ЮНИСЕФ, Алматы облысының Әкімдігі және Ұлттық статистика бюросы МИКС зерттеуінің қорытындысы бойынша балаларды қолдаудың басымдықтарын анықтады
ҚОНАЕВ, 2025 жылғы 4 қыркүйек — Бүгін Алматы облысының Әкімдігінде Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) өкілдерімен ресми кездесу өтті. Диалогтың негізгі тақырыбы балалар мен жастардың жағдайы туралы өзекті деректер негізінде жасалған өңірдің әлеуметтік-экономикалық профиліне сүйене отырып, ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылау болды.
Тараптар әлеуметтік саясатта сараланған шешімдер қабылдау үшін құнды деректер берген Мультииндикаторлық кластерлік зерттеуді (МИКС) өткізу кезіндегі серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтті. Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің Өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар Әкімдік пен ҰСБ-ға ақпарат жинау мен талдаудағы ашықтығы және көрсеткен жәрдемі үшін алғысын білдіріп, мұндай тәсілдің тиімді жоспарлаудың кепілі екенін атап өтті.
Әкімшілік деректерге сәйкес, өңірде тұрақты экономикалық өсім және әлеуметтік салада айтарлықтай жетістіктер байқалады. Өңірдің нақты ЖӨӨ 9,6%-ға өсіп, елдің ЖІӨ-дегі үлес салмағы 4,4%-ды құрады. Аймақ шағын және орта бизнесті дамыту бойынша 4-орын алады, бұл салада халықтың 32,9%-ы жұмыспен қамтылған. 2024 жылғы МИКС нәтижелері бойынша, Алматы облысы нәрестелерге жасалатын күтім бойынша елімізде бірінші орында: босанғаннан кейінгі бір апта ішінде 10 нәрестенің 9-ы медициналық бақылаудан өтеді. Сонымен қатар, өңірде 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жас әйелдер арасындағы туу көрсеткіші төмен (1000 адамға 11 жағдай), бұл табыс деңгейі жоғары елдердің көрсеткіштерімен салыстыруға келеді.
Сонымен қатар, сындарлы диалог болашақ бірлескен бағдарламаларға негіз болатын өсу нүктелерін анықтауға мүмкіндік берді. Зерттеу деректері бойынша, неонаталдық өлім-жітім мен 5 жасқа дейінгі балалар өлім-жітімі көрсеткіштерін одан әрі төмендету, сондай-ақ балалардың тамақтану сапасын жақсарту мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді. Себебі 5 жасқа дейінгі балалар арасында бойының өсуі тежеліп қалу үлесі республикалық көрсеткіштен жоғары және соңғы 10 жылда сол көрсеткіштің өсу үрдісі байқалады.
Деректерді талдау білім беру саласын инвестициялар үшін перспективалы бағыттардың бірі ретінде анықтады. 2-4 жас аралығындағы балаларды ерте жастан дамыту индексінің, мектепке дейінгі біліммен қамтудың және мектептегі оқыту сапасының көрсеткіштері одан әрі жақсартуға зор әлеуеті бар өсу нүктелері ретінде белгіленді. Осы орайда, зерттеу деректеріне сәйкес, балалардың жартысына жуығы (49,7%) тәрбиенің күш қолдану әдістеріне тап болатыны ескеріліп, позитивті ата-ана болу тәжірибесін ілгерілету жұмыстарын күшейтудің маңыздылығы атап өтілді.
Осы талдауға сүйене отырып, тараптар нақты қадамдарды белгіледі. Олардың қатарында — ерте араласу бағдарламаларын дамыту және сапалы мектепке дейінгі білімге қолжетімділікті кеңейту, балалардың денсаулығы мен тамақтануын жақсарту үшін патронаж жүйесін нығайту, сондай-ақ позитивті ата-ана болу тәжірибесін ілгерілету бағдарламаларын енгізу бар.
Кездесу соңында доктор Сарвар былай деп атап өтті:
«Алматы облысы — әлеуеті зор өңір, біз әкімдікті осы әлеуетті ашудағы сенімді серіктес ретінде көреміз. ҰСБ -мен бірлесіп жүргізген деректерді терең талдау жай ғана фактілерді тіркеуге емес, нақты әрі тиімді қолдау бағдарламаларын құруға мүмкіндік береді. Біз өңірдегі әрбір баланың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі ауқымды мақсаттарға бірлесіп жету үшін барлық қажетті сараптаманы ұсынуға және әкімдіктің бастамаларын қолдауға дайынбыз».
Тараптар өңірдегі барлық балалар мен жастар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта құруға бағытталған серіктестікті нығайтуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға бейілді екенін растады.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.
ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.