Әлем бойынша төрттен бір миллиардқа жуық бала климаттық дағдарыстарға байланысты оқу үдерісінің бұзылуына тап болды — ЮНИСЕФ.

Ауғанстан, Бангладеш, Мозамбик, Пәкістан, Филиппиндер және Қазақстандағы білім беру жүйесі аптап ысық, циклондар, су тасқындары мен дауылдардан ең көп зардап шекті.

24 Қаңтар 2025
Сlimate education
UNICEF/Kazakhstan/2023/GalinaSorokina

Нью-Йорк, 2025 жылғы 24 қаңтар – 2024 жылы аптап ыстық, тропикалық циклондар, дауылдар, су тасқындары және құрғақшылық сияқты экстремалды климаттық құбылыстар салдарынан 85 елде кемінде 242 миллион оқушының оқу үдерісі бұзылды, бұл білім беру саласындағы бұрыннан бар дағдарысты ушықтырды. Бұл туралы бүгін жарияланған ЮНИСЕФ-тің жаңа талдауында айтылады.

Халықаралық білім күніне орай ұсынылған «Үзілген оқу: 2024 жылы климатқа байланысты оқу үдерісінің бұзылуына жаһандық шолу» атты есепте алғаш рет мектептердің жабылуына немесе оқу кестесінің айтарлықтай бұзылуына әкеп соққан климаттық қауіптер және оның мектепке дейінгі жастан бастап жоғары сынып оқушыларына дейінгі балаларға әсері қарастырылады.

Әлемдік деңгейде Оңтүстік Азия ең көп зардап шеккен аймақ болды, өткен жылы 128 миллион оқушы климатқа байланысты оқу үдерісінің бұзылуына тап болды. Шығыс Азия мен Тынық мұхиты аймағында 50 миллион оқушы зардап шекті, ал Еуропадағы нөсер жауындар Италия мен Испаниядағы миллионға жуық оқушының оқу үдерісінбұзды.

«Балалар ауа райы дағдарыстарының, соның ішінде жиі және күшті болып келе жатқан аптап ыстықтың, дауылдардың, құрғақшылық пен су тасқындарының салдарына осал келеді, – деді ЮНИСЕФ-тің Атқарушы директоры Кэтрин Рассел. – Балалар аптап ыстықтан сақтай алмайтын сыныптарда сабаққа зейін қоя алмайды, жолдарды су басқанда немесе мектептер қирағанда оқуға бара алмайды. Өткен жылы экстремалды ауа райы жағдайлары әрбір жетінші оқушының сабаққа қатысуына кедергі келтірді, бұл олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіріп қана қоймай, ұзақ мерзімді білім алуына әсер етті».

Қазақстанда 2024 жылғы су тасқындары 832 000-нан астам оқушыға әсер етті. Осы оқиғаларға ұлттық деңгейде жауап ретінде зардап шеккен халыққа жедел көмек көрсету және қалпына келтіру үшін үйлестіру мен қолдау тетіктерінің тиімділігі көрсетілді. Сондай-ақ, бала құқықтары мен білім берудің үздіксіздігіне баса назар аудара отырып, төтенше жағдайларға дайындыққа инвестиция салудың маңыздылығы атап өтілді.

ЮНИСЕФ Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, Халықаралық кешенді мектеп қауіпсіздігі негіздемесіне сілтеме жасай отырып, климаттық тұрақтылықты білім беру жүйесіне интеграциялау бойынша жұмыс істейді.

ЮННИСЕФ көмегімен 2024 жылы климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны қорғау және апаттар тәуекелдерін азайту сияқты тақырыптар жастар үшін онлайн дағдыларды дамыту кестесіне енгізілді. 35 000-нан астам жастар білім беруге «жасыл» дағдыларды интеграциялау үшін сауалнамалар мен фокус-топтарға қатысты. 2023 жылы 3 миллионнан астам адам апаттар тәуекелдерін азайту және климаттық іс-қимыл (КІ) туралы ақпаратқа қол жеткізді, ал апатқа бейім аймақтарда ЮНИСЕФ қолдау көрсеткен #BeSafe және #Volunteers4Climate бағдарламалары арқылы 28 000 бала мен 3600 мұғалім апаттар тәуекелдерін азайту және климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша өз әлеуетін арттырды.

«Білім беру – климаттық қауіптерден жиі зардап шегетін салалардың бірі. Алайда, балаларды климаттың өзгеруіне бейімдеудегі рөліне қарамастан, бұл саяси талқылауларда жиі ескерілмейді, – деп атап өтті Кэтрин Рассел. – Балалардың болашағы климатқа байланысты барлық жоспарлар мен іс-шаралардың басты назарында болуы тиіс».

Қазақстанда ЮНИСЕФ Төтенше жағдайлар және апаттар тәуекелдерін азайту орталығымен (ТЖАТАО) бірлесіп, жергілікті деңгейде балалардың климаттық тәуекел индексін енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр, бұл апаттар тәуекелдерін азайту, балаларға бағдарланған төтенше жағдайларға дайындық және оған әрекет ету, соның ішінде білім беру саласындағы шешімдер қабылдау үшін жергілікті билік органдарын тиімдірек хабардар етуге мүмкіндік береді.

ЮНИСЕФ әлем лидерлерін және жеке секторды балаларды күшейіп келе жатқан климаттық қауіптерден қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырады:

  • Климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру үшін білім беруді қоса алғанда, балалар үшін маңызды әлеуметтік қызметтерді нығайтуды қамтамасыз ету.
  • Қауіпсіз білім алу үшін апаттарға төзімді және климаттың өзгеруін ескеретін оқу орындарына инвестиция салу.
  • Білім беру саласындағы климаттық тұрақтылықты арттыру үшін қаржыландыруды жеделдету, соның ішінде тиімді шешімдерді енгізу.
  • Климаттың өзгеруі туралы білім беруді және балаларға бағытталған міндеттемелерді барлық салаларға интеграциялау.

Бұл шаралар бүкіл әлемдегі, соның ішінде Қазақстандағы білім беру жүйелерінің болашақтағы климаттық сынақтарға төтеп беруін және балаларды өзгермелі әлемге бейімделу үшін қажетті дағдылармен қамтамасыз ету үшін өте маңызды.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы

ЮНИСЕФ, Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар жөніндегі агенттігі, әлемнің барлық елдеріндегі, әсіресе ең қолайсыз жағдайдағы және қол жетімсіз жерлердегі әрбір баланың құқықтарын қорғау үшін жұмыс істейді. 190-нан астам ел мен аумақта біз балалардың өмір сүруіне, өркендеуіне және әлеуетін жүзеге асыруына көмектесу үшін бар күшімізді саламыз.