Астана жастар үнімен сөйлейді: ЮНИСЕФ Волонтерлер мектебі іске қосылды
Астана, 18 шілде 2025 жыл — Бүгін Coventry University Kazakhstan қабырғасында «Балалар мен жастардың құқықтары мен әл-ауқаты үшін» атты кездесулер сериясы аясындағы жарқын оқиға – ЮНИСЕФ Волонтерлер мектебінің ашылуы өтті. Бастама Астана қаласынан 120 жас қатысушының басын қосты, олар әлеуметтік және экологиялық жобаларға атсалысып, қаланы балалар мен жасөспірімдер үшін одан да қауіпсіз, мейірімді және дамытушы ортаға айналдыруға дайын.
Іс-шараны БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Coventry University Kazakhstan-ның қолдауымен ұйымдастырды. Қатысушыларға ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар мен Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов құттықтау сөз сөйледі. Олар Волонтерлер мектебінің елордада іске қосылуының ерекше маңызы бар екенін атап өтті, себебі бұл бастама бала құқықтарын ілгерілету үшін жастардың, білім беру мекемелерінің және халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктіреді.
«Жаңа оқу жылынан бастап Coventry University Kazakhstan халықаралық қатынастар бойынша бағдарламаны іске қосады. Бұл бағдарлама қазақстандық нарық үшін аса маңызды, өйткені ол жаһандық ортада жұмыс істейтін мамандарды даярлайды. ЮНИСЕФ сияқты халықаралық ұйымдармен серіктестік бұл жерде маңызды рөл атқарады. Студенттер бірегей халықаралық тәжірибеге қол жеткізіп, нақты әлемдік процестерге қатысады. Бағдарлама аясында олар бүкіл әлемдегі ЮНИСЕФ-тің құндылықтары мен бастамаларын қолдай отырып, балалар құқықтарын қорғаудың заманауи тәсілдерін зерттейді», — деп атап өтті Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов.
«ЮНИСЕФ жастардың оң өзгерістердің қозғаушы күші екеніне сенеді. Біз қазірдің өзінде жас волонтерлердің өз қатарластарын қоғам өміріне қатысуға шабыттандырып жатқанын көріп отырмыз: олар осал топтағы балаларға көмектесуден бастап, менталды денсаулық пен климаттық бастамаларды ілгерілетуге дейін үлес қосуда. Тұрғындарының әрбір үшіншісі – бала болып табылатын Астанада балалар өздерін қолдауды, қауіпсіздікті және даму мүмкіндіктерін сезінетін орта құру аса маңызды. Дәл осы волонтерлік осы мақсаттар мен шындық арасындағы көпір бола алады. Волонтерлер мектебі елорданың осындай белсенді әрі саналы жастарының басын қосқанына қуаныштымыз», — деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар.
Астана – еліміздің ең «жас» қалаларының бірі: мұнда 18 жасқа дейінгі 472 084 тұрғын бар, бұл халықтың 33%-ын құрайды. Мұнда оң үрдістер байқалады – елдегі нәресте өлім-жітімінің ең төменгі деңгейлерінің бірі байқалады, 7-14 жас аралығындағы балалардың 93%-ы үйде кітап оқиды, ал мектеп жасына дейінгі әрбір бесінші баланың үйінде 10-нан астам кітабы бар. Сонымен қатар, қиындықтар да сақталуда: 5-9 жас аралығындағы әрбір төртінші бала семіздіктен зардап шегеді, ал әрбір сегізінші бала тәрбиенің қатаң әдістеріне тап болады.
Астанадағы ЮНИСЕФ Волонтерлер мектебі жастарға бала құқықтарын, көшбасшылық, волонтерлік және тұрақты даму дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді. Барлық қатысушылар онлайн-оқытуға қол жеткізіп, өз мектептерінде, университеттерінде және аудандарында жеке бастамаларын жүзеге асыра алады.
Волонтерлер мектебі аясында қатысушылар ЮНИСЕФ-тің жастарға арналған негізгі климаттық қозғалысы – Green Rising жаһандық бастамасына қосыла алады. Бұл бастама бүкіл әлемдегі жастардың климат пен экологиялық тұрақтылық мүддесінде әрекет ету мүмкіндіктерін кеңейтуге, соның ішінде өздерінің жасыл жобаларын әзірлеп, іске асыруға бағытталған. Бұл қозғалыс қазірдің өзінде 70-тен астам елді қамтып, экожүйелерді қалпына келтіру, ластанумен күрес және жасыл дағдыларды дамыту сияқты бағыттарды қамтиды.
Астанадағы іске қосу шарасы бүкіл Қазақстан бойынша өтетін кездесулер сериясының бір бөлігі болды – бұған дейін Волонтерлер мектебі Ақтауда бастау алған, ал тамыз айының соңына дейін Алматы, Шымкент, Көкшетау және Семей қалаларында ашылады.
2020 жылдан бері Қазақстанда 10 000-нан астам жас ЮНИСЕФ волонтері атанды. ЮНИСЕФ-тің волонтерлер қозғалысы бүкіл әлем бойынша 10 миллионнан астам адамды біріктіреді.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.