Мектепте оқитын қазақстандық қыздар бейнеойындар әзірлеуді игереді

ЮНИСЕФ пен ҚБТУ UniSat геймификациясы бойынша курсты іске қосады

24 Мамыр 2023
Девочка в очках виртуальной реальности
UNICEF

АЛМАТЫ, 2023 жылғы 24 мамыр – БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстан-Британ Техникалық Университеті жанындағы GameLab KBTU бейнеойындарды әзірлеу және зерттеу зертханасымен бірлесе отырып, “LEVEL UP: Бейнеойындар мен геймификацияға кіріспе” онлайн-курсын іске қосты. Курс қыздарды STEAM-бағыттарда (жаратылыстану ғылымдары, технологиялар, инжиниринг, шығармашылық және математика) қолдау жөніндегі ЮНИСЕФ жаһандық бастамасының бір бөлігі болып табылады.

Курс бейнеойындар индустриясы неден тұратыны мен онда қандай кәсіптердің бар екенін түсінуден бастап, ойын дизайны мен әзірлеудің базалық дағдыларын игеруге дейін бейнеойындар мен геймификацияның сан қырлы тақырыбына шолуды ұсынады. Жүзден астам қыз бала толығымен тегін негізде ұсынылатын осы курстан өте алады.

Александра Кнышева, жоба жетекшісі: “Біздің курсымыз барлық ниет білдірушілер үшін ашық, бірақ мектептің жоғары сыныптарында оқитын қыздарға баса назар аудара отырып әзірленген. Инклюзивті педагогикада “қиялдағы оқушы” деген ұғым бар – бұл педагог өзінің оқу бағдарламасын дайындаған кезде көз алдына елестететін адам. Өкінішке қарай, STEAM-пәндерді құрастырушылар, көбінесе, ұлдарға, бұл ретте айтарлықтай өршіл және өз-өзіне сенімді балаларға бағдарланады. Біз педагог ретінде осы көзқарасты еңсеруге ұмтыламыз. Курстың міндеті – қыздарға ойын әзірлеу мен геймификацияны өз мансабы үшін ықтимал қолайлы бағыт ретінде қарастыруға мүмкіндік беру. Зерттеулер көрсеткендей, көбінесе, жоғары сынып жасындағы, бұрын STEAM-ге қызығушылық танытқан қыздар гендерлік стереотиптердің қысымымен одан бас тартып, мансабын ең аз қарсылық жолы бойынша таңдайды”.

Курсты аяқтағаннан кейін ойын индустриясында мансаптық биіктерге жеткен әйелдерден консультация алу мүмкіндігі - болашақ мансапты STEAM-де таңдайтын қыздарды қолдаудағы маңызды қадам. Олар қыздармен жекелеген сессияларда білім беру мүмкіндіктерін іздеу, жоғары бәсекеге қабілетті еңбек нарығында өз құзыреттерін ілгерілету, отбасы мен мансапты бірге алып жүру және кәсіп таңдаған кезде туындайтын басқа да мәселелер жөнінде сөйлесе алады.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілі Артур ван Дизен: «Әйелдер мен қыздар әлемде бейнеойындар ойнайтындардың жартысын құрайды, бірақ әйелдердің 24%-ы ғана бейнеойындарды әзірлеу индустриясында жұмыс істейді. Стереотиптер мен қолданыстағы әлеуметтік нормалар қыздарға өз армандарын жүзеге асырып, STEAM-да мансап құруға кедергі келтіреді. Курсымыздың, менторлық пен хакатонның көмегімен біз IT саласында мансап құру туралы армандайтын, мектепте оқитын қазақстандық қыздарға қолдау көрсеткіміз келеді. Кодтауда, геймдизайнда, ойын өнімдерін әзірлеуде, графика мен анимация жасауда қажетті дағдылар мен білімге ие бола отырып, қыздар цифрлық болашағымыздың сәулетшілері бола алады».

Онлайн-курстың бірінші ағыны аяқталғаннан кейін бүкіл Қазақстаннан 50 қыз бала ҚБТУ-да UniSat курсының геймификация бойынша хакатонында бас қосады. Онда олар алған білімі мен дағдыларын іс жүзінде қолдана алады. Үздік командалық жоба UniSat курсының, ЮНИСЕФ пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ КЕАҚ 2020 жылы іске қосқан наноспутниктерді әзірлеу жөніндегі білім беру бағдарламасының геймификациясы үшін негіз болады.

Тіркеу нысанын толтырып, курстың бірінші ағынына қосылуға болады. ҚБТУ-дағы хакатонға қатысу үшін 19 шілдеге дейін “LEVEL UP” онлайн-курсынан және  “UniSat” онлайн-курсынан өту қажет.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. Өзінің серіктестерімен бірлесе отырып, ЮНИСЕФ өз міндеттемелерін іске асыру мақсатында әлемнің 190 елі мен аумағында, бұл ретте ең аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына ерекше назар аудара отырып, балалардың игілігі үшін, әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істейді.

ЮНИСЕФ қызметі туралы егжей-тегжейлі ақпарат www.unicef.org сайтында. 

Instagram-дағы, Facebook пен Twitter-дегі парақшаларымызға жазылыңыздар.

GameLab KBTU бейнеойындарды әзірлеу және зерттеу зертханасы 2022 жылы Қазақстан-Британ Техникалық Университетінің АТ және инжиниринг мектебінің базасында құрылды. Зертхананың негізгі міндеттері: ҚБТУ студенттері мен кең аудитория үшін ойын әзірлеу және геймификация бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру; бейнеойындарды әзірлеу және зерттеу саласындағы студенттік жобалардың менторингі; бейнеойындар және геймификация саласындағы ғылыми-зерттеу қызметі. Зертхананың Instagram-дағы парақшасы.

Александра Кнышева - GameLab KBTU бейнеойындарды әзірлеу және зерттеу зертханасының басшысы, Media Studies саласындағы МА, Қазақстандағы Women in Games халықаралық ұйымының алғашқы амбассадоры.