Семей балалар құқықтары мен жасыл болашақ үшін жастарды біріктіреді: ЮНИСЕФ еріктілері экоакцияны бастады
Семей, 2025 жылғы 29 шілде – Абай облысындағы Алихан Бөкейхан атындағы университетте ЮНИСЕФ-тің «Балалар мен жастардың құқықтары мен әл-ауқаты үшін» ұлттық кездесу сериясы аясындағы алғашқы жастар іс-шарасы өтті. Бұл бастама бұған дейін Ақтау, Астана, Шымкент және Алматы қалаларында жүзеге асырылған болатын. Жүздеген студенттер, жас белсенділер мен еріктілер жиналып, әрбір бала үшін қолайлы болашақ қандай болуы керек және осы жолда аймақ жастары қандай рөл атқара алатынын талқылады.
Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) өңірге жасаған арнайы сапары аясында өтті. Сонымен қатар жастар арасындағы еріктілік бастамаларын кеңейтуге бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болды. Қатысушыларды ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар, Абай облысы әкімдігінің өкілі және Алихан Бөкейхан атындағы университеттің Тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Базенов Айрат Базенұлы құттықтады.
«Абай облысының жастары әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Сіздер жай ғана қатысушы емессіздер – сіздер өзгерістердің қозғаушы күшісіздер. Адам капиталы мен экологияны қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлінуі тиіс өңірде дәл сіздер оң өзгерістерге жол аша аласыздар», – деді доктор Сарвар қатысушыларға арнаған сөзінде.
Іс-шарада Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің алдында тұрған нақты қиындықтар интерактив форматта талқыланды. Ұлттық MICS зерттеуінің деректеріне сәйкес, өңірде туу көрсеткішінің тұрақты өсуі, ана денсаулығының жақсаруы және ерте жастағы балалар дамуының жоғары индексі байқалады. Алайда артық салмақ пен семіздік мәселесі әлі де өзекті: аймақтағы балалардың 3,5%-ы семіздікке шалдыққан.
Қатысушылар волонтер болу тек көмек көрсету ғана емес, көшбасшылық, қауымдастықтың күші және жағдайды жақсарту мүмкіндігі екенін талқылады. Жастар ЮНИСЕФ-тің еріктілік бастамаларына қатысу тәжірибелерімен бөлісіп, стори-теллинг пен ашық микрофон сессияларына қатысты.
Іс-шараның негізгі бағыттарының бірі – “жасыл күн тәртібін” ілгерілету болды. Жастарға Green Rising бағдарламасы аясында Абай облысын көгалдандыру жоспары таныстырылды. Осы күзде ЮНИСЕФ пен серіктестер орман өрті зардап шеккен аудандарда ағаш отырғызуды жоспарлап отыр. Бұл іске ең белсенді түрде жастар еріктілері қатысады.
2020 жылдан бері Қазақстанда ЮНИСЕФ-тің еріктілер қозғалысына 10 000-нан астам жас қосылды. Тек соңғы апталарда ғана Абай облысында 170 жаңа ерікті тіркелді. Мұндай бастамалар жастарға тек білім беріп қана қоймай, оларды мектептерде, университеттерде, қалалар көшелерінде және алыс ауылдарда нақты әрекетке итермелейді.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.