Қазақстан мен Өзбекстандағы 100 000-нан астам бала суды үнемдеу бойынша білім алып, жаңа дағдыларды меңгеруде

01 Шілде 2026
AFD supported project
UNICEFKazakhstan/2026/Amirkhan Makhambetov

Астана, 2026 жылғы 29 маусым — ЮНИСЕФ серіктестерімен бірлесіп, Қазақстан мен
Өзбекстандағы балалар мен жастар арасында суды ұқыпты пайдалану мәдениетін
қалыптастыру бастамасын кеңейтуде. Астанада «Су және білім» жобасын басқару
комитетінің екінші отырысы өтті. Бұл жобаны ЮНИСЕФ Францияның даму агенттігінің
(AFD) қолдауымен және екі елдің үкіметтерімен, соның ішінде ҚР Су ресурстары
және ирригация министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Өзбекстанның Мектепке
дейінгі және мектептегі білім беру министрлігі мен Су шаруашылығы министрлігі,
сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорымен серіктестікте іске асыруда.

Климаттың өзгеруі әлемдегі ең осал аймақтардың бірі — Арал теңізі өңіріндегі су
тапшылығын ушықтырып отыр. Бүгіннің өзінде Қазақстандағы балалардың 55%-дан
астамы, ал Өзбекстанда 89%-ы су тапшылығын сезінуде. Сонымен қатар,
Қазақстандағы балалардың 84%-ы және Өзбекстандағы балалардың 91%-ы аптап
ыстықтың зардабына ұшыраған. Бұл жағдай балалардың денсаулығына, білім алуына
және дамуына тікелей әсер етіп, олардың лайықты болашаққа деген мүмкіндіктерін
шектейді.

Жобаның мақсаты — балалар мен жасөспірімдердің судың құндылығын ұғынып қана
қоймай, оны мектепте, үйде және өз ортасында тиімді пайдаланудың практикалық
дағдыларын меңгеруіне жағдай жасау.

«Бұл жоба — ең өзекті мәселелердің бірі болып табылатын су ресурстарының
тапшылығына қарсы бағытталған тиімді өңірлік ынтымақтастықтың маңызды үлгісі.
Біздің міндетіміз — тек білім беріп қана қоймай, әрбір бала өз ортасында суды
сақтауға үлес қосатын «өзгерістер елшісіне» айналуы үшін тұрақты мінез-құлық
үлгілерін қалыптастыру», 

— деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі
орынбасарының міндетін атқарушы Раушан Ибрашева.

Жоба қазірдің өзінде ауқымды нәтижелер көрсетуде. Қазақстанда 67 000-нан астам
бала мен 1 700 мұғалім бұл бастамаға тартылды. 10 ресурстық және 45 қосымша
мектепте суды үнемдеу тәжірибесі енгізіліп, 27 000-нан астам баланы біріктіретін
су клубтары құрылды. 2 800-ден астам оқу сессиясы мен 5 000-ға жуық іс-шара
өткізілді. «Su Sandygy» инновациялық жинағын қоса алғанда, 570-тен астам білім
беру материалы әзірленді. Ауқымды ақпараттық науқандар офлайн форматта жүздеген
мың баланы, ал онлайн кеңістікте 1,6 миллионнан астам жасты қамтыды.

Өзбекстанда 1 000 мектептен 50 000-нан астам оқушы суды үнемдеу бағдарламаларына
қатысты. 80 000-нан астам адам ақпараттық науқандармен қамтылып, пилоттық
мектептердегі 141 оқушы суды ұтымды пайдаланудың практикалық дағдыларын
меңгерді. Сонымен қатар, 113 жас климаттық көшбасшыдан тұратын қауымдастық
құрылып, олар тағы 500-ге жуық жасты өз қатарларына тартты. Оқыту процесі тек
теорияға емес, суды сүзу мен гидропоникадан бастап, экологиялық журналистика мен
қоғамдық бастамаларға дейінгі практикалық жұмыстарға негізделген.

Мектептерде тамшылатып суару, сүзу және суды қайта пайдалану жүйелері сияқты су
үнемдеу технологиялары енгізілуде. Бұл балаларға нақты шешімдерді іс жүзінде
көріп, оларды күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік береді. Мектептер тұрақты
әдеттер қалыптасатын орталыққа айналып, балалар бұл дағдыларды өз отбасылары мен
қауымдастықтарына таратуда, осылайша жобаның ұзақ мерзімді әсерін күшейтуде.

Келесі кезеңде мектептерде су үнемдеу инфрақұрылымын құру, суды үнемдеу және
климат тақырыптарын ұлттық оқу бағдарламаларына интеграциялау, жастарды тарту
және волонтерлікті дамыту, сондай-ақ су ресурстарын сақтау саласындағы өңірлік
ынтымақтастықты нығайту жоспарлануда. «Су және білім» жобасы балалар мен
жастардың білімі мен дағдыларына салынған инвестиция бүгіннің өзінде су
ресурстарын ұқыпты басқаруға және климаттың өзгеруіне тиімді бейімделуге
қабілетті ұрпақты қалыптастыратынын дәлелдейді.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы 

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады. 

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org

Біздің InstagramFacebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.