Қазақстандық оқушы қыздар білім беру үдерісіне бейнеойындарды енгізіп жатыр

ЮНИСЕФ пен ҚБТУ Қазақстанда алғашқы геймификация хакатонын өткізді

09 Тамыз 2023
Hackathon participants with Nazanine Alakija
UNICEF/2023/RuslanKostyrkin

АЛМАТЫ, 9 ТАМЫЗ, 2023 ЖЫЛ – Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) алаңында Геймификация хакатоны өтті. Хакатонға елу қазақстандық оқушы қыз қатысты. Олар бұған дейін БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ҚБТУ жанындағы GameLab бейнеойындарды әзірлеу және зерттеу зертханасымен бірлесіп дайындаған арнайы онлайн курсқа қатысқан болатын. Курс ЮНИСЕФ-тің STEAM (жаратылыстану ғылымдары, технологиялар, инжиниринг, шығармашылық және математика) салаларында қыздарға қолдау көрсету жөніндегі жаһандық бастамасының бір бөлігі болып табылады.

Тегін онлайн курс аясында ойын дизайны және оны құрастыру тұрғысынан негізгі дағдыларды игеріп, бейнеойын өнеркәсібімен танысқаннан кейін қыздар меңгерген дағдыларын екі күндік хакатон барысында іс жүзінде қолдана алды.

Бейнеойын өнеркәсібі жаһандық ойын-сауық секторындағы ең ірі және ең жылдам дамып келе жатқан салалардың бірі болып табылады. Әйелдер мен қыздар әлемдегі ойыншылардың жартысын құраса да, компьютерлік ойындар өнеркәсібі қызметкерлерінің арасында әйелдер 24% ғана құрайды. Қазақстандағы қыздар мектепте нақты ғылымдар бойынша жоғарырақ үлгерім көрсетеді, бірақ тек 14% ғана жоғары оқу орындарында STEAM мамандықтарын таңдайды. Стереотиптер мен орнығып кеткен әлеуметтік нормалар қыздардың «ерлерге арналған» деп саналатын салаларда мансап құруына кедергі келтіреді.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілі Артур ван Дизен былай деп атап көрсетеді:«Біз ЮНИСЕФ ұйымында қыздардың кез келген ғылым саласында, соның ішінде STEAM саласында жетістікке жете алатынына нық сенеміз. Қыздар мен әйелдер экономиканың барлық салаларына біркелкі қатыстырылатын болса, бұдан бүкіл қоғам пайда көреді. Сондықтан, біздің геймификация курсының және хакатонның көмегімен IT саласында мансап құруды армандайтын қазақстандық оқушы қыздарға қолдау көрсеткіміз келеді. Қыздар жағдайды өзгерте алады. Қажетті дағдыларды меңгеріп, ең бастысы, өздеріне сеніп, олар зиянды стереотиптер мен шектеуші әлеуметтік нормалардан ада әділетті болашақ құра алады».

Наза Алакия, гуманитарлық қайраткер, Evoca қорының негізін қалаушы және бас директоры, сондай-ақ, UNICEF NextGen Global бағдарламасының директоры және ЮНИСЕФ халықаралық кеңесінің мүшесі былай деп қосты: «Шығармашылықтары мен инновациялары қолдау тапса, қыздардың жаңа қиындықтарды шешуге және жаңа биіктерге жетуге керемет қабілеті бар. Сондықтан олард технологиялық еңбек нарығына дайындау өте маңызды. Хакатон қатысушылары ғылымда, технологияда, инженерияда және математикада әлі де ер адамдар үстем екенін біледі. Десе де, олар жағдайдың тез өзгеріп жатқанын да, сол өзгерістерді қолдап, жеделдету өз қолдарында екенін де біледі. Қыздар сын-қатерлер мен жаңа міндеттерден қорықпайды. ЮНИСЕФ олардың ұмтылыстарын қолдайды және оларға жаңа болашаққа мүмкіндік береді».

Онлайн курстың маңызды бөлігі ойын өнеркәсібінде биік мансап белестерін бағындырған әйелдер тарапынан қатысушыларға қолдау көрсетуі болды. Курсқа қатысқан әр қыздың тәлімгермен білім алу мүмкіндіктерін іздеу, жоғары бәсекелі еңбек нарығында өз құзыреттерін ілгері бастыру, отбасы мен мансапты бірге алып жүру, мамандық таңдау кезінде туындайтын басқа да мәселелер жайында әңгімелесу мүмкіндігі болды.

Александра Кнышева, геймификация бойынша білім беру жобасының жетекшісі: «Зерттеулерге сәйкес STEAM бағыттарына қызығушылық танытатын қыздардың саны, егер олардың ортасында үлгі алатын тұлғалар болса, екі есе артады екен. Бұл жайт бізді тәлімгерлікке назар аударуға және «girl2girl mentoring» бастамасын бастауға итермеледі, онын аясында осы өнеркәсіптегі табысты әйелдер қыздарға ойын құрастыру саласында мансап құруға қатысты кеңес және бағыт-бағдар бере алады. Біз үшін осы өнеркәсіпке қыздар керек екенін көрсету аса маңызды. Оларды гендерлік кедергілерді бірге еңсеруге ұмтылатын қолдаушы және ұйымшыл қауымдастық күтеді».

Геймификация курсының арқасында қыздар ойын құрастырудағы мамандықтардың алуан түрлерінің ара-жігін түсінді, Unity қозғалтқышын, геймдизайнды және бейнеойындар психологиясын, толықтырылған және виртуалды шындық негіздерін, сондай-ақ ойын құрастыру үшін ЖИ пайдалануды меңгерді. Хакатонда бағдарламаның ең белсенді қатысушылары алған білімдерін қолдана алды, сонымен қатар ұжымда жұмыс жасауды үйренді. Нәтижесінде қыздар мектеп оқушылары мен жастарға арналған наносеріктер жасау бойынша онлайн курсты геймификациялауға негіз бола алатын әлеуеті бар оқу-үйретуші ойындарының бірнеше прототиптерін ұсынды.

Медиа байланыс

Салтанат Жуманбаева
Даму бойынша коммуникация маманы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 702 999 7703

ЮНИСЕФ туралы

ЮНИСЕФ әр баланың құқықтары мен аман-саулығын қамтамасыз ету үшін қызмет етеді. ЮНИСЕФ серіктестерімен бірлесе отырып, дүние жүзіндегі 190 ел мен аумақта өз міндеттемелерін жүзеге асыру үшін жағдайы мүшкіл және оқшауланған балаларды қамтуға ерекше көңіл бөле отырып, балалардың игілігі үшін әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істейді.

ЮНИСЕФ қызметі туралы толығырақ www.unicef.org сайтында.

Біздің Instagram,Facebook және Twitter парақшаларымызға жазылыңыз.

GameLab KBTU  Бейнеойындарды әзірлеу және зерттеу зертханасы 2022 жылы Қазақ-Британ техникалық университетінің АТ және Инжиниринг мектебінің базасында құрылды. Зертхананың негізгі міндеттері: ҚБТУ студенттері мен кең аудитория үшін ойын әзірлеу және геймификация бойынша білім беру бағдарламаларын дайындау және енгізу; бейнеойындарды әзірлеу және зерттеу саласындағы студенттік жобаларға тәлімгерлік ету; бейнеойындар мен геймификация саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары. Зертхананың Instagram парақшасы

Александра Кнышева- GameLab KBTU бейнеойындарды әзірлеу және зерттеу зертханасының жетекшісі, Media Studies магистрі, Қазақстандағы Women in Games халықаралық ұйымының тұңғыш амбассадоры.

Назанин Алакия — UNICEF NextGen Global бағдарламасының директоры және ЮНИСЕФ халықаралық кеңесінің мүшесі. Ол, сонымен қатар, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, білім беру және әйелдер мен қыздарға қолдау көрсету сияқты салаларда жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым - Evoca қорының негізін қалаушы және бас директоры. Наза жас әйелдер мен қыздардың білімге қол жетімділігін қамтамасыз етуді қолдайды және климаттық дағдарыстың кешенді шешімдерін іздеуге және барлығына тең болашақ құруға бағытталған инновациялық бастамаларды қаржыландырады.

ЮНИСЕФ NextGen туралы

ЮНИСЕФ NextGen қауымдастығы-бұл 21-45 жас аралығындағы инвесторлар, әсер етушілер және креативтер тобы, олар ЮНИСЕФ-тің өмірді құтқару жұмыстарын қолдауға қаржылық ресурстарын, тәжірибесі мен ынта-жігерін жұмсайды.

ЮНИСЕФ NextGen Instagram

ЮНИСЕФ халықаралық кеңесі туралы

ЮНИСЕФ халықаралық кеңесі-бұл адамдардың бірегей қауымдастығы, олардың көпшілігі қаржылық ресурстарын, ықпалы мен тәжірибесін біріктіру арқылы қайырымдылық инвестицияларын балалардың пайдасына оңтайландырғысы келетін әлемдегі жетекші бизнес отбасылары мен әлемдік деңгейдегі ықпал етушілердің қауымдастығы. 2017 жылы құрылған Кеңес балалардың құқықтары үшін күресетіндерге шабыт беру, кірістіру және ынтымақтастық үшін жаһандық платформаны ұсынады.

https://www.unicef.org/partnerships/international-council