Сәбидің ұйқысы

Ата-аналар жиі қоятын сұрақтарға жауаптар.

ЮНИСЕФ
baby sleep
UNICEF_Kazakhstan_2021_Aleksandra_Goncharova
24 ақпан 2026

Бірінші жылы сәбидің қанша ұйықтайтыны — немесе мүлде ұйықтамайтыны! — көптеген ата-ананы алаңдатады. Төменде сәбидің ұйқысы туралы ең жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар берілген.

 

Баланы қалай қауіпсіз ұйықтатуға болады?

Түнде сәбидің қауіпсіздігі үшін қауіпсіз ұйқының ABC қағидасын есте сақтаңыз:

Әрқашан баланы арқасымен, айналасы бос ұйықтау орнына жатқызыңыз. Төсекте жұмсақ қоршаулар, ойыншықтар, жастықтар және бос төсек жабдықтары болмауы керек.

Ұйықтау үшін ең қауіпсіз орын — баланың жеке, таза төсегі. Сәбиді қатты әрі тегіс жерге жатқызу керек, ешқандай биік жерлері болмауы тиіс.

Үйде күндіз де, түнде де темекі түтіні болмауы маңызды. Жүктілік кезінде немесе туғаннан кейін темекі түтініне ұшыраған балаларда Кенеттен Нәресте Өлімі Синдромының қаупі жоғары болады.

Алғашқы алты айда сәби күндіз де, түнде де ересек адамның жанында болуы керек. Сіз жақын болғанда ол өзін қауіпсіз сезінеді.

 

Баланы ұйқыға қалай киіндіру керек?

Киім мен төсек жабдықтары сіз тұратын жердің ауа райына сай болуы тиіс. Ұйқы кезінде баланың басы жабық болмауы керек. Бұл қызып кетудің немесе тұншығу қаупінің алдын алады.

 

Баланы қалай ұйықтатуға болады?

Уақыт өте келе сәби күн мен түннің айырмасын түсіне бастайды. Түннің ұйқыға арналғанын ұғындыру үшін тыныш орта жасаңыз. Баланы жайлап тербетіп, бәсең дауыспен бесік жырын айтуға болады. Тамақтандырғаннан, кекірткеннен, жөргегін ауыстырып, ұйқы киімін кигізгеннен кейін жатқызыңыз.

Балам ұйықтамайды, мен қатты шаршадым. Не істеу керек?

Егер сәби ұзақ жыласа, сіздің де жылағыңыз келуі мүмкін, әсіресе ұйқыңыз қанбаса. Мұндай жағдайда шаршау мен күйзеліс сезіну қалыпты жағдай. Сіз жалғыз емессіз. Сабыр сақтап, тыныш болуға тырысыңыз. Балалар ересектердің көңіл күйін сезеді.

Кейде бәрін жасап көргендей болсаңыз да, сәби жылай береді. Егер ашуланып бара жатқаныңызды сезсеңіз, баланы қауіпсіз жерге жатқызып, 5–10 минутқа үзіліс жасаңыз. Содан кейін қайта келіп көріңіз.

Қанша ашулансаңыз да, баланы ешқашан сілкімеңіз, ұрмаңыз және айқайламаңыз.

Көмек сұраудан қорықпаңыз. Мүмкіндік болса, серіктесіңізден, туысыңыздан немесе досыңыздан баланы қарап беруді сұрап, өзіңіз аздап демалыңыз.

 

Бала қашан түні бойы ұйықтай бастайды?

Бала мен ата-ана толық түн ұйқысын қашан алатынын нақты айту мүмкін емес. Ұйқы тәртібі өскен сайын өзгереді. Мысалы, алты айлық сәби түні бойы тыныш ұйықтауы мүмкін, бірақ 12 айға келгенде қайта жиі ояна бастайды.

Жас ұлғайған сайын ұйқы қажеттілігі өзгереді. Алғашқы төрт айда ұйқы ұзақтығы әртүрлі болады. Әдетте 0–3 айлық сәбилер тәулігіне 14–17 сағат, ал 4–11 айлық балалар 12–15 сағат ұйықтайды. Егер балаңыздың ұйқысы сізді алаңдатса, педиатрға жүгініңіз.

 

Бала қашан етбетімен ұйықтай алады?

Баланы арқасымен жатқызу — қауіпсіз ұйқының ең маңызды тәсілдерінің бірі. Әрбір күндізгі және түнгі ұйқыда баланы арқасымен жатқызыңыз, себебі бұл  Кенеттен Нәресте Өлімі Синдромының қаупін айтарлықтай азайтады.

Бала өздігінен арқасынан ішіне және қайтадан аунай алатын кезде, ол ұйқыға ыңғайлы қалпын өзі таңдай алады. Бұған дайындалуға ояу кезде, ересектің бақылауымен ішпен жатқызу көмектеседі.

 

Ұйықтап жатқан баланың кекіруіне қалай көмектесуге болады?

Баланы тік ұстап, иығыңызға тіреуге немесе тізеңізге отырғызуға болады, тіпті ол ұйықтап жатса да. Егер сәби кекірмесе, ауа табиғи жолмен шығады.