Психикалық денсаулық туралы 7 кең таралған жаңсақ пікір
Шындық пен жалған пікір
Психикалық денсаулыққа қатысты фактілер мен жалған түсініктерді ажырату стигманы азайтуға және кез келген жастағы адамдардың көмек сұрауына жағдай жасауға көмектеседі. Төменде психикалық денсаулық туралы кең таралған жеті жаңсақ пікір берілген:
1. Миф: егер адамның психикалық денсаулығында мәселелер болса, бұл оның интеллект деңгейі төмен екенін білдіреді.
Факт: психикалық денсаулықтағы бұзылыстар физикалық аурулар сияқты кез келген адамға интеллект деңгейіне, әлеуметтік жағдайына немесе табысына қарамастан әсер етуі мүмкін.
2. Миф: психикалық денсаулыққа тек психикалық бұзылыстар болған жағдайда ғана көңіл бөлу керек.
Факт: әрбір адам өзінің жалпы жағдайын қолдауға және психикалық денсаулығын жақсартуға бағытталған әрекеттерден пайда көре алады. Сол сияқты, әр адам физикалық денсаулығын нығайту үшін пайдалы әдеттерді қалыптастырып, саналы әрекеттер жасай алады.
3. Миф: психикалық денсаулық мәселелері жасөспірімдер үшін маңызды емес. Оларды гормоналды өзгерістерге байланысты көңіл күйі жиі өзгеретін, назар аударту үшін солай әрекет ететін деп қабылдайды.
Факт: жасөспірімдердің көңіл күйі жиі өзгеруі мүмкін, бірақ бұл олардың психикалық денсаулық мәселелеріне ұшырамайтынын білдірмейді. Әлем бойынша жасөспірімдердің 14 пайызы психикалық денсаулық мәселелерімен өмір сүреді. Жаһандық деңгейде 10–15 жас аралығындағы балалар арасында өзіне қол жұмсау өлімнің бесінші себебі болса, 15–19 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында төртінші орында тұр. Психикалық бұзылыстардың жартысы 14 жасқа дейін басталады.
4. Миф: психикалық бұзылыстардың дамуын тоқтатудың жолы жоқ.
Факт: адамдарды психикалық денсаулық мәселелерінен қорғауға көмектесетін көптеген факторлар бар. Олардың қатарында әлеуметтік және эмоциялық дағдыларды дамыту, көмек пен қолдауды ерте алу, жылы әрі қолдаушы отбасылық қарым-қатынастар, сондай-ақ қолайлы мектеп ортасы мен дұрыс ұйқы режимі бар.
Қиындықтарды жеңе білу бір ғана факторға емес, бірнеше қорғаныш факторына байланысты. Қоршаған ортадағы немесе жеке стресс жағдайлары өздігінен психикалық денсаулық мәселелеріне әкелмейді. Қиын жағдайларда өзін жақсы ұстай алатын балалар мен жасөспірімдер, әдетте, ішкі төзімділікке ие болады және отбасы, достар мен ересектер тарапынан қолдау сезінеді. Осындай қолдау олардың өзін жақсы сезінуіне және жалпы жағдайын сақтауға көмектеседі.
5. Миф: психикалық денсаулық мәселелері — әлсіздіктің белгісі; егер адам күшті болса, мұндай мәселелер болмас еді деп саналады.
Факт: психикалық денсаулық мәселелерінің әлсіздікке немесе ерік-жігердің жоқтығына қатысы жоқ. Бұл — адамның өзі таңдайтын жағдай емес. Керісінше, көмек қажет екенін мойындау үлкен ішкі күш пен батылдықты талап етеді. Мұндай қиындықтарға кез келген адам тап болуы мүмкін.
6. Миф: жақсы оқитын және көп досы бар жасөспірімдерде психикалық денсаулық мәселелері болмайды, өйткені олардың уайымдайтын ештеңесі жоқ деп есептеледі.
Факт: депрессия — әлеуметтік, психологиялық және биологиялық себептердің бірігіп әсер етуінен пайда болатын кең таралған психикалық жағдай. Ол адамның әлеуметтік жағдайына немесе өмірі сырттай қаншалықты жақсы көрінетініне қарамастан кез келген адамда болуы мүмкін. Жақсы оқитын жасөспірімдер жетістікке жету қысымын сезініп, мазасыздыққа ұшырауы немесе үйдегі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сонымен қатар депрессия мен мазасыздық кейде нақты себебі байқалмай-ақ пайда болады.
7. Миф: жасөспірімдердегі психикалық денсаулық мәселелеріне дұрыс емес тәрбие себеп болады.
Факт: жасөспірімдердің, олардың қамқоршыларының жалпы жағдайына, психикалық денсаулығына және өзара қарым-қатынасына кедейлік, жұмыссыздық, зорлық-зомбылыққа ұшырау, көші-қон және басқа да қолайсыз жағдайлар әсер етуі мүмкін. Сүйіспеншілік пен қолдауға толы отбасылардағы жасөспірімдер де психикалық денсаулық мәселелеріне тап болуы мүмкін. Сонымен қатар, кейбір отбасыларда қамқоршыларға жасөспірімнің дұрыс дамуына қолайлы орта қалыптастыру үшін қосымша қолдау қажет болады. Қолдау көрсетілген жағдайда, қамқоршылар жасөспірімдердің қиындықтарды жеңуіне маңызды рөл атқара алады.