ЮНИСЕФ және “Жан” мүгедектердің құқықтары жөніндегі Азиялық қоғамы көру қабілеті бұзылған жасөспірімдерді сандық дағдыларға үйретуде

Жасөспірімдер сандық технологиялар, құрылғылар және бағдарламалармен жұмыс істеу курсынан өтті.

18 Қазан 2021
Asian Community of People with Disabilities
UNICEF Kazakhstan

АЛМАТЫ, 18 қазан 2021 ж. – Алматыда көру қабілеті бұзылған жасөспірімдерге, "Көру қабілеті бұзылған жасөспірімдердің сандық дағдыларын дамыту" жобасының алғашқы түлектеріне сертификаттарды тапсыру рәсімі өтті. Жоба – "Жан" мүгедектердің құқықтары жөніндегі Азиялық қоғамы" Қоғамдық бірлестігі мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігінің бірлескен бастамасы.

Жоба көру қабілеті нашар 10-19 жас аралығындағы жасөспірімдерде сандық дағдыларды, жұмысқа орналасу дағдыларын, әлеуметтік және бизнес кәсіпкерлікті қалыптастыру мақсатында іске қосылды.

2 айдан астам уақыт бойы жастар сандық технологиялармен жұмыс істеуге, бағдарламалар және құрылғылармен жұмыс істеуде дербестікке үйренді. Бірнеше күннен кейін олар ЮНИСЕФ, ҚР ЕХӘҚМ және "Жастар қызметкерлерінің қауымдастығы" ҚБ жобасы шеңберінде ересек өмірдің сәтті басталуына, жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікке ықпал ететін келесі дағдылар пакетін ("жұмсақ" немесе софт дағдылар) алу үшін оқуды бастай алады.

Жобаға Н.Островский атындағы №4 зағиптер және нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттың балалары қатысады. Жобаны EPAM Kazakhstan компаниясы және Алматы қаласының жастар саясатын дамыту Мемлекеттік қоры қолдады.

"Халықтың осал топтарынан шыққан балалар, атап айтқанда, ерекше білім беруде қажеттіліктері бар балалар көбінесе білім алуға және жаңа дағдыларды үйренуге қолжетімділігі шектеулі. Біздің міндетіміз осы жағдайды өзгерту және әртүрлі себептер бойынша басқалармен тең дәрежеде өсу және даму мүмкіндігінен айырылған балалардың құқықтарын қорғауға кепілдік беру. "Жан" ҚБ-мен серіктестіктің арқасында жасөспірімдердің игерген сандық дағдылары оларға болашақта табысқа жетуге және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге септігін тигізеді," - деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі Артур ван Дизен.

Курсты сәтті өткені үшін сертификаттармен Адай Алтынай, Игенова Қымбат, Насукай Дінмұхамет, Хабибуллаева Дурдона, Нурмухамбетова София, Шестакова София марапатталды.

«Бүгін технологияның көмегімен жаңа бағыттарды игеруге көмектесетін цифрлық дағдылар бойынша жобаны аяқтағаны үшін сертификаттар тапсыру рәсімі болды. Мақсаты бар жастар үшін қазір бір нәрсеге ұмтылу, мақсатын анықтап, өзін-өзі табу, бойындағы талантты ашу және дамыту маңызды. Дегенмен, кез келген істе ең бастысы - өзіне деген сенім! Біз бұл жоба біздің балалардың армандарының орындалуына көмектеседі деп үміттенеміз!» - деп атап өтті Алматы қаласының жастар саясатын дамыту Мемлекеттік қорының директоры Ауғанбаева Алма.

Енді балалар телефондардағы арнайы навигатордың көмегімен тәуелсіз бола алады және сандық форматқа аударылған кез-келген әдебиетке қол жеткізе алады.

Жоба аяқталғаннан кейін жасөспірімдер он саусақты әдіспен басуды, Google Chrome браузерімен, Zoom конференцияларымен жұмыс істеуді үйренді.

Жаңа дағдылардың көмегімен олар кітаптарды жүктей алады, WhatsApp және басқа мессенджерлерде хат алмасып, навигаторды, дауыстық көмекшіні қолдана алады және қосымшада такси шақыра алады.

"Мен балаларға басқа әлемді, сандық технологиялар әлемін, шексіз мүмкіндіктерді танып, білім алуға мүмкіндік бергенімізге өте қуаныштымын. Біздің серіктестеріміздің арқасында балалар болашақ өмірге жолдама алады, онда оларға ешқандай шектеулер жоқ," - деді жоба жетекшісі Фаткулин Ілияс.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы 

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады. 

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org

Біздің InstagramFacebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.