Волонтерлік – өмір салты: Жүздеген шымкенттік жас ЮНИСЕФ-пен бірге волонтер болуды таңдайды
Шымкент, 22 шілде 2025 — Бүгін Шымкент қаласының көрме орталығында БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Шымкент қаласының әкімдігімен және М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен бірлесіп ұйымдастырған ауқымды жастар іс-шарасы – ЮНИСЕФ Волонтерлер мектебінің ашылуы өтті.
180-ге жуық қатысушы – студенттер, оқушылар, белсенділер мен қаланың жас көшбасшылары – бала құқықтары, оң өзгерістерді ілгерілетудегі жастардың рөлі, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің жаңа волонтерлік бағдарламасы туралы көбірек білу үшін бас қосты. Бұл іс-шара бұған дейін Ақтау мен Астанада басталған «Балалар мен жастардың құқықтары мен әл-ауқаты үшін» атты ұлттық кездесулер сериясының бір бөлігіне айналды.
Қатысушыларға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Мейрамбекұлы Кәрімов, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл және М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ғани Әбзелбекұлы Бесбаев құттықтау сөз сөйледі. Спикерлер бүгінгі таңда волонтерлік жай ғана қоғaмдық белсенділік емес, әрбір бала өзін қауіпсіз әрі құнды сезінетін тұрақты болашаққа жасалған маңызды қадам екенін атап өтті.
«ЮНИСЕФ бала құқықтарын ілгерілетуге мүмкіндігінше көп жасты тартуға ұмтылады. Біз жастардың күшіне сенеміз – сіздер жай ғана қатысушы емес, өзгерістердің қозғаушы күшісіздер. Сіздердің қуаттарыңыз, идеяларыңыз бен құндылықтарыңыз қоғамды өзгерте алады», – деп атап өтті Летисия Баззи-Вейл қатысушыларға арнаған сөзінде.
Іс-шара бағдарламасы оқыту, ойын және диалог элементтерін ұштастырды. Қатысушылар интерактивті дәрістер мен квиздерге қатысып, бала құқықтарының негіздерімен танысты, Қазақстандағы балалар үшін өзекті мәселелерді талқылады және жағдайды жақсарту бойынша – экология мен менталды денсаулықтан бастап, инклюзивті білім беру мен теңдікке дейінгі өз бастамаларын әзірледі.
Бала құқықтары, көшбасшылық, тұрақты даму және климаттық әрекеттер сияқты тақырыптарды қамтитын икемді онлайн-бағдарлама – ЮНИСЕФ-тің жаңартылған Волонтерлер мектебінің таныстырылымы ерекше қызығушылық тудырды. Шымкенттің 484 жас тұрғыны волонтерлік бағдарламаға қатысуға тіркеліп үлгерді, бұл өңір жастарының әлеуметтік белсенділікке және балалар құқығын қорғауға деген жоғары қызығушылығын растайды.
Сонымен қатар, Шымкент жастары ЮНИСЕФ-тің әлемнің 70-тен астам елінде жұмыс жасап жатқан жастардың климаттық қозғалысы – Green Rising жаһандық бастамасының бір бөлігі болуға мүмкіндік алды.
ЮНИСЕФ Волонтерлер мектебі Қазақстан бойынша өз сапарын жалғастырады – шілде және тамыз айларында осындай іс-шаралар Алматы, Семей және Көкшетау қалаларында өтеді. 2020 жылдан бері елімізде 10 000-нан астам жас ЮНИСЕФ волонтері атанды, ал қордың жаһандық волонтерлік қозғалысы 10 миллионнан астам адамды біріктіреді.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.