Алматының 500-ден астам жасы ЮНИСЕФ-тің волонтерлік бағдарламасына өтінім берді

25 Шілде 2025
волонтеры
UNICEF/Kazakhstan/2025

Алматы, 2025 жылғы 25 шілде — Алматыда ЮНИСЕФ-тің өңірлік волонтерлік хабы іске қосылды. Іс-шараға 200-ден астам қатысушы жиналды. Бұл шара бала құқықтарын қорғауға, инклюзияны, тұрақты дамуды және цифрлық сауаттылықты ілгерілетуге жастарды тарту жөніндегі ұлттық науқанның бір бөлігі болды.

Еліміздің ең ірі қаласы Алматыда 700 мыңнан астам жас тұрады. Бұл қала ЮНИСЕФ 2025 жылы жаңартылған волонтерлік бағдарламасын іске қосатын алты өңірдің біріне айналды. Қазірдің өзінде мегаполистің 500-ден астам жас тұрғыны қатысуға өтінім берді.

Ашылу салтанаты UN Plaza ғимаратында ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбековтің қатысуымен өтті. Құттықтау сөздерінде спикерлер әлеуметтік сын-тегеуріндерді шешуде және азаматтық белсенділікті дамытуда жастардың рөлінің маңыздылығын атап өтті.

«Жастар – болашақ қана емес, бүгінгі күннің белсенді күші. Біз жастарға нақты өзгерістер жасау үшін құралдар беру мақсатында ЮНИСЕФ-тің Волонтерлер мектебін іске қосып жатырмыз», – деді доктор Сарвар.

Іс-шара қатысушылары интерактивті бағдарламадан өтті. Оған бала құқықтары туралы дәріс, воркшоптар, топтық талқылаулар, сұрақ-жауап сессиясы, сондай-ақ икемді оқытуға арналған жаңа онлайн-платформа – ЮНИСЕФ-тің Волонтерлік мектебінің тұсаукесері кірді. Бағдарлама алты курстан тұрады: волонтерлікке кіріспе мен бала құқықтарынан бастап, менталды денсаулық, зорлық-зомбылықтың алдын алу және эковолонтерлік тақырыптарына дейін қамтиды. Барлық материалдар қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болады және өз бетінше оқуға бейімделген.

Алматыдағы өңірлік хаб белсенді жастардың басын қосатын орталыққа айналады. ЮНИСЕФ волонтерлері мектептер мен колледждерде жобалар жүзеге асырып, ағартушылық науқандар өткізе алады, экологиялық акцияларға қатысып, U-Report жаппай сауалнама жүргізу платформасын ілгерілете алады.

Іске қосу аясында Алматы әкімдігінің өкілдерімен кездесу өтіп, оның барысында бірлескен бастамаларды іске асыру бойынша алдағы қадамдар келісілді. Басым бағыттардың қатарында – бірлескен білім беру және экологиялық іс-шараларды іске қосу, сондай-ақ жастар саясаты саласындағы әріптестікті кеңейту бар.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы 

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады. 

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org

Біздің InstagramFacebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.