«Шерентинг» туралы нені білу маңызды
Цифрлық дәуірде баланың жеке кеңістігін қалай қорғауға болатыны жөніндегі мамандардың кеңестері.
Цифрлық дәуірде ата-ана болу оңай емес. Әлеуметтік желілер, смартфондар және басқа технологиялар өте жылдам дамып жатыр. Кейде олар балаларымыздан да тез дамып жатқандай көрінеді. Тіпті ниетіміз дұрыс болса да, оларды қалай қауіпсіз қолдану керегін түсіну әрдайым оңай емес.
Көптеген ата-аналар мен қамқоршылар балаларымен және жасөспірімдерімен байланысты суреттер мен оқиғаларды отбасы мен достарымен бөлісу үшін жариялайды. Олар өмірдегі қуанышты сәттерді жақындарымен бөліскісі келеді. Алайда интернетте балалар туралы ақпарат жариялау, яғни «шерентинг», белгілі бір қауіптермен байланысты екенін түсіну маңызды.
Біз шерентинг саласының маманы Стейси Стейнбергпен сөйлесіп, баланың онлайн кеңістіктегі жеке өмірін қалай қорғауға болатыны, оның пікірін қалай ескеру керегі және келісім ұғымын ерте жастан қалай үйретуге болатыны туралы сұрадық.
Шерентинг деген не?
Стейси Стейнберг: Мен шерентингті ата-аналардың балалар туралы отбасынан тыс ортада айтуы деп түсіндіремін. Бұл әлеуметтік желідегі суреті бар жазба, бала туралы блогтағы әңгіме, WhatsApp сияқты мессенджер арқылы жіберілген видео және басқа да ұқсас әрекеттер болуы мүмкін.
“Балалар туралы онлайн бөліскен кезде оларды шешім қабылдау процесіне қоспасақ, біз маңызды бір мүмкіндікті жіберіп аламыз. Ол — балаларға келісімнің не екенін үйрету және соны өз ісімізбен көрсету.”
Балалар туралы интернетте жариялау кезінде ата-аналар нені ескеруі керек??
Бұл жерде ойлануды қажет ететін екі маңызды мәселе бар.
Біріншісі — балаларға келуі мүмкін нақты зиян. Кейбір ересектер интернетте көрген контентке сүйеніп, баламен байланыс орнатуға немесе оған зиян келтіруге тырысуы мүмкін. Кейбір елдерде деректермен айналысатын ұйымдар ата-аналар жариялаған ақпарат негізінде балалар туралы цифрлық досье құрастырады. Олар баланың болашақтағы мінез-құлқы, айтатын сөздері немесе денсаулығы туралы болжамдар жасауы мүмкін.
Сонымен қатар жалған суреттер де алаңдаушылық тудырады. Баланың суреті заңсыз немесе зиянды мақсатта қолданылуы мүмкін. Немесе біреу мем жасап, ол кең таралып, баланы жағымсыз қырынан көрсетуі ықтимал. Қазір мұндай жағдайлар жиі емес, бірақ болашақта, әсіресе жасанды интеллект дамыған сайын, қалай өзгеретінін білмейміз.
Екінші мәселе — тәрбиеге байланысты. Егер біз балалар туралы ақпаратты олармен талқыламай жарияласақ, келісім туралы үйрету және олардың жеке кеңістігін құрметтейтінімізді көрсету мүмкіндігін жібереміз.
Балалар өскенде және өздері әлеуметтік желі қолдана бастағанда, біз олардың да біздің жеке өмірімізді құрметтеп, біз қаламайтын суреттерді жарияламағанын қалаймыз. Сол сияқты, олар басқа адамдардың да шекарасын сыйлап, рұқсатсыз сурет салмауын қалаймыз.
Балалар шерентингке қалай қарайды?
Жасымызға қарамастан, әр адамға өз бетімен шешім қабылдау маңызды. Біз басқалардың алдында қалай көрінетінімізді бағалаймыз. Бұл төрт-бес жастағы баланың қызғылт көйлек киюді қалап, күлгінді қаламауы да, немесе 12–13 жастағы жасөспірімнің әжесінің қолынан ұстап көрінгісі келуі немесе келмеуі де болуы мүмкін. Ересектерге бұл ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін, бірақ балалар үшін бұл өте маңызды.
Балалардың сезімі — әрдайым үлкен сезім. Сондықтан оларға оны білдіруге мүмкіндік беру керек. Кішкентай балалар жариялауға саналы түрде келісім бере алмайды. Сол себепті біз олардың ойын нақты айта алса, қалай сезінер еді деп ойлануымыз керек.
Тағы бір жайт бар. Егер біз оқиға болған сәттен кейін бірден фото немесе видеоны жариялап, оны балаға көрсетсек, бұл оның естеліктеріне әсер етуі мүмкін. Балалық шақтың естеліктері суреттер арқылы «қайта жазылып» кетуі ықтимал. Сондықтан қашан және қалай бөлісетінімізге мұқият болған жөн. Баламен бірге болғанда телефонға аз алаңдап, лентаға емес, сол сәтке көңіл бөліп, балаға өз естелігін өзі қалыптастыруға мүмкіндік берген дұрыс.
Ата-аналар баланың цифрлық кеңістіктегі жеке өмірін қалай қорғай алады?
Ата-аналар балалар туралы тым жеке ақпаратты жарияламауға тырысуы керек. Мысалы, ұятқа қалдыратын әңгімелер мен суреттерді, тіпті өздеріне күлкілі көрінсе де, жарияламаған жөн. Баланың көзқарасымен қарауға тырысу маңызды. Сондай-ақ балалардың жалаңаш немесе жартылай жалаңаш суреттерін салуға болмайды, себебі мұндай контентті жаман ниетті адамдар пайдаланып кетуі мүмкін.
Баламен не бөлісіп жатқаныңызды және оны жариялау туралы шешімді қалай қабылдайтыныңызды талқылау пайдалы. Математикада тек жауап емес, шешу жолы да маңызды. Бұл жерде де солай — балаға өз ойлау жолыңызды көрсетуге болады.
Дегенмен, бұл жауапкершілікті тек ата-аналардың өзіне арту дұрыс емес. Үлкен жауапкершілік саясат жасаушылар мен цифрлық платформаларға да жүктелуі керек. Олар отбасылар үшін қауіпсіз орта құруы тиіс. Технологиялар өте тез өзгеріп жатқанда, ата-аналардан барлық техникалық қыр-сырды түсінуді күту әділетсіз.
> Ата-аналарға арналған онлайн құпиялылық тексеру тізімін алыңыз
Басқалардан балаңыздың суретін жарияламауды қалай сұрауға болады?
Достарыңызбен және туыстарыңызбен бұл туралы ашық сөйлескен дұрыс. Балалар туралы ақпаратты әлеуметтік желіде жариялау салыстырмалы түрде жаңа құбылыс екенін де ескерген жөн. Барлығы бұл тақырыпқа бірдей мән бере бермеуі мүмкін. Сондықтан мұндай әңгімелерді түсіністікпен бастап, ашық сөйлесу арқылы өз қалауыңыздың құрметтелуіне қол жеткізуге болады.
Мектептерде және басқа ұйымдарда әлеуметтік желіге қатысты ереже бар-жоғын сұрауға болады. Егер ондай саясат болмаса, ата-аналар оны жасауға көмектесе алады. Себебі басқа отбасылар да балаларының суреті мен ақпараты қалай таралатынын бақылағысы келуі мүмкін.
Балалардың фото және видеосын қауіпсіз бөлісуге бола ма?
Интернетте бөлісу ешқашан 100% қауіпсіз болмайды. Әрдайым қауіп пен ата-аналар көретін пайда арасында теңгерім іздеу қажет.
Егер отбасы бәрібір жариялауды шешсе, кімге арнап жариялап жатқанын (құпиялық баптаулары, жазылушыларды қаншалықты танитыныңыз), қанша ақпарат беріп жатқанын (орын, мектеп белгісі сияқты тануға болатын детальдар) және бұл контент баланы қазір немесе болашақта ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін бе — соның бәрін ескеру маңызды.
Кейде біз балаларды өз болмысымыздың бір бөлігі ретінде қабылдаймыз. Бірақ шын мәнінде олар — өз сезімі бар жеке тұлғалар. Өзің туралы бөлісу — бір басқа, ал үйдегі басқа адам туралы бөлісу — мүлде бөлек нәрсе.
“Біздің балалар — интернетте көп жарияланып өсіп жатқан алғашқы буын. Ал біз — балаларды әлеуметтік желімен қатар тәрбиелеп отырған алғашқы ата-аналармыз. Бұл шынымен де қиын.”
Егер сіз бұрын көп жариялап қойып, енді күмәндана бастасаңыз, не істеу керек?
Алдымен терең дем алыңыз. Көп ата-ана зиян келтіру үшін емес, баланың цифрлық ізі қаншалықты маңызды екенін түсінбегендіктен артық бөлісіп қояды.
Егер көзқарасыңызды қайта қарап жүрсеңіз, алғашқы қадам — бұрынғы жарияланымдарды қарап шығып, мүмкіндігінше қажетсізін өшіру. Кей платформаларда суретті өзіңіз өшіре алмасаңыз, арнайы сұрау жіберуге болады.
Сондай-ақ шамамен 9–10 жастан бастап балаларды бірге әлеуметтік желі жазбаларын қарап, өздеріне қажет емесін өшіруге тартуға болады. Мұны бірнеше ай сайын тұрақты түрде жасап отырған пайдалы.
Балалар үшін бұл процеске қатысқаны маңызды. Бұл бәріміз үшін оңай емес. Балаларымыз — онлайнда көп жарияланып өсіп жатқан алғашқы буын, ал біз сонымен бірге үйреніп келе жатырмыз.
Стейси Стейнберг — ана, құқық профессоры және Флорида университетінің Балалар мен отбасы орталығының директоры. Ол ата-аналарға арналған «Growing up shared: How parents can share smarter on social media and what you can do to keep your family safe in a no privacy world» атты бестселлердің авторы.