Жасанды интеллект дәуіріндегі ата-ана болу
Балалармен ЖИ туралы қалай сөйлесу керек
Чат-боттар, дауыстық көмекшілер және білім беру қосымшалары арқылы жасанды интеллект (ЖИ) көптеген отбасылардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді. Бұл тез дамып жатқан технология балаларға оқу мен әлемді танудың жаңа әрі қызықты мүмкіндіктерін ұсынады. Сонымен қатар, ол белгілі бір қауіптерді де қатар алып келеді. Ата-аналарға ЖИ тақырыбын отбасында қалай дұрыс қозғау керегін түсіндіру үшін біз Гарвард университетінің оқыту және білім беру саласындағы жасанды интеллект бойынша доценті Ин Сюймен сөйлестік.
Ата-аналар балаларымен ЖИ туралы қай жастан бастап сөйлесе алады?
Ин Сюй: Жасанды интеллект туралы балалармен ерте жастан бастап айтуға болады. Себебі көптеген балалар ЖИ-мен күнделікті өмірде кездесіп жүр. Тіпті бала өзі ондай құралдарды қолданбаса да, олар үйде болуы мүмкін, достарынан, мұғалімдерінен естуі немесе теледидар мен интернеттен көруі ықтимал. Ең жақсы тәсіл — баланың қызығушылығына сүйену. Бала ЖИ туралы сұрақ қойса немесе бір нәрсеге назар аударса, бұл әңгіме бастауға табиғи әрі оның жасына сай мүмкіндік болады.
Біз екі тұрақты жағдайды байқаймыз. Біріншіден, балаларға түрлі заттардың қалай жұмыс істейтіні қызық, оның ішінде ЖИ де бар. Сондықтан мұндай әңгімелер ересектер ойлағаннан оңай өтеді. Екіншіден, тіпті мектепке дейінгі жастағы балалар да ЖИ-дің не екенін және оның нені істей алатынын, нені істей алмайтынын түсіне алады. Осы негіздерді ерте түсіндіру балаларға ЖИ-мен күнделікті өмірде кездескенде өздерін сенімді сезінуге көмектеседі.
Ата-аналар ЖИ-ді кішкентай балаларға қалай түсіндіре алады?
Ин Сюй: Кішкентай балалар ЖИ-ді күнделікті таныс мысалдар арқылы жақсы түсінеді. Көптеген отбасыларда ЖИ қолданатын құрылғылар бар, мысалы робот-шаңсорғыш, ақылды колонка немесе қарапайым робот ойыншықтар. Осылардан бастау ыңғайлы. Мұндай құрылғылар тапсырманы орындайтынын, белгілі бір үлгілерді танитынын немесе дауысты тыңдайтынын айтуға болады. Бірақ олардың адамдар сияқты ойламайтынын және сезбейтінін де түсіндірген маңызды.
ЖИ-ді бірге зерттеу де пайдалы. Мысалы, бала сұрақ қойса, оны бірге чат-ботқа жазып, жауабын бірге қарап шығуға болады. Кейін сол жауапты талқылаңыз: қай жері пайдалы болды, қайсысы түсініксіз көрінді, жауап қалай пайда болуы мүмкін.
Үйдегі қарапайым мысалдар мен бірге зерттеу балаларға ЖИ-дің мүмкіндігі мен шектеуін біртіндеп түсінуге көмектеседі. Бұл ересектерге де баланың ойлауын бағыттауға жақсы мүмкіндік береді.
ЖИ балалар мен жасөспірімдердің оқуына қалай көмектесе алады?
Ин Сюй: ЖИ оқуға әртүрлі жолмен қолдау көрсете алады. Көптеген құралдар тақырыпты түсінікті етіп түсіндіреді, сұрақтарға жауап береді және тапсырмаларды баланың деңгейіне қарай бейімдейді. Зерттеулер көрсеткендей, арнайы оқу үшін жасалған ЖИ жүйелері арқылы балалар мұғаліммен оқығандай нәтижеге жете алады. Уақыты тығыз отбасылар үшін ЖИ ересек адам қолы тимей тұрған кезде пайдалы көмек бола алады.
Сонымен қатар алаңдататын тұстар да бар. Кейбір балалар оқу жауапкершілігін ЖИ-ге арта бастайды. Кейде бұл көмек сияқты көрінгенімен, мұғалімдер тым көп көмектің баланың өз бетімен ойлануына кедергі келтіретінін айтады.
Балалардың өзі де бұл қауіпті сезінеді. Кейбірі ЖИ-ге үйреніп қалу өздігінен ойлау мен мәселе шешу қабілетіне кері әсер етеді деп есептейді. Ең үлкен мәселе — әдеттің қалыптасуы. Егер бала әр сұрақта бірден ЖИ-ге жүгінуге үйренсе, кейін бұл әдеттен бас тарту қиын болады.
Ата-аналар балаларға ЖИ қолданғанда жеке мәліметтерін қалай қорғауды үйрете алады?
Ин Сюй: ЖИ құралдары жинайтын ақпарат әртүрлі болады. Кейбіреуі аккаунт ашу үшін баланың жасы, ата-ананың байланыс деректері немесе төлем туралы мәліметтерді сұрайды. Сонымен қатар балалар күнделікті қолдану кезінде де жеке ақпаратпен бөлісуі мүмкін. Бұл — аты-жөні, мектебі, күн тәртібі, достары немесе сезімдері болуы мүмкін.
Балалар үшін қандай ақпараттың жеке екенін түсіну әрдайым оңай емес. Үй мекенжайы немесе телефон нөмірі түсінікті. Ал сезім, достық немесе денсаулық туралы сұрақтар кезінде бала маңызды жеке мәліметті байқамай айтып қоюы мүмкін.
Жеке мәліметтерді қорғау үшін нақты әрекеттер де, тұрақты әңгіме де қажет. Ата-аналар баламен бірге құпиялылық баптауларын қарап, қандай деректер жиналатынын тексере алады. Сондай-ақ өзіне немесе өзгелерге қатысты ақпаратты бөлісер алдында ойлануды үйрету маңызды. Осындай әңгімелер уақыт өте келе дұрыс әдет қалыптастырады.
Сонымен бірге бұл жауапкершілік тек отбасыларға жүктелмеуі керек. Технологиялық компаниялар мен мемлекеттік органдар да қауіпсіз жүйелер жасауы тиіс. Бұл деректерді ұзақ сақтамау, артық ақпарат жинамау және оның қалай қолданылатынын ашық түсіндіруді қамтиды. Балалар тәуекелді әлі толық бағалай алмайды, сондықтан өнімдер олардың жасына сай болуы керек. Жеке мәліметтерді қорғау — саналы отбасылар мен жауапты жүйелердің бірлескен жұмысы.
> Толығырақ біліңіз: ата-аналарға арналған онлайн құпиялылық тексеру тізімі
Ата-аналар балаларға ЖИ (жасанды интеллект) сауаттылығын дамытуға қалай көмектесе алады?
Ин Сюй: Көптеген ересектер ЖИ өте тез дамып жатқандықтан, балаларды қалай дұрыс бағыттау керегін білмей қиналады. Мұндай жағдайда ата-ана әрдайым бәрін білетін маман болуы керек деген ойдан бас тартқан пайдалы. Қазіргі кезде ересектер мен балалар ЖИ-ді шамалас қарқынмен үйреніп жатыр. Сондықтан ЖИ-ді бірге үйрену, ашық болу, қызығушылық таныту және түсініксіз нәрселерді бірге талқылау — жақсы бастама бола алады.
Жаңа технологияларды терең үйренуге уақыты шектеулі ата-аналар үшін сыртқы ресурстар пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, Common Sense Media кейбір ЖИ-қосымшаларға бағалау жүйесін енгізді. Бұл ата-аналарға бағдар алуға көмектеседі.
Кейбір мектептер оқу процесінде қолдануға рұқсат етілген ЖИ-құралдарының тізімін жасайды, әсіресе оқу мен математика бағытында. Мұндай құралдар әдетте тексерістен өтеді және уақыты немесе техникалық білімі аз ата-аналар үшін сенімді бастау нүктесі бола алады.
Жасанды интеллект балалар үшін қандай қауіп тудыруы мүмкін?
Ин Сюй: Балаларға қатысты ЖИ қаупі туралы айтқанда, көбіне технологияның өзіне назар аударылады. Мысалы, жеке деректердің қауіпсіздігі, жасына сай емес контент немесе баланы ұзақ уақыт экранда ұстауға бағытталған дизайн. Бұл мәселелер шынымен де маңызды. Кейбір ЖИ-құралдар балалардың жеке ақпаратын жинайды, зиянды немесе шатастыратын мазмұн көрсетуі мүмкін немесе балаларды өзіне тәуелді ететіндей етіп жасалады.
Алайда қауіп тек технологияның құрылымында емес. Ол балалардың қалай өсіп, қалай оқып, адамдармен қалай қарым-қатынас жасайтынымен де байланысты.
Кей жағдайларда ЖИ пайдалы болып көрінуі мүмкін. Мысалы, бала жаңа мектепке барудан қорықса, ЖИ арқылы тыныштануы мүмкін немесе үй тапсырмасын орындауда қадамдап көмек алуы мүмкін. Мұндай сәттерде бұл қолдау ретінде сезіледі.
Дегенмен ұзақ мерзімді мәселелер де бар. Соның бірі — баланың адамдармен сөйлесудің орнына ЖИ-ге үйреніп кетуі. Біздің зерттеулерде кейбір жасөспірімдерге ЖИ-мен сөйлесу ересектермен немесе құрбыларымен сөйлескеннен оңайырақ екенін айтқан. Бұл тірі қарым-қатынасты алмастыра ма, жоқ па — әлі нақты белгісіз, бірақ бұл жағдайды назарда ұстау қажет.
Тағы бір мәселе — қарым-қатынас туралы түсінік. Нағыз қарым-қатынаста келіспеушілік, ортақ шешім табу және қиындықты бірге еңсеру болады. Ал көптеген ЖИ-жүйелер үнемі келісіп, қолдап отыруға бейім. Егер бала осындай жүйелермен көп уақыт өткізсе, достық пен қарым-қатынас туралы шынайы емес түсінік қалыптасуы мүмкін.
Сонымен қатар, өсу — әлеуметтік қиындықтармен бетпе-бет келуді үйрену. Егер ЖИ нақты өмірдегі тәжірибелердің орнын басса, бала қарым-қатынас, жанашырлық және келіспеушілікті шешу сияқты маңызды дағдыларды дамыту мүмкіндігін жіберіп алуы мүмкін.
Баланың ЖИ-мен қарым-қатынасы дұрыс емес екенін көрсететін белгілер
Ин Сюй: Назар аударуға тұрарлық белгілер:
- Шамадан тыс қолдану: ЖИ-мен ұзақ сөйлесу немесе тоқтатуды сұрағанда қатты мазасыздану.
- Мінез-құлқындағы өзгерістер: Бала тұйықталып кетуі, мазасыздануы немесе эмоциялық қолдау үшін адамдардың орнына ЖИ-ге жүгінуі.
- Басқа істерге кедергі келтіруі: ЖИ қолдану ұйқыға, сабаққа, достармен уақыт өткізуге немесе хоббиге кедергі бола бастауы.
Мұндай белгілер байқалса, ата-аналар сын айтудан гөрі, жай және ашық сұрақтардан бастағаны дұрыс. Баладан бұл құралдың несі ұнайтынын, нені қиын немесе ыңғайсыз сезінетінін сұрауға болады. Осылайша тыныш әңгіме бастауға болады. Кейін отбасы бірге қарапайым ережелер мен тұрақты талқылауларға келісіп, ЖИ қолдануды теңгерімді ете алады.
> Толығырақ біліңіз: Үйде пайдалы цифрлық әдеттер қалыптастырудың 10 жолы
Ата-аналар ЖИ мен мектеп тақырыбын қалай қозғауы керек?
Ин Сюй: Әңгіме тыйымнан емес, ашықтықтан басталғаны жақсы. Егер бала ең алдымен «ЖИ арқылы көшірме» дегенді естісе, ол жабылып қалуы мүмкін. Ата-аналар алдымен сұрақ қойғаны дұрыс: ЖИ сабақта қалай қолданылады, ол нені жеңілдетеді, қандай қиындықтар бар, бала нені түсінбей жүр. Бұл сұрақтар шынайы әңгімеге жол ашады.
ЖИ туралы әңгіме көбіне тереңірек мәселелерге алып келеді. Біздің зерттеулер көрсеткендей, егер балалар ЖИ-ді оқу үшін дұрыс қолданбаса, бұл көбіне сабаққа қызықпау немесе түсінбеумен байланысты болады. Ал чат-боттармен сөйлесу кейде баланың әлеуметтік ортасында не болып жатқанын көрсетеді.
Баламен сөйлесумен қатар, мектеппен де байланыс маңызды. Мектептің ЖИ-ге көзқарасын, оны оқуда қалай қолданатынын, адалдықты қалай сақтайтынын және оқушылардың жағдайына қалай көңіл бөлетінін сұрау қажет. Сонымен бірге мектептің жалпы оқу тәсілі мен балаларды қалай қолдайтынын да білу маңызды.
ЖИ — баланың неге қызығатынын және неге мұқтаж екенін түсінуге көмектесетін құрал. Сондықтан әңгімені ЖИ-ден бастап, бірақ тек сонымен шектелмеген дұрыс.
Ата-аналар ЖИ туралы нені білуі керек?
Ин Сюй: Ата-аналар ЖИ маңызды екенін, бірақ ең бастысы емес екенін түсінсе деймін. Балалар ЖИ-мен ойын, оқу және қарым-қатынас кезінде жиі кездеседі. Кейбір құралдар пайдалы, ал кейбірі алаңдатуы мүмкін.
Сонымен қатар, ЖИ — баланың дамуындағы көптеген факторлардың бірі ғана. Қарым-қатынас, күн тәртібі, қызығушылықтар мен қолдау кез келген технологиядан маңыздырақ. ЖИ-дің пайдасы немесе зияны оның осы ортада қалай қолданылуына байланысты.
Негізгі ой: ЖИ-ге мән беріңіз, бірақ оны бәрінен жоғары қоймаңыз. Ең маңыздысы — балалар өсіп, үйреніп, өзін қауіпсіз сезінетін орта. Ал ата-аналар сол ортаның басты бөлігі.
Ин Сюй — Гарвард университетінің оқыту және білім беру саласындағы жасанды интеллект бойынша доценті. Ол балалардың оқуына, дамуына және әл-ауқатына қолдау көрсететін ЖИ-ді зерттейтін Гарвардтың Child-Centered AI Lab зертханасын басқарады.