Баланың тамаққа тұншығып қалуы немесе демі қысылып қалуы болмауы үшін не істеу керек

Балалардың қауіпсіздігін сақтап, төтенше жағдайда не істеу керегін біліп жүріңіз.

ЮНИСЕФ
prevent choking, suffocation and strangulation
UNICEFKazakhstan/2023/Galina Sorokina
13 ақпан 2026

Қоршаған ортаны танып жүрген кезде кішкентай балалар жиі қолына түскен заттарды аузына салады. Сол себепті күнделікті қолданылатын кейбір заттар қауіпті болуы мүмкін. Ата-аналар мен балаларға қарайтын ересектер мұны ескергені маңызды, өйткені балалар аузына салған заттан тұншығып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайлар, әсіресе бес жасқа дейінгі балалар арасында, жарақат пен өлімнің жиі кездесетін себептерінің бірі болып табылады.

Көп жағдайда мұндай қауіптен сақтануға болады. Үйде аздаған өзгерістер жасап, қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұстансаңыз, балаға төнетін қауіп азаяды.

Балалар көбіне неден тұншығып қалуы мүмкін?

• Қатты, домалақ, үлкен немесе жабысқақ тағамдар, мысалы жаңғақтар мен қатты кәмпиттер
• Үйде болатын кішкентай заттар, мысалы кішкентай ойыншықтар, түймелер мен тиындар

Қауіпсіз ұйқы туралы ескерту: егер бала үлкендердің төсегінде ұйықтаса, қауіп артады. Жастықтар, көрпелер немесе үлкен адамның денесі баланың дем алуына кедергі келтіруі мүмкін.

>Қауіпсіз ұйқы туралы толығырақ біліңіз

Баланың тамақтанғанда тұншығып қалу қаупін қалай азайтуға болады

Тамақтану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз

• Тағамды балаға ыңғайлы, өте кішкентай бөліктерге бөліп беріңіз. Жүзім мен черри қызанақты ұзын бойымен кесу керек.
• Кішкентай балаларға жаңғақ, қатты кәмпит және попкорн бермеңіз.
• Үлкенірек балаларды асықпай жеуге және тамақты жақсы шайнауға үйретіңіз.
• Бала тамақ ішіп отырғанда әрдайым қасында болыңыз.
• Бала тамақты отырып жеуі керек, жүгіріп, жүріп немесе жатып жеуге болмайды.

Үйді бала үшін қауіпсіз етіңіз

• Ойыншықтардың көлемі мен пішінін тексеріңіз, ішінде кішкентай бөліктері бар ойыншықтарды қолданбаңыз.
• Тиындарды, батарейкаларды және әшекейлерді балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз.
• Балалар киіміндегі және капюшондағы бауларды алып тастаңыз.
• Баланың төсегін перде немесе жалюзи бар терезеден алыс қойыңыз.
• Перде мен жалюзидің жіптерін байлап қойыңыз немесе қысқартыңыз.
• Балаларға шарлармен ойнауға немесе оларды үрлеуге рұқсат бермеңіз, өйткені аузына салып қойса, дем алуына кедергі келтіруі мүмкін.

Оқыңыз: Үйді бала үшін қауіпсіз ету жолдары

Қауіпсіз ұйқы ережелерін сақтаңыз

• Баланы әрдайым арқасымен жатқызып ұйықтатыңыз, төсегі қатты болсын, ішінде жастық, көрпе және жұмсақ ойыншықтар болмасын.
• Баламен бір төсекте ұйықтамаңыз.

>Кенеттен нәресте өлімі синдромы (SIDS) туралы және сәбиіңіздің қауіпін қалай азайтуға болатыны жайлы оқыңыз

Мүмкіндігі шектеулі балалар және тұншығып қалу қаупі

Кез келген адам кез келген жаста тұншығып қалуы мүмкін, бірақ мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қауіп жоғарырақ. Егер бала қолына түскен заттарды аузына сала беретін болса, оған ерекше көңіл бөліп, ондай заттарды қолы жетпейтін жерде сақтаған жөн.

Төтенше жағдайға қалай дайындалу керек

Барлық сақтық шараларын сақтасаңыз да, қауіпті жағдайлар болып қалуы мүмкін. Сондықтан алғашқы көмек көрсетуді үйреніп алған маңызды. Жақын жердегі алғашқы көмек курсын тауып, одан өтіңіз. Бұл бала тұншығып қалса, қалай әрекет ету керегін білуге көмектеседі.
Үлкенірек балаларды да осындай курстарға қатысуға шақырыңыз. Арқасынан ұру және кеудесіне басу сияқты тәсілдерді білу баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Балаға дем алу қиын екенін қалай байқауға болады

• Жылай алмайды
• Дыбыс шығармайды
• Жөтеле алмайды
• Дем ала алмайды

Егер бала тұншығып қалса, не істеу керек

Егер баланың дем алуы қиындағанын байқасаңыз, төмендегі әрекеттерді орындаңыз.

1-қадам

Баланың арқасынан бес ретке дейін ұрыңыз.
Баланы бетімен төмен қаратып, өзіңіздің саныңыздың үстіне жатқызыңыз. Басы денесінен төменірек болсын. Арқасының жауырын тұсынан нықтап бес ретке дейін ұрыңыз.
Егер осыдан кейін демі ашылмаса, 2-қадамға өтіңіз.

2-қадам

Егер демі әлі де ашылмаса, кеудесіне бес ретке дейін басыңыз.
Баланы шалқасынан аударыңыз. Екі саусағыңызды кеудесінің ортасына, емізік сызығынан сәл төмен қойыңыз. Төмен қарай нықтап бес ретке дейін басыңыз.

3-қадам

Егер демі әлі де ашылмаса, жедел жәрдем шақырыңыз. Көмек келгенше немесе бала қайта дем ала бастағанша алдыңғы қадамдарды қайталай беріңіз.

Балада тыныс алу бұзылғанын көрсететін белгілер

• Мойнын немесе кеудесін ұстайды
• Дем ала алмайды немесе жөтеле алмайды
• Сөйлей алмайды

Егер баланың дем алуы қиындаса, не істеу керек

Егер баланың дем алуы қиындағанын байқасаңыз, төмендегі әрекеттерді орындаңыз.

1-қадам

Баланың арқасынан бес ретке дейін ұрыңыз.
Арқасының жауырын тұсынан нықтап бес ретке дейін ұрыңыз. Егер көмектеспесе, 2-қадамға өтіңіз.

2-қадам

Баланың ішіне бес ретке дейін басыңыз.
Баланың белінен ұстап, кіндіктен сәл жоғары тұсынан ішке және жоғары қарай нықтап басыңыз.

3-қадам

Егер баланың демі әлі де ашылмаса, жедел жәрдем шақырыңыз. Көмек келгенше немесе бала қайта дем ала бастағанша алдыңғы әрекеттерді қайталай беріңіз.

Балаларды үнемі бақылап, үйді қауіпсіз етіп, қауіпсіз ұйқы ережелерін сақтасаңыз, баланың дем алуы қиындайтын жағдайлардың қаупін едәуір азайтуға болады.