БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мен Alikhan Bokeikhan University Семей қаласында Жастар хабын ашты
Абай облысында волонтерлікті, әлеуметтік бастамалар мен жастар көшбасшылығын дамытуға арналған жаңа алаң ашылды.
СЕМЕЙ, 2026 ЖЫЛҒЫ 13 НАУРЫЗ – Абай облысында Alikhan Bokeikhan University (ABU) базасында ЮНИСЕФ Жастар хабының ресми ашылу рәсімі өтті. Жаңа алаң өңір жастары арасында еріктілер қозғалысын, әлеуметтік бастамалар мен көшбасшылық дағдыларды дамыту орталығына айналмақ.
Рәсімнің айтулы оқиғасы – ЮНИСЕФ пен ABU арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Іс-шараға Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов, Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдері, ABU ректоры Александр Койчубаев, сондай-ақ волонтерлер мен жас көшбасшылар қатысты.
Хабтың ашылуы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жарияланған Халықаралық волонтерлер жылын қолдау аясында өтіп жатыр. Жоба жастар саясатын қолдауға, волонтерлік қозғалысты дамытуға және жастарды Абай облысының әлеуметтік мәселелерін шешуге тартуға бағытталған.
Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов бұл оқиғаның маңыздылығына тоқталып өтті: «Волонтерлік – тек қайырымды істер ғана емес, ол әлеуметтік жауапкершілік пен патриотизмнің айқын көрінісі. Өңірімізде ЮНИСЕФ Жастар хабының ашылуы жастарымызға білім алып, өз әлеуетін толық жүзеге асыру үшін бірегей мүмкіндіктер береді. Біз белсенді жастарымызды мақтан тұтамыз және аймағымыздың өркендеуі мен игілігіне бағытталған барлық бастамаларды жан-жақты қолдайтын боламыз».
ABU ректоры Александр Койчубаев атап өтті: «Біз тек заманауи кеңістік қана емес, жастардың басын қосатын нағыз тартылыс орталығын құрып отырмыз. Бұл жерде біздің студенттер мен өңір оқушылары өз идеяларын жүзеге асырып, көшбасшылыққа үйрене алады және волонтерлік арқылы қоғамға нақты пайда әкеледі», – деп атап өтті.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілі Рашед Мустафа Сарвар өз сөзінде: «Бұл хаб Семей жастары үшін балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар дүниеге келетін мүмкіндіктер орталығына айналады. Жас буынның әлеуетін бірлесе ашу үшін ABU сынды академиялық ортамен күш біріктіргенімізге қуаныштымыз», – деді.
Іс-шара барысында волонтерлік қозғалысқа ерекше назар аударылды. Қатысушыларға «ЮНИСЕФ Жастары» ұлттық цифрлық платформасы таныстырылды. Бұл арнайы алаң волонтерлерді оқытуға, олардың жұмысын үйлестіруге және мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған. Платформаның көмегімен жастар отбасылар мен балалардың игілігіне бағытталған өз бастамаларын дамыту үшін онлайн-курстар мен құралдарға қол жеткізе алады.
Семейдегі хабтың ашылуы – Абай облысында жастардың белсенділігін арттыратын тұрақты экожүйені қалыптастыру жолындағы кезекті маңызды қадам болды.
Медиа байланыс
Alikhan Bokeikhan University туралы
Alikhan Bokeikhan University (ABU) – мемлекеттік білім беру гранттары және келісімшарт негізінде қазақ және орыс тілдерінде бакалавриаттың 32, магистратураның 20 және PhD докторантураның 6 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайтын өңірдегі ең ірі көпбейінді оқу орны.
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.