметтік желісі арқылы жинадық»,
«Біз жоба туралы айтқан кезде олардың қызығушылықтары көрініп тұрды. Көбісі ынталарының арқасында оқуға өздерінің достарын тартты», - дейді Альбина.
Фатима мен Альбина жобасындағы басты назар негізінен ауыл және аудан жастарына аударылды. «ЖасСтарға» Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Құлсары қаласы мен Жаңатоған және Бүркітті ауылдарының жастары қатысты, ал Нұр-Сұлтан, Түркістан және Шымкент қалаларының жасөспірімдері жобаға Instagram-да онлайн қосылды.
«Жоба аудиториясының басым көпшілігі - мектеп оқушылары. Олардың бірі өз арманына қарай қадам жасады - университет грантының иегері болды. Біздің жобамыздың жастары еріктілер ұйымының мүшелері болып табылады, игі істер жасайды және көп нәрсеге қол жеткізеді», - дейді Фатима.
Қыздар мұнымен тоқтап қалмай, жобаны жалғастыруды жоспарлап отыр. Бастапқыда «ЖасСтар» тек ауыл мен аудан жастарына арналған болатын, бірақ қазір Альбина мен Фатима жобаны өңірлік деңгейде іске қосқысы келеді.
«ЖасСтар» негізін қалаушылары командада жұмыс істеу оларға көп нәрсе үйреткендігін де атап өтті. Олардың айтуынша, бірлік пен келісімнің арқасында олар арман жобасын табысты жүзеге асыра алды.
«ЖасСтар» жобасы Samgau UPSHIFT жобасына көп нәрсе айта алады! Бұл елдегі ең жаңа және ерекше жобалардың бірі болды. Ол жастардың әрбірінің жеке басына үлкен үлес қосты. Біз командада жұмыс істеуді үйреніп қана қоймай, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жаңа достар таптық, содан бері біз бір-бірімізді қолдап келеміз. Біз осы жобаға қатысып, бағымызды сынап көруге қуаныштымыз. Рахмет Samgau UPSHIFT!»- дейді Фатима.
ҚОСЫМША АҚПАРАТ
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕХӘҚМ) және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен «Жастар қызметкерлерінің қоғамдастығы» қоғамдық бірлестігі 2020 жылдың желтоқсанынан бастап эксперименттік оқытудың озық әдістерін пайдалана отырып, жасөспірімдер мен жастар арасында әлеуметтік кәсіпкерлік дағдыларын нығайту бойынша SAMGAU (UPSHIFT) бағдарламасын іске асыруда. Аса осал топтарға (АИТВ және басқа созылмалы аурулары бар, мүгедектігі бар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға) ерекше көңіл бөлінеді. ЮНИСЕФ Инновациялық зертханасының флагмандық бастамасы болып табылатын UPSHIFT әдіснамасын пайдалана отырып, бағдарлама жастарды дамытудың, жастардың әлеуметтік инновациялар мен кәсіпкерлік саласын игерудің озық әдістерін біріктіреді.