Қазақстан Балалар, жастар және климат бойынша іс-қимыл туралы декларацияға қол қойды

16 Мамыр 2025
Kazakhstan signs the Declaration on youth and children
UNICEF/Kazakhstan/2025/MinistryofEcology

Астана, Қазақстан, 2025 жылғы 16 мамыр – Климаттық дағдарыстың өршуіне, оның ішінде балалардың әл-ауқатына әсер етуіне жауап ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметі Балалар, жастар және климат бойынша іс-қимыл туралы декларацияға қол қойған әлемнің 65 елінің қатарына қосылды. Қол қою бүгін Астанада өтті. 

Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев: «ЮНИСЕФ климаттың өзгеруі жағдайында балаларды қорғау мәселелері бойынша негізгі серіктестердің бірі. Министрлік ынтымақтастықты кеңейтуге ашық және ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, балаларға бағдарланған және тұрақты болашаққа бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға дайын», – деп атап өтті.

«Декларацияға қол қою арқылы Қазақстан болашақ ұрпақ үшін таза, салауатты және тұрақты қоршаған ортаны қамтамасыз ететін іс-шараларды әзірлеу барысында балалар мен жастармен мазмұнды диалог жүргізуге міндеттенді. Біз бұл маңызды қадамды құптаймыз және аталған міндеттемелерді балалар үшін нақты нәтижелерге айналдыру мақсатында Үкіметпен серіктестігімізді нығайтуға сенеміз», – деді Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша ЮНИСЕФ аймақтық директоры Реджина Де Доминичис.

Қазақстан негізгі климаттық стратегиялар мен саясаттарды, соның ішінде Ұлттық анықталған үлестің (ҰАҮ 3.0) жаңартылған нұсқасын және Ұлттық бейімделу жоспарын (ҰБЖ) әзірлеу кезінде балалардың ерекше осалдығы мен қажеттіліктерін ескеру бойынша шаралар қабылдауда.

Өткен жылы 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат экологиялық жауапкершілігі бар және тұрақты қоғамды қалыптастырудың стратегиялық мақсатын көрсетеді, оның аясында нақты мақсатты индикаторлар көзделген.

Сондай-ақ, білім беру саласында балалар мен жастарды экологиялық іс-шараларға тартуға, қоршаған ортаның жай-күйі үшін жауапкершілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді.

Бұл Декларация ұлттық және жаһандық деңгейлерде балалар мен жастарға бағдарланған инклюзивті климаттық саясатты әзірлеуді жеделдетуге бағытталған өз түріндегі алғашқы халықаралық бастама болып табылады. Декларацияның қамқоршыларының бірі ретінде ЮНИСЕФ Қазақстанды қоса алғанда, үкіметтерге оның ережелерін ілгерілету және жүзеге асыруда қолдау көрсетеді. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекеттер Декларацияға қол қоюға шақырылады.

ЮНИСЕФ үкіметтермен және серіктестермен балаларға тәуелді жүйелерді – білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау сияқты – бейімдеу және нығайту бойынша жұмыс істейді, бұл жүйелер климаттың өзгеруінің салдарына төзімді болуы және пайда болатын тәуекелдерге тиімді жауап бере алуы үшін.

Қазақстанда ЮНИСЕФ тұрақты экологиялық даму қағидаттарын алға тарта отырып, климат саласындағы еріктілермен белсенді жұмыс істейді. ЮНИСЕФ-тің бірқатар еріктілік бастамаларының, соның ішінде мектептердегі іс-шаралар мен әлеуметтік желілердегі науқандардың арқасында еріктілер 2 миллионнан астам адамды қамтыды.

Қазақстан сондай-ақ 2026 жылы өңірлік климаттық саммит өткізуге дайындалуда, онда жастардың қатысуын күшейту және балалар үшін климаттық әділеттілік мәселелерін көтеру жоспарлануда.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы 

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады. 

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org

Біздің InstagramFacebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.