Қазақстан балаларының болашағына инвестиция: бала құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа басқармалардың 170 маманы оқудан өтті
- русский
- Қазақша
АСТАНА, 2026 жылғы 17 шілде – Астанада Бала құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа өңірлік басқармалардың қызметкерлеріне арналған оқыту семинарларының топтамасы аяқталды. Семинарларды ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп ұйымдастырды. Оқу үш апта бойы Maqsut Narikbayev University алаңында өтті. Оған бүкіл елден, соның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 170 маман қатысты. Олардың қатарында бала құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік басқармалардың басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер бар.
Бала құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік басқармалар — жергілікті жерлерде бала мен отбасын қолдаудың алдыңғы шебіне айналатын жаңа құрылымдар. Бұл дегеніміз — қажетті көмек елдің әр өңірінде анағұрлым жедел әрі қолжетімді түрде көрсетіледі деген сөз. Бұл жұмыстың басты мақсаты — әрбір баланың физикалық тұрғыдан да, менталды (психикалық) тұрғыдан да қорғалуын қамтамасыз ету. Сондықтан да ЮНИСЕФ аталған ұйымдардың мамандарын даярлауды адами капиталға және елдің болашағына жасалған ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырады.
«Бұл басқармалардың құрылуы — жай ғана әкімшілік өзгеріс емес. Бұл — әр өңірде балалар мен отбасыларға көрсетілетін көмектің қолжетімді, жедел әрі дер кезінде болуын қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Балалар — елдің ең құнды адами капиталы. Бүгін олардың қауіпсіздігі мен дамуына инвестиция сала отырып, біз бүкіл Қазақстанның орнықты болашағының іргетасын қалаймыз. Әрбір бала, оның қайда тұратынына қарамастан, уақтылы қорғау, қолдау мен көмек алуға тиіс»,
– деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар семинар қатысушыларына арнаған сөзінде.
Әр семинардың үш күндік бағдарламасы аясында қатысушылар келесі құралдарды меңгерді: жағдай дағдарысқа ұласпай тұрып балаға төнетін қауіп-қатерді қалай анықтауға болады, балаға қатысты жағдайды (кейс-менеджментті) алғашқы жүгінген сәттен бастап оңтайлы шешім қабылданғанға дейін қалай жүргізу керек және бала ведомстволар арасында елеусіз қалмас үшін соттармен, полициямен және қорғаншылық органдарымен қалай үйлесімді жұмыс істеу қажет.
Бұл тақырыптардың артында нақты балалардың тағдыры тұр. Қазақстан қазірдің өзінде оң нәтижелер көрсетіп отыр: Көп индикаторлы кластерлік зерттеу (MICS-2024) мәліметтері бойынша, қатыгез тәрбиелеу әдістеріне ұшырайтын 1 мен 14 жас аралығындағы балалардың үлесі 2015 жылғы 52,7%-дан 2024 жылы 37,9%-ға дейін төмендеді. Бұл — айтарлықтай ілгерілеушілік, сонымен бірге әлі де атқарылар жұмыстың көп екенін еске салатын көрсеткіш: елдегі балалардың үштен бірінен астамы әлі күнге дейін үйінде зорлық-зомбылыққа тап болады. Қазақстанда 21 мыңнан астам бала жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған; мемлекеттің жүйелі жұмысының арқасында олардың көпшілігі отбасылық ортада — қорғаншылықта, патронаттық немесе асырап алушы отбасыларда өсіп жатыр, алайда жыл сайын 3884-ке жуық бала әлі де интернаттық үлгідегі мекемелерге түседі. Бала құқықтарын қорғау басқармаларының күнделікті жұмысы дәл осы балалар мен олардың отбасыларын қолдауға бағытталған.
Астанадағы оқу тек алғашқы қадам ғана болды. 2026 жылғы тамызда тренерлерді дайындауға арналған мастер-тренинг жоспарланған, одан кейін кейс-менеджмент жөніндегі мамандарды оқытудың толық курсы — соның ішінде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалармен жұмыс істеу, баланың жағдайын бағалау және көмек көрсету, сондай-ақ балаларды қорғаудың басқа да негізгі бағыттары бойынша оқу курсы Қазақстанның әр өңірінде өтеді. Бұл — елдің әр облысында балаға дер кезінде көмекке келуге қабілетті, арнайы даярланған команданың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін тағы бір қадам. ЮНИСЕФ балаларды қорғауды әр өңірде жақынырақ әрі жеделдету мақсатын қолдайтын серіктестермен бірге осы жұмыстың барлық кезеңдерінде техникалық сараптама ұсынуды жалғастырады.
ЮНИСЕФ әрбір бала өзінің толық әлеуетін іске асыра алуы үшін ұлттық балаларды қорғау жүйесін нығайтуда Қазақстан Үкіметі мен барлық серіктестерді одан әрі қолдауға бейілділігін растайды.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.