Әлемдегі балалардың жартысына жуығы бір-бірімен ұштасатын кемінде үш климаттық қатердің салдарына ұшырап отыр – ЮНИСЕФ
Климат жөніндегі жаңа баяндамаға сәйкес, құрғақшылық, экстремалды ыстық пен аптап ыстық толқындары бүкіл әлемдегі миллиондаған баланың өміріне қауіп төндіретін ең жиі кездесетін үштік қатер болып табылады.
НЬЮ-ЙОРК, 2026 жылғы 16 маусым – ЮНИСЕФ-тің бүгін жарияланған жаңа баяндамасына сәйкес, әлемдегі балалардың жартысына жуығы – шамамен 1,1 миллиарды – қазіргі уақытта бір-бірімен ұштасатын кемінде үш климаттық қатердің салдарына ұшырауда, бұл олардың денсаулығына, білім алуына және аман қалуына қауіп төндіреді. Баяндама авторлары әлемдегі әрбір бала дерлік кемінде бір климаттық қатерге кезігетінін, ал 4 миллионнан астам бала бір уақытта бірден алты қауіпке тап болуы мүмкін екенін ескертеді.
«2026 жылғы балалардың климаттық қауіп-қатерлері туралы баяндамада» (The Children’s Climate Risk Report 2026) балаларға жиі әсер ететін сегіз климаттық қауіптің (жағалаудағы су тасқыны, құрғақшылық, экстремалды ыстық, табиғи өрттер, аптап ыстық толқындары, өзен тасқындары, құм мен шаңды дауылдар, сондай-ақ тропикалық дауылдар) ықпалын картаға түсіру үшін қолжетімді соңғы мәліметтер пайдаланылған. Баяндама алғаш рет бір-бірімен ұштасатын көптеген климаттық қауіптердің балаларға және олар тәуелді өмірлік маңызды әлеуметтік қызметтерге нақты қай жерде және қандай қарқынмен әсер ететінін көрсетеді, сондай-ақ үкіметтердің осы сын-қатерлерге жауап ретінде қабылдай алатын нақты шараларын ұсынады.
«Аптап ыстық, орман өрттері, құрғақшылық пен су тасқыны балалардың өмірін талқандауын жалғастыруда, – деді ЮНИСЕФ-тің Атқарушы директоры Кэтрин Рассел. – Бүгінде әлемдегі балалардың жартысы олардың күнделікті өміріне әсер ететін бір-бірімен ұштасатын кемінде үш климаттық қатердің жағдайында өмір сүріп жатыр».
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, құрғақшылық, экстремалды ыстық пен аптап ыстық толқындары ең көп таралған климаттық қатерлердің үйлесімі болып табылады: 296 миллионнан астам бала осы үш фактордың барлығына бейім аймақтарда тұрады. Екінші ең жиі кездесетін үйлесім – құрғақшылық, экстремалды ыстық және тропикалық дауылдар – бүкіл әлем бойынша 115 миллионнан астам баланы тәуекелге ұшыратады.
Ең қатты зардап шеккен Африканың Сахель аймағында 4 миллионнан астам бала аптап ыстық толқындары, экстремалды ыстық, сондай-ақ құм мен шаңды дауылдар түріндегі үш еселі қатерге тап болуда. Сонымен қатар, Азияның бірқатар елдерінде, мысалы Бангладеш, Мьянма және Пәкістанда, балалар әлемнің кез келген басқа жерлеріне қарағанда бір уақытта әрі жоғары қарқынмен бірнеше климаттық қатердің салдарына ұшырайды.
Табысы жоғары елдер де климаттық күйзелістерден қорғалмаған. Мысалы, алынған мәліметтерге сәйкес, Италияда 6 миллионнан астам бала ұзаққа созылған аптап ыстық толқындары мен құрғақшылықтың әсеріне ұшыраған. Соған қарамастан, бұл елдің тәжірибесі климаттың өзгеруіне бейімделуге салынған инвестициялар балалар кезігетін кейбір қауіптерді қалай азайта алатынын көрсетеді, сондай-ақ климаттық дағдарыс ушыққан сайын одан әрі әрекет ету қажеттілігін айқындайды.
Қазақстанда балалардың 25,5%-ы, әсіресе құрғақ аймақтарда, экстремалды ыстықты, құрғақшылықты, сондай-ақ құм мен шаңды дауылдарды қоса алғанда, кемінде үш климаттық қатердің әсеріне ұшыраған. Климаттың өзгеруі су тапшылығын, жердің тозуын және ауа сапасының нашарлауын ушықтырып, балалардың денсаулығына, қауіпсіз суға қолжетімділігіне және білім алуына – әсіресе Қызылорда облысы сияқты аймақтарда кері әсерін тигізуде. «2026 жылғы балалардың климаттық қауіп-қатерлері туралы баяндамада» бұл қауіптердің үйлесімі білім беру, сумен жабдықтау және денсаулық сақтау сияқты өмірлік маңызды қызметтерге де салмақ салатыны атап өтілген. Бұған жауап ретінде ЮНИСЕФ жоспарлауды жетілдіру, қоршаған ортаның жай-күйіне байланысты балалардың денсаулығын қорғау жүйелерін нығайту, климаттық білімді оқу бағдарламаларына интеграциялау, «жасыл мектептерді» дамыту, суды үнемдеуді ынталандыру және жастардың климаттық бастамаларға жетекшілік ету мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Балаларға арналған климаттық қауіп-қатер индексін бейімдеу арқылы Қазақстанға қолдау көрсетуде.
Жиі кездесетін сегіз климаттық қатерден бөлек, баяндамада балалардың ауаның ластануы мен безгек ауруының әсеріне ұшырауы талданады – бұл екі қауіп климаттың өзгеру салдарына өте сезімтал. Мәліметтер көрсеткендей, ауаның ластануы әлемдегі әрбір балаға дерлік әсер етеді, ал 1 миллиард бала безгек ауруын жұқтыру қаупіне ұшырап отыр, бұл онсыз да көптеген климаттық қатерлерге тап болған балалар үшін қосымша қауіп тудырады.
Баяндамада сондай-ақ балалардың климаттық күйзелістерге ұшырау дәрежесі мен денсаулық сақтау, таза су, білім алу және т.б. базалық әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігімен анықталатын осалдығы негізінде олар кезігетін қауіп-қатерлердің әртүрлі түрлерін бағалауға арналған талдау құрылымы ұсынылған. Бұл тәсілді әртүрлі мақсаттарда қолдануға болады – жекелеген немесе бірнеше климаттық қатерлермен байланысты қауіптерді талдаудан бастап, әртүрлі секторлардағы қауіп-қатерлерді зерттеуге дейін, бұл балалардың әртүрлі жағдайларда кезігетін қауіптерін анықтауға мүмкіндік береді.
Мысалы, егер көптеген қатерлер мен осалдық факторларын бірге қарастыратын болсақ, Орталық Африка Республикасы немесе Чад сияқты теңізге шыға алмайтын дамушы елдердегі* және осал (әлсіз) мемлекеттердегі* балалар базалық қызметтерге қолжетімділіктің жоқтығы жағдайында бір-бірімен ұштасатын климаттық қауіптерге тап болады, бұл олардың салдарды еңсеруін және қалпына келуін айтарлықтай қиындатады. Сонымен қатар, баяндамаға сәйкес, Гаитиден Вануатуға дейінгі 24 шағын аралдық дамушы мемлекеттегі* барлық бала тропикалық дауылдардың әсеріне ұшырайды, бұл дауылдар бүкіл аралдардың өмірін бір уақытта тоқтатып, маңызды қызметтерді істен шығаруы мүмкін.
Баяндама авторлары парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша шұғыл шаралар қабылданбаса, климаттық қатерлер жиілей түсіп, күшейетінін, бұл мемлекеттік бюджеттер мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне үлкен салмақ түсіретінін, сондай-ақ балалардың әл-ауқатына қауіп төндіретінін ескертеді.
Балалардың құқықтарын климаттық қатерлерден қорғау және артып келе жатқан экологиялық өзгерістерге бейімделу үшін ЮНИСЕФ үкіметтерді, бизнес өкілдерін және басқа да мүдделі тараптарды мынадай шараларды қабылдауға шақырады:
- Шығарындылар көлемін азайту және қазба отынынан тез арада бас тартуды және жаңартылатын энергия көздеріне әділ көшуді қоса алғанда, озық ғылыми мәліметтер негезінде қолданыстағы халықаралық міндеттемелерді орындау үшін батыл әрекеттер жасау.
- Әлеуметтік қызметтердің тұрақтылығына басымдық беретін климаттың өзгеруіне инклюзивті бейімделу, апаттар қаупін азайту және шығындар мен залалдарға ден қою шаралары арқылы балаларды қорғауды қамтамасыз ету; балалардың мүдделері мен олар үшін өмірлік маңызды қызметтердің ұлттық бейімделу жоспарларына, салалық стратегияларға, апаттар қаупін басқару жүйелеріне, сондай-ақ дайындық пен ден қою жоспарларына енгізілуіне кепілдік беру. Бұл, мысалы, қауіпсіз әрі экологиялық таза («жасыл») білім беру мекемелерін және климат өзгерістеріне төзімді денсаулық сақтау мекемелерін құруды, балалардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, көптеген қатерлер туралы ерте хабарлау жүйелерін балалардың қажеттіліктеріне және олар тәуелді қызметтерге бейімдеуді, сумен жабдықтау және санитария жүйелерінің тиімділігін арттыруды, сондай-ақ сыртқы күйзелістерге жедел ден қоюға қабілетті әлеуметтік қорғау жүйелерін нығайтуды қамтиды.
- Балалар мен жастардың климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі қызметке сындарлы түрде қатысу мүмкіндіктерін кеңейту. Бұл климаттық білімге, білім мен дағдыларға инвестиция салу арқылы, сондай-ақ шешім қабылдаушы тұлғалар мен сарапшылардың балалардың өз пікірін білдіру, сөз бостандығы және өз өмірлеріне әсер ететін шешімдер қабылдауға қатысу құқықтарын құрметтеу саласындағы әлеуетін арттыру арқылы жүзеге асырылады.
«Бұл талдау үкіметтер мен шешім қабылдаушы тұлғаларға жұмысты тиімдірек жоспарлауға және тұрақты қызметтерге инвестиция салуға көмектеседі, – деп атап өтті Рассел. – Денсаулық сақтау және білім беру жүйелерін нығайта отырып, сондай-ақ инфрақұрылымды балалардың мүдделерін ескере отырып жаңғырта отырып, біз оларды бүгінгі климаттық қатерлерден қорғаймыз және олардың болашағын қамтамасыз етуге көмектесеміз».
Редакторларға арналған ескертпе:
Бала өміріндегі климаттық қатерлердің ықтимал ауырлығы мен жиілігін дәлірек түсіну үшін әдіснамада 100 жылдық қайталану кезеңіне негізделген ықтималдық моделі пайдаланылады. Бұл тәсіл кез келген нақты жылда туындау ықтималдығы жоғары экстремалды климаттық құбылыстарды тіркеуге және балалар ұшырайтын ең маңызды қатерлерді анықтауға мүмкіндік береді.
«2026 жылғы балалардың климаттық қауіп-қатерлері туралы баяндамада» (CCRR 2026) сегіз климаттық қатердің (жағалаудағы су тасқыны, құрғақшылық, экстремалды ыстық, табиғи өрттер, аптап ыстық толқындары, өзен тасқындары, құм мен шаңды дауылдар, тропикалық дауылдар) балаларға әсері, сондай-ақ климатқа сезімтал екі қауіп факторы (ауаның ластануы және трансмиссивті аурулар) қарастырылады, бұл ретте балалардың жеті бағыт бойынша осалдығы ескеріледі: сумен жабдықтау, санитария және гигиена (WASH), тамақтану, балаларды қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, кедейлік және балалардың аман қалуы.
Бұл баяндамада ЮНИСЕФ-тің 2021 жылғы «Климаттық дағдарыс – бұл бала құқықтарының дағдарысы» (The climate crisis is a child rights crisis) баяндамасымен салыстырғанда қауіп-қатерлер мен осалдықтардың кең ауқымын қамтитын жаңартылған мәліметтер мен модельдер берілген. Қазіргі уақытта талдау көптеген елдер мен аумақтарды, соның ішінде шағын аралдық дамушы мемлекеттерді қамтиды және көптеген қауіптерді бағалау үшін пиксельдік тәсілді қолданады, бұл координаталық тор түріндегі деректердің жоғары дәлдігін қамтамасыз етеді. Қауіп-қатерлер туралы деректер енді әр елдегі аумағы небәрі 100 шаршы шақырым болатын жерлер үшін қолжетімді, ал кейбір қатерлерді картаға түсіру 100 метрге дейінгі дәлдікпен орындалды.
Теңізге шыға алмайтын дамушы елдер (ТШДЕ) – бұл теңізге аумақтық шығу мүмкіндігі жоқ дамушы мемлекеттер. Әдетте, ТШДЕ-нің дамуына олардың әлемдік нарықтардан оқшаулануы және жоғары көлік шығындары кедергі келтіреді.
Осалдық (әлсіздік): ЭЫДҰ (OECD) анықтамасына сәйкес, бұл тәуекелдерге ұшырау мен мемлекеттің, жүйенің және/немесе қоғамдастықтың олармен күресу, олардың зардаптарын сіңіру немесе жеңілдету қабілетінің жеткіліксіздігінің үйлесімі. Осы баяндамада аса осал немесе жоғары осалдық жағдайында деп жіктелген елдер ортақ топқа біріктіріліп, «осал (әлсіз)» деп аталады.
Шағын аралдық дамушы мемлекеттер (ШАДМ) – аумағының шағындығы және шалғай аралдық географиялық орналасуы ерекше белгілері болып табылатын елдердің ерекше тобы. ШАДМ осалдығының бірегей факторларына олардың шағын көлемі, шалғайлығы, шектеулі шикізат пен экспорттық базасы, сондай-ақ сыртқы экономикалық күйзелістерге бейімділігі жатады.
«Балалардың климаттық қауіп-қатерлері туралы баяндамаға» сілтеме.
Мультимедиалық материалдар осында қолжетімді.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ең аз қамтылған және жету қиын жерлердегі балаларға ерекше назар аудара отырып, әрбір баланың құқықтарын барлық жерде қорғауды қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейді. Біз 190-нан астам ел мен аумақта балалардың аман қалуына, аман-есен дамуына және өз әлеуетін толық ашуына көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
ЮНИСЕФ және оның қызметі туралы қосымша ақпаратты мына сайттан таба аласыз: www.unicef.org
ЮНИСЕФ-тің қызметін X, Facebook, Instagram жәнеYouTube әлеуметтік желілерінде бақылаңыз.
Қосымша ақпарат алу үшін мына мекенжайға хабарласыңыз:
Ирис Бано Ромеро | ЮНИСЕФ, Нью-Йорк | [email protected]