Позитивті психикалық денсаулықты қалыптастыру арқылы балаңызды өмірге қалай дайындауға болады: 0-5

Өсу мен үйренудің осы кезеңінде негізін қалау

UNICEF
2021_Newborn_Family_Karaganda_Aleksandra_Goncharova
UNICEF/Kazakhstan/2021/Aleksandra/Goncharova
28 Маусым 2022

Сіздің балаңыз алғашқы күлімсіреу мен алғашқы қадамнан бастап эмоциялар спектрін сезініп, балалық шақтың көптеген маңызды кезеңдерінен өтеді.

Бұл өсу мен үйрену уақыты, сонымен қатар балаңыздың психикалық денсаулығын дамытуға қолдау көрсетуді бастаудың мінсіз уақыты.

Бақытты және салауатты өмірдің негізін қалау

Балаңыз сізден махаббат күтеді, үйрену мен қауіпсіздікті қажет етеді. Мүмкіндігінше бірге көбірек уақыт өткізуге тырысыңыз. Жылы және нәзік қарым – қатынасты нығайту және балаңызға өзін қауіпсіздікте және қамқорлықты сезінуге көмектесу өмір бойы жақсы психикалық денсаулықты қалыптастыру үшін негіз құрудың маңызды қадамы болып табылады.

 Еметін жастағы балалар  

Балаңызбен уақыт өткізу екеуіңізге де пайдалы. Бұл сіздің балаңызбен жақындасуға және сіздің де, балаңыздың да көңіл-күйіңізді жақсартуға көмектесетін табиғи гормондар шығарады!

● Баламен ойнаңыз, оны құшақтаңыз.

● Онымен сөйлесіңіз, өлең айтып беріңіз.

● Баланың  тіл мен қарым-қатынасты түсіне бастауы үшін оның дыбыстарына сөздермен жауап беріңіз.

Бөбек жасындағы балалар

Балаңыз көбірек қозғала бастағанына қарай, оның әлемді зерттеуге деген ықыласы артады. Мұндай қызығушылық көтермелеуді қажет етеді.

● Балаңызға оқып беріңіз (мүмкін болса күн сайын).

● Қызығушылық пен оқу қабілетін дамытатын ойындар ойнаңыз.

● Баладан заттарды атауды сұраңыз - оның аты мен айналасындағы заттардың атауынан бастаңыз, оны қарапайым етіп жасаңыз.

● Балаңызбен бірге үйден тыс жерде серуендеңіз.

Мектеп жасындағы балалар

Бала тәуелсіздік пен ізденімпаздық танытқан сайын, ол қоршаған әлемге қызығушылық танытып, айналасындағы заттарды тани бастайды. Адамдармен өзара әрекеттесу оған өзінің ойлау тәсілін қалыптастыруға және айналасындағы әлемді түсінуге көмектеседі.

● Басқа балалармен ойындар арқылы баланың әлеуметтік өзара әрекеттесуін ынталандырыңыз.

● Оның жасына сәйкес келетін қарапайым үй жұмыстарын орындауға көмектесуді ұсыныңыз. Қарапайым мәселелерді шешу қадамдарын көрсетіңіз.

● Нақты шекаралар мен шындыққа негізделген қарым-қатынас орнатыңыз. «Жоқ» деген сөзден кейін баланың істегіcі келетін нәрсеге балама нұсқаларды ұсыныңыз.

● Шешім қабылдау кезінде оңай түсінуге болатын нақты таңдауды ұсыныңыз. Мысалы, не кию керек, не ойнау керек.

Неге назар аудару керек

Кішкентай балалар өзін-өзі білдіруді және күшті эмоцияларды басқаруды үйренеді. Өз қажеттіліктерін білдіре алмаған кезде, олар кейде ашулануы немесе күйзеліске ұшырауы мүмкін. Балалар жабырқаңқы күйде болғанда, оларға тыныштандыратын және сезімдерін түсінетін сүюші ересек адам керек.

Аулақ болыңыз...
  • Зорлық-зомбылықтың кез-келген түрі, соның ішінде айқайлар мен соққылар. Бала теріс ортада өмір сүрген кезде, оның өсуі мен дамуына зиян келтіретін «уытты күйзеліс», сондай-ақ кейінгі өмірдегі ұзақ мерзімді мәселелер дамуы мүмкін.
  • Ата-аналар мен баланың айналасындағы адамдар арасындағы жиі жанжалдар. Қоршаған ортадағы шиеленіс балалар үшін күйзеліс тудыруы мүмкін – олар өздерін қажетсіз, дәрменсіз және осал сезінуі мүмкін.
  • Немқұрайлылықтың кез-келген түрі. Балалар үнемі назар аударуды, сүйіспеншілік пен қамқорлықты қажет етеді, бұл олардың сау өсуі мен дамуына ықпал етеді.

Есте сақтаңыз: өзіңізге қамқорлық жасау да маңызды

Сіз еметін жастағы немесе бөбек жасындағы баланың ата-анасы болсаңыз да, әр түрлі уақытта көптеген эмоциялардың кең спектрін сезінетін боласыз. Және бұл қалыпты жағдай. Эмоцияларға қуаныш, көңілсіздік, шаршау және қызбалық жатады. Мұңайған кезде, өз күйзелісіңізді жеңуге уақыт табыңыз. 

● Айналаңызда жақсы әлеуметтік қолдау бар екеніне көз жеткізіңіз. Өзіңізге шамалы уақыт бөлу үшін аздап  жалғыз болуға тырысыңыз.

● Жеткілікті ұйқы, дұрыс тамақтану және физикалық белсенділік туралы ұмытпаңыз.

Әр жаңа ата-ана қандай-да бір түрде күйзелісті бастан кешіреді, бірақ қолдау сұрауға және өз қажеттіліктеріңізді қанағаттандыруға уақыт бөлуге қорықпаңыз.