Көшіп-қонған балалар, пандемияның шынайы парқы

COVID-19 пандемиясының балалардың көші-қонына әсері

UNICEF
Children affected by the migration process
UNICEF Kazakhstan/2020/NGO Sana Sezim
04 Маусым 2021

COVID-19 пандемиясы барлық балаларға айтарлықтай әсер етіп, олардың білімі, денсаулығы мен жалпы әл-ауқатына залалын тигізді. Көші-қондағы балалар бұл әсерді одан да өткір сезінді.  Олар пандемия алдында осалдықпен бетпе-бет келгенімен қоса, пандемияның кері әсері олардың онсыз да оңбай тұрған мүшкіл жағдайын қиындата түсті. Сонымен бірге иммиргациялық биліктің тұтқындауы, қатыгездік, қанау немесе зорлық сынды қосымша қауіп-қатерлер де бар.  

2020 жылдың жазында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» шекаралық бекетінде Тәжікстанға немесе Өзбекстанға оралуға деген үлкен үмітін арқалап күн сайын мигранттар жиналады. Балалары бар көптеген мигрант отбасылар лайықты өмір жағдайларының болмауына қарамастан шекараға түнеуге мәжбүр. Олардың саны 3 мыңға жетіп жығылған. Бұл топтың шамамен 25%-ы әйелдер мен балалар болды. Мигранттар бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін ыстық ауа-райында, санитарлық-гигиеналық құралдарға қол жетімділігі шектеліп, азық-түліктік жетіспей, әлеуметтік арақашықтық шараларын жүзеге асыруда қиындықтарға тап болып шатырларда тұрды. 

Бұл жағдайдың орын алуына Өзбекстанның наурызда көрші елдер үшін шекарасын жапқаны себеп болып отыр. Бәріне кінәлі — пандемия, карантин орталығында шетелден келген адамдарды 14 күнге орналастыруға орынның болмауы. 

«Бұл Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген еңбек мигранттары. Карантиндік шаралар мен бизнесті жабу нәтижесінде олар жұмыссыз қалды. Сондықтан мигранттар өз елдеріне оралуға мәжбүр болды. Біз Өзбекстан мен Тәжікстанның Қазақстандағы елшіліктерімен бірге жұмыс істейміз. Күн сайын олар бізге шекарада қанша адам бар екенін айтып отырады. Ол деректерді алған соң біз азық-түлік жинап, санитарлық жинақтарды түгендеп, жолға шығамыз. Әдетте балалар да, әйелдер де көмектен бас тартпайды», - дейді  «Сана сезім» ҮЕҰ өкілі Раушан Құдайшүкірова. 

Халықаралық көші-қон ұйымының (ХОҚ) мәліметтері бойынша 2019 жылы шамамен 2,7-4,2 миллион еңбек мигранттары немесе Орталық Азияның экономикалық белсенді халқының 10–16%-ы Орталық Азиядан Ресей Федерациясы мен Қазақстанға қоныс аударды. Олардың көпшілігі - Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары. Қазақстанда шамамен 420 000 еңбек мигранты тіркелген. Ресми статистикаға сәйкес, 2020 жылдың маусымынан бастап Қазақстанға 2,9 миллион шетелдік, оның ішінде Өзбекстаннан - 1,3 миллион; Ресей Федерациясынан - 688 400; Қырғызстаннан - 567 300; Тәжікстаннан - 191 200 адам кірді.

«Оңтүстік-Шығыс, Оңтүстік және Орталық Азиядағы көші-қон процестеріндегі зардап шеккен балаларды қорғау» бағдарламасын Еуропалық Одақ қаржыландырады. Бөлінген қаражат басқа елдерге отбасыларын асырау үшін қоныс аударған мигранттардың балаларына, ата-аналары немесе қамқоршылары тастап кеткен мигрант балаларға көмектеседі.

«Біздің ЮНИСЕФ пен Еуропалық Одақтың бірлескен «Көші-қон процестеріндегі балаларды қорғау» бағдарламасының арқасында ЮНИСЕФ командасы Өзбекстанға үйіне оралуға рұқсат күтіп отырған балалар мен әйелдер үшін күнделікті 2000-нан астам санитарлық-гигиеналық жабдықтарды жеткізе алғанына қуаныштымыз. Еуропалық Одақ қаржыландыратын және ЮНИСЕФ жүзеге асыратын бұл бағдарламаның басты миссиясы - балаларға көші-қон процестерінде жан-жақты әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсету», - деп атап өтті Свен-Олов Карлссон, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі.

NGO Sana Sezim volunteer giving a sanitary kit to a migrant
UNICEF Kazakhstan/2020/NGO Sana Sezim
NGO Sana Sezim volunteer giving a sanitary kit to a migrant

«Ата-аналарының жұмысы болған кезде, бұл балалар да азды-көпті үйлесімді өмір сүрді. Олардың баспанасы, дастарханында ыстық тамағы, аулада достары болды. Енді COVID-19 пандемиясы кезінде олардың бүкіл өмірі төңкеріліп кетті. Осы жағдайға байланысты шекарада қалған мигрант-балалар үлкен күйзеліске түсті. Біріншіден, белгісіздік қиын болды. Яғни оларды шекарадан қашан өткізетіні, жақындары мен туыстарын қашан көретіні, жалпы үйреншікті өмірге қашан оралатыны белгісіз болатын. Екіншіден, гигиенаның жоғы. Шекарада қонған балалар жылы төсектен айырылып қана қоймай, күнделікті тазалық құралдарын да тұтына алмады. Үшіншіден, оқудың тоқтатылуы: мектепке бара алмайды, оқулық жоқ, жақсы интернет те қолжетімсіз», - дейді «Сана сезім» ҮЕҰ өкілі Раушан Құдайшүкірова.

A line of migrants at Zhibek Zholy border post receiving sanitation kits
Credit: UNICEF Kazakhstan/2020/Nazira Kaiymova
A line of migrants at Zhibek Zholy border post receiving sanitation kits

«Мигрант балалар бірінші кезекте, сол елдің азаматтығы бар балалар секілді құқығы бар балалар екенін еске ұстауымыз керек. COVID-19 пандемиясы теңсіздікті күшейтті және көптеген мигрант балаларды уақытша және жеткіліксіз үй-жайларында тұруға мәжбүрледі. Олардың білім алуға, медициналық көмекке, гигиенаға және қорғаныс қызметтеріне қол жетпейтін жағдайы ұзаққа созылды. Бүкіл аймақ бойынша ЮНИСЕФ мигрант балалардың қажеттіліктерін қанағаттандыру және олардың мәселелерін шешуді ұлттық жоспарға енуін қамтамасыз ету үшін көп жұмыс істейді. Осы мақсатқа жету үшін бізбен бірге жұмыс істеп жатқан серіктестеріміз - Еуропалық Одаққа ризамыз», -  дейді Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің төрағасы Артур ван Дизен.

 

Көші-қон үрдістеріндегі балаларды қорғау бағдарламасы Еуропалық Одақпен қаржыландырылды, ЮНИСЕФ ұйымы Бангладеш, Мьянма, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Таиланд үкіметтерімен серіктестікте жеті елде жүзеге асырылады. Бағдарламаның мақсаты - көші-қоннан зардап шеккен балаларға көмек көрсетудің тиімді қорғау жүйесін жетілдіру. Іске асыру мерзімі: 2017-2021 жж.

Бұл мақала Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен дайындалды. Мақаланың мазмұны Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің жауапкершілігі болып табылады және Еуропалық Одақтың пікірін білдіруі міндетті емес.