Бірінші триместрге арналған нұсқаулық

Жүктіліктің алғашқы 13 аптасына арналған кеңестер.

ЮНИСЕФ
Your first trimester guide
UNICEF Global
23 Маусым 2026

Құттықтаймыз — сіз ана болуға дайындалып жатырсыз! Ата-ана болу — өмірдегі қуанышты әрі маңызды кезең. Бірақ бұл уақытта түрлі ойлар мен сұрақтар туындауы мүмкін. Бұл нұсқаулық жүктілік кезінде сізге пайдалы ақпарат береді деп сенеміз. Алғашқы 13 аптада сіздің денеңіз жаңа өмірдің дамуына бейімделіп, өзгере бастайды. Осы уақытта сәбиіңіз де қарқынды өсіп, дамиды. Төменде осы ерекше кезеңнің басында білуге пайдалы негізгі мәліметтер берілген.

How-Youre-Feeling

Қандай сезімдер болуы мүмкін

Денеңіз жаңа өмірді көтеруге дайындалып, үлкен өзгерістерден өте бастайды.

Сіз жүрек айну немесе шаршау сияқты белгілерді байқауыңыз мүмкін. Кейде керісінше, күш-қуатыңыз көбейгендей сезілуі мүмкін. Денеңізді тыңдап, қажет болса күнделікті әдеттеріңізді аздап өзгертіңіз. Әр әйел ерекше, әр жүктілік те әртүрлі өтеді. 

Жүктіліктің алғашқы белгілері мен симптомдары

Ай сайынғы етеккір циклі тұрақты әйелдер үшін жүктіліктің ең алғашқы белгісі — етеккірдің кешігуі. Кейде имплантациялық қан кету болуы мүмкін. Ол жеңіл етеккірге немесе аз мөлшердегі қан бөлінуіне ұқсайды. Бұл қалыпты жағдай болуы мүмкін, бірақ жүктілік кезінде кез келген қан кету байқалса, дәрігерге хабарлау керек.

Жүктіліктің ерте кезеңінде шаршау, жүрек айну немесе дәретке жиі бару сияқты белгілер де пайда болуы мүмкін.

 

Жиі кездесетін симптомдар

Жүктіліктің алғашқы апталарында гормондық өзгерістер бүкіл денеге әсер етеді. Әр жүктілік әртүрлі өтеді, бірақ бірінші триместрде мынадай белгілер пайда болуы мүмкін:

  • кеуде сезімталдығы және ауырсынуы
  • көңіл-күйдің жиі өзгеруі
  • жүрек айну немесе құсу (таңертеңгі жүрек айну)
  • дәретке жиі бару
  • салмақтың артуы немесе азаюы
  • қатты шаршау
  • бас ауруы
  • қыжыл
  • аяқтың құрысуы
  • бел және жамбас аумағындағы ауырсыну
  • кейбір тағамдарға ерекше құмарлық
  • кейбір тағамдарға кенеттен жиіркену
  • іш қату 

Өзіңізге күтім жасау

Жүктіліктің ерте кезеңіндегі белгілер кейде жайсыздық тудыруы мүмкін. Жағдайды жеңілдету үшін алдымен дәрігермен сөйлесіп, төмендегі ұсыныстарды қолдануға болады. Әр шешімді өз жағдайыңызға және қолжетімді мүмкіндіктерге қарай қабылдаңыз.

  • Жүрек айну немесе құсу кезінде имбирь, түймедақ, В6 дәрумені және/немесе акупунктура көмектесуі мүмкін.
  • Аяқ құрысқанда магний немесе кальций пайдалы болуы мүмкін.
  • Іш қату кезінде, егер дәрігер ұсынған тамақтану өзгерістері көмектеспесе, бидай кебегі немесе басқа талшық көздерін қолдануға болады.

Дұрыс тамақтану және тұрақты физикалық белсенділік жүктілік кезінде өте маңызды. Өзіңізге жайлы болғанша күнделікті қозғалысты жалғастырыңыз. Жүктілік кезінде белсенді болу денеңіздің өзгерістерге бейімделуін жеңілдетеді.

Сонымен қатар өзіңізге де, сәбиіңізге де жеткілікті қоректік заттар алу маңызды. Рационыңызға әртүрлі пайдалы тағамдарды қосыңыз: көкөністер, ет, бұршақ дақылдары, жаңғақтар, пастерленген сүт өнімдері және жемістер. Бұл денені энергиямен, ақуызбен, дәрумендермен және минералдармен қамтамасыз етеді.

How-Your-Baby-is-Growing

Балаңыз қалай дамиды

Бұл кезең балаңыздың дамуы үшін өте маңызды. Бірінші триместрде ағзаның негізгі мүшелері мен жүйелері қалыптаса бастайды. Осы уақытта мыналар дамиды:

  • ми және омыртқа
  • ішкі құлақ
  • жүрек тіні
  • жыныс мүшелері
  • саусақ тырнақтары
  • бауыр
  • қабақтар
  • ұйқы безі
  • бүйректер
  • қол, аяқ және басқа мүшелердің қалыптасуына арналған шеміршек
  • ауыз, көз және мұрын бұлшықеттері
  • саусақтардың арасындағы жарғақтар
  • өкпе

Ұрықтың өсуі әртүрлі себептерге байланысты өзгеше болуы мүмкін. Дегенмен бірінші триместрдің ішінде бала бірінші айдың соңында шамамен 0,64 см болады (күріш дәнінен де кішкентай). Ал 12-аптаға қарай шамамен 10 см-ге жетіп, салмағы шамамен 28 г болады.

(Деректер Cleveland Clinic мәліметтеріне негізделген.) 

Еліңізге қатысты нақты ақпаратты алу үшін денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарына жүгініңіз.

Қашан дәрігерге бару керек?

Жүктіліктің алғашқы 12 аптасында кем дегенде бір рет медициналық маманға қаралу қажет. Мүмкіндігінше ертерек қабылдауға жазылған дұрыс. Еліңіздегі нақты ұсыныстарды білу үшін денсаулық сақтау министрлігіне немесе дәрігеріңізге жүгініңіз.

Things-to-Look-Out-For.

Неге назар аудару керек

Әр әйелде жүктілік әртүрлі өтеді. Бірақ төмендегі белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігерге хабарласыңыз:

  • қатты спазм немесе ауырсыну
  • 38 °C-тан жоғары температура
  • қынап бөліндісінің жағымсыз иісі
  • зәр шығарғанда ауырсыну
  • қынаптан қан кету
  • қатты құсу