Үміт наноспутниктері
UniSat білім бағдарламасы қалай армандарды іске асырады және қыз-келіншектердің ғылымдағы мүмкіндіктері туралы таптаурын көзқарастарды қалай өзгертеді?

2014 жылдың қараша айында қазақстандық кинотеатрларда ғарыш туралы үздік ғылыми-фантастикалық фильмдердің бірі – «Интерстеллар» премьералары жүрген еді. «Оскар» иеленген голливудтық картинаны көрген қыздың бірі – 10 жастағы Әмина болатын. Бүгінде – арада сегіз жыл өткеннен кейін – ол осы фильмнің арқасында ғарыш тақырыбына деген қызығушылығы айтарлықтай өскенін еске алады. Алайда, ол кезде Әмина осынау балалық қызығушылық ультразаманауи наноспутникті стратосфераға өз бетінше ұшыруға алып келетінін елестете де алмайтын.
Қазір 17-дегі қыз өткен жылы университетке түсер алдында отбасында тартысты жағдай орын алғанын: «Анам педагог оқуына барғанымды, әкем әскери болғанымды қалады. Әжем мүлде басқа, менің дәрігер болғанымды ұнатты. Ал мен қаннан қорқамын», - деп еске алады. Әминаның өзі ақпараттық технологиялар мен құқықтану мамандықтары арасында таңдау жасаған болса, екіншісі оған жақынырақ еді: «Мен заң факультетінің бірінші курс студентімін, Халықаралық Тараз инновациялық институтында оқимын», - деп өзін таныстырды сұхбаттасушы.

Ол өзінің болашақ мамандығын сүйетіндігін, француз және түрік тілдерінің естілу мәнерін жақсы көретінін, жапон комикстерімен әуестенетінін мойындайды. Дәл осы жан-жақтылық пен барлық жаңаға деген ашықтық Әминаны БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ұйымдастырған UniSat білім бағдарламасына жетелесе керек.
UniSat жобасының мақсаты – қыздар арасында STEM-білімді танымал етіп, наноспутник жасауды, сонымен бірге командада жұмыс істеуді, көпшілік алдында сөйлеуді, тайм-менеджмент пен креативтілікті үйрету.
«Спутник?» – «Иә» – «Алматыда ма?» – «Иә» – «Мен неге таңданбай тұрмын?», –Әмина өзінің оқудың күндізгі жартысы басталар алдында анасымен болған әңгімені осылай суреттейді. Әңгімелесу барысында ол бірнеше рет анасына деген махаббатын мойындап: «Анам қазір менің барлық әрекетімді құптайды, барлық кезде қолдайды. Мен оған сол үшін алғыс білдіремін. Осындай тонналаған қолдауды сезіну ерекше — үйде бес баламыз, ал менің ең үлкенімін». Ол үйден кетер алдында әкесімен қоштасқан кезде қалай толқығанын әсерлене еске алады. Әкесі де қызының ғылымға деген құлшынысын мақтан тұтады: «Менің қызым осының бәрін білуге ұмтылады. Мен сіздердің (жоба ұйымдастырушылары туралы – ред.ескертпесі) жас студенттерге бәрін көрсетіп, олардың білім көккжиегін ашып жатқандарыңызға қуанамын әрі ризамын».
Әмина бір тәулік өткеннен кейін-ақ Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген 150-ден аса қыздың ортасынан табылады. Олардың бәрі Наурызда Алматыға жобалау, дизайн, бағдарламалау мен ғарыш аппараттарын құрастыру бойынша 10 күндік марафонға қатысуға келген болатын. Әминамен бірге Тараздан тағы 16 қыз келеді. «Біз оны басында естіген кезде [UniSat бағдарламасы туралы], бұл бізге мүмкін емес және өте елеңдетерлік болып көрінді. Келгеннен кейін, бәрін өз көзімізбен көрген кезде біз осының бәрі де мүмкін екендігін түсіндік», – деп суреттейді ол өз әсерлерін.

Әмина 2021 жылдың қазан айынан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ашық онлайн-білім платформасында онлайн-сабақтан тыңғылықты өтті. Ол теорияның оңай болмағанын мойындайды, бірақ талпыныстар өз жемісін беріп, қорытынды тестілеу кезінде жақсы нәтиже көрсете білді. Бұл нәтижелер Әминаға теория іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көруге мүмкіндік берді.
«Бәрін теориялық тұрғыда оқыған кезде, сызбаларға қарайсың да, қиын болып көрінеді. Ал осының бәрін тәжірибе жүзінде өткен кезде, бәрі де өте оңай болды», – дейді ол.
Әсіресе, оны 3D-моделдеудің көмегімен наноспутник қаңқасын жобалау үдерісі шабыттандырды.

«Біз моделдің схемасын жасап, және ол үлгіні 3D-принтерде басып шығарып, оны көрген кезде біздің жұмысымызды басып шығарғаны үшін көкірегімізде мақтаныш кернеді», – деп жымияды Әмина. Содан кейін қыздар тәлімгерлердің жіті бақылауымен наноспутниктерді құрастырады. Жобаның шырқау шегіне – жинастырылған аппараттарды стратосфераға жіберуге – ол аса үлкен толқумен келеді. Ол аяғы-қолы дірілдегеннен бір орнында қалай тағат тауып отыра алмағанын көрсетіп, дәл жауапты күні ұйықтап қалғанына налиды.
Осыншама толқығанына қарамастан, 2022 жылдың 28 наурызы күні орталықазиялық елдер мен олардың тәлімгерлерінің біріккен күш-жігерінің нәтижесінде стратосфераға үш наноспутник аттандырылды. Бар болғаны бірнеше күн ішінде, бұрын бірін бірі тек онлайн көрген жоба қатысушылары достасып та үлгерген. «Бір бірімізді жоғалтып алмау үшін нөмірлерімізбен және әлеужелілерімізбен алмастық. Алдағы уақытта олар Тараз, Алматы немесе Талдықорған қалаларына келеді деп үміттенемін, және сол кезде біз осы күндерді еске алатын боламыз», – дейді Әмина өзінің басқа елдер мен әртүрлі қалалардан тапқан жаңа құрбылары туралы.
Әмина UniSat бағдарламасы – жәй ғана спутник құрастыру мен оны аспанға жіберу ғана емес, одан да үлкен дүние екендігіне сенімді. Ол үшін курсқа қатысу әртүрлі мәдениеттегі қыздардың өзара қуат және қызықты дүниетаным алмасуына айналды. Мұнан да бөлек, Әмина командаластарынан тамаша қолдау тәжірибесін үйренгенін мойындайды.
«Мәселен, маған KiCad бағдарламасы кішкене қиындық туғызғанымен, бірақ Өзбекстаннан келген қыздар маған бәрін түсіндіріп берді. Осыдан кейін бәрін өзім істедім», – деп еске алады ол. Қатты бәсекелестік туралы тіпті сөз де болған жоқ: «Біздер бір бірімізді ренжітпей, абыройымыз бен құқығымызды сақтап, қарапайым ғана әділ жолмен бәсекелесеміз. Біз оқыдық және өз білімімізді көрсетуіміз керек», –деп сөзін жалғастырды Әмина.

Оның айтуынша, білім беру әртүрлі форматта өткен: жеңіл лекциялардан басталып қызықты шеберлік-дәрістерімен, шағын-ойындармен аяқталады. Кішігірім ойындар барысында қыздар ең маңызды дағды — командамен жұмыс істей білу және бір біріне сезімтал болуды шыңдайды. «Мен осында келгенім үшін өкінбеймін. Кейбір қыздар осы салада жұмыс істегісі келеді, бірақ неден бастайтынын білмейді. Меніңше, осы бағдарлама солар үшін жасалған», – дейді Әмина. Дегенмен ол құқықтану саласынан кеткісі келмейді, ендігі жерде оныңң өз институтында ғылымды дамыту жөніндегі нақты ниеті бар.
«Осыған ұқсас бағытта өз лабораториямызды ашуды жоспарлап отырмыз. Біз мұнда 10 күн болып, барлық теориялық сабақтарды тәжірибе жүзінде өттік, енді осының бәрін біз басқа студенттерге үйретеміз. Тек қана қыздар емес, ұлдарды да баулимыз» – дейді ол. Әмина гендерлік теңсіздік – өткеннің сарқыншағы екендігіне мән бере келе, келесі лектегі қыздарды одан да белсенді және арманшыл болуға үндейді.

«UniSat бағдарламасы – шын мәнінде қыздар үшін өз армандарын жүзеге асырудың орасан мүмкіндігі», – деп есептейді бағдарлама түлегі – біздер де басқалар жасағанды жасай аламыз. Егер талпынсаң, бәрі де қолдан келеді.
Әсіресе, қасыңда қолдайтын ата-анаң, шабыт беретін тәлімгерлер, университетте саған түсіністік танытатын ұстаздар болса.