"Мен достарымды және сабақты сағындым"
Мүгедектігі бар бала COVID-19 пандемиясының өршіген уақытындағы күндері туралы
Исатайдың жасы 11-де, ол ата-анасымен, ағасымен және қарындасымен Алматы облысы Бурундай ауылында тұрады. Ол жүзуді, көшеде достарымен ойнағанды және билегенді ұнатады. Белсенді бала болғандықтан, ол бала кезінен өздігінен жүруді және спортпен шұғылдануды армандайды. Исатай Даун синдромымен және туа біткен екі жамбас буынының шығуымен дүниеге келді. Төрт жасынан бастап оған бірнеше хирургиялық ота жасалды.
2018 жылы кезекті отадан соң, гипсты енді алғаннан кейін, процедура кезінде емдік дене шынықтыру нұсқаушысы Исатайдын аяғын сындырып алды. Гипс сол кездегі қалпында аяғына жаңадан қойылды. Егер буынды түзетсе, сүйектері шыдымай жарылып кетуі мүмкін, - дейді Исатайдың анасы Замира.
Бөлмелердің арасында Исатай балдақпен жүреді, ал көшеде мүгедектер арбасын пайдаланады. Ол өте тәуелсіз, анасына көмектеседі және үлкен ағасы ретінде алты жасар қарындасы Альфияға қарайды. Исатай билегенді жақсы көреді және спорттық шаралар жасай алады.
Менің арманым - аяққа тұру. Мен атпен шабуды армандаймын. Мен қамшыны қолыма алып, бәрін басып озар едім. Мен анама, әкеме, ағама көмектескім келеді, - деп Исатай өз ұмтылыстарымен бөлісті.
Қазір Исатай мемлекеттік мектепте инклюзивті бағдарлама бойынша 5 сыныпты бітірді. Олар бірнеше ай бұрын көшіп келген, бірақ ата-анасы оны жаңа мектепке 2021-2022 оқу жылының басында ауыстыруға шешім қабылдады. Бұрын Исатайдың отбасы тұрған Ащыбұлақ ауылында мұғалімдер үйге келетін, ал айына бір рет сыныптастары қонаққа келіп тұартын.
Менің достарым көп, олар мені өздерімен бірге ойнауға алып кететін. Мен шаршаған кезде олар мені қайтып алып келетін", - дейді ол.
Карантин басталған кезде мұғалімдерге оқушылардың үйіне келуге болмайды делінді. Сондықтан оның тікелей сабақтары тоқтап, онлайн сабақтары басталды. Біз сол кезде тұрған және қазір тұратын жерде интернет өте нашар жұмыс істейді", - дейді Замира.
Анасының айтуынша, онлайн оқу өте қиын болды. Интернет байланысы нашар болғандықтан бейне және аудио қоңыраулар туралы айтпағанда, тіпті мессенджер арқылы хат алмасу қиын. Сондықтан ол оқу жылының соңғы айында оқусыз қалды.
Мен сыныптастарым мен мұғалімдерімді сағындым. Мүмкін, біз алысқа көшіп кеткендіктен, мұғалімдер бізге жол таба алмаған болуы керек. "Мен оларды аттарымен атап берейін бе?"- деп Исатай өзінің оқытушылары мен достарын тізімдей бастады.
Олардың жаңа мекен-жайға келгендеріне көп уақыт болған жоқ, Исатай әлі осы жердегі балаларға үйреніп, достасып үлгермеді. Сондықтан ол қазір қарындасымен және мысығымен ойнайды. Оның оқу жылындағы күнделікті кестесі: таңертең таңғы астан кейін - кішкене сабақ оқу, түскі аста қарындасымен ойнайды: олар үй салып, мысықты жаттықтырады, ал кешке ата-анасы планшетте бірнеше сағат ойнауға рұқсат береді.
Қазір ең қиыны сабақтардың болмауы, ол үйде зерігіп кетеді. Пандемияға байланысты көлікпен проблемалар пайда болды. Сондықтан бассейнге, логопед пен дефектологқа баруға мүмкіндігіміз жоқ. Мұның бәрі, әрине, біздің өмірімізге оң әсер етпейді", - дейді Замира.
Сонымен қатар, локдаунға байланысты Исатайдың әкесінің жұмысы тоқтап қалды, бұл тұрақты табыстың жоғалуына әкелді. Бірнеше ай бойы бүкіл отбасы Исатайдың мемлекеттен алатын жәрдемақысы есебінен өмір сүрді.
Егер балалар ауырып қалса, бұл ақша тіпті дәрі-дәрмектерге де жетпейді. Өйткені, тіпті дәрі-дәрмектер туралы айтпағанда бір реттік маска қымбат болды", - дейді Замира.
2020 жылдың басында Исатай қатты ауырып, температурасы 40 градусқа дейін көтерілді.
Үйде дәрі-дәрмек болған жоқ. Біз ауладан қар жинап, оның бетін, басын және денесін сүрттік. Дәрігерлер келгенде температура төмендеп, Исатай әйтеуір ұйықтады. Ауруханаға жатқызу қажеттілігі болған жоқ.
Коронавирустық инфекция Исатайдың отбасын да айналып өткен жоқ. 2020 жылдың маусымында әкесі ауырып, жөтеле бастады, содан кейін бүкіл отбасы вирус жұқтырды. Исатайдың температурасы 3 күн бойы 38-39 градус деңдейінде тұрды. COVID-19 пандемиясына және ыстық түсіретін дәрілерге сұраныстың артуына байланысты Исатайдың анасы бұл дәрі-дәрмектерді дәріханалардан таба алмады.
Біз температураны спиртпен сүрту арқылы түсірдік. Ол дәм мен иіс сезімін жоғалтқанын түсінбейді ғой, оны айта алмайды. Бірақ біз COVID-19 барлық белгілері бойынша ауырдық", - дейді Замира.
Исатай коронавирустық инфекциямен жеңіл түрде ауырды және ешқандай асқынулар анықталған жоқ. Қазір ол үйде қарындасымен белсенді ойнайды және жаңа оқу жылында қайтадан мектепке баруды армандайды.
ЮНИСЕФ санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, жаңа оқу жылында барлық мектептерді ашуды жақтайды. Офлайн режимінде оқу мүмкіндігін жоғалту салдарынан балалар білім алуға қол жетімділіктен де көп нәрсені жоғалтты. Көптеген оқушылар үшін өмірдің үйреншікті ырғағы бұзылды, достарымен тікелей қарым-қатынас жасау мүмкіндігі, тамақтануға, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділік жоғалды. Ең үлкен сынақ ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар үшін болды. Интернетке қол жетімділіктің тең болмауы және компьютерге жеке қол жетімділіктің шектеулі болуы, сондай-ақ балалардың ерекше қажеттіліктеріне жауап беретін бағдарламалардың болмауы білім беру дағдарысын асқындырды. Мектептер жұмысын қайта бастаған уақытта осал топтардағы балалардың мүдделеріне басымдық берілуі тиіс. Едәуір осал топтардың қажеттіліктеріне бейімделген әлеуметтенудің арнайы бағдарламалары мен білім беру бағдарламалары әрбір баланың білімге тең қол жеткізуіне кепілдік бере алады.
COVID-19 пандемиясы кезінде білім беру саласының проблемаларын көтере отырып, ЮНИСЕФ Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың арқасында денсаулық сақтау саласына коронавируспен тиімді күресу үшін қажетті медициналық препараттармен және диагностикалық аспаптармен жабдықтауға белсенді түрде қолдау көрсетуде.
Еуропалық Одақтың гуманитарлық көмегі аясында қаржыландырылады. Айтылған пікірлер мен көзқарастар тек авторға (авторларға) ғана тиесілі және міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді. Еуропалық Одақ олар үшін жауап бермейді.