Вакциналау мен диабет: «Бала денсаулығына байсалды қараңыз»
Қант диабетіне шалдыққан 16 жастағы жасөспірімнің анасы COVID-19 екпесіне қарсы күмәнін қалай жеңді.
Алты жыл бұрын Ерұлановтардың отбасындағы біржолата өзгеріп, дәрігерлер 9 жастағы ұлдары Ерасылға «бірінші типті қант диабеті» диагнозын қойған еді. Бұған сол дертке тән белгілер, «жедел жәрдемге» жүгіну мен аурухананың жансақтау бөліміне жату себеп болды. Сол жерде дәрігерлер бала ағзасы инсулинді жеткіліксіз бөлетінін анықтап, ендігі жерде қан құрамындағы қант мөлшерін тиісті деңгейде сақтау үшін осы гормонды күнделікті салып отыру керектігін айтады. Соңғы деректерге сәйкес, әлемде 1,2 миллионнан астам бала мен жасөспірім бірінші типті қант диабетіне душар болған.
«Мен байыпты адам болғандықтан, бұған сабырмен қарадым». Балам да диагнозына сабырлы қарады. Бізде дүрбелең болған жоқ. Әрине уайым болды, алаңдадық. Қорқынышты және ауыр жағдай болды, бірақ біз осы сынақпен өмір сүруге бейімделдік», – дейді Ерасылдың анасы Айжан Ерұланқызы. Ол негізгі қиыншылақтар қалыптасқан тіршіліктерін өзгертуге байланысты болғанын есіне алады. Мысалы, бұдан былай мектеп жасындағы баласын тек қана белгіленген уақыт кестесімен тамақтандырып, нан мөлшерін мұқият өлшеу керек болды.
«Қиыншылықтар глюкометрге қатысты туындады. Оны өлшеп отыру мазасыздық туғызды. Әлі күнге дейін бізде автоматика жоқ, электроникаға да көшкен жоқпыз. Аурухана бізге тест-жолақтарын, қалам-шприцтарын береді. Балам да осыған бейімделді, мен де үйреніп қалдым. Әрине қиын, бірақ не амалымыз бар?», – дейді Айжан.
Бүгінгі таңда Ерасылдың анасы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде сабақ береді.
Ал 16 жастағы Ерасыл Өскемен жоғары политехникалық колледжінде электромеханик мамандығы бойынша білім алады, компьютерге қызығушылық танытады, ағылшын тілін үйреніп жүр, спортпен айналысады
Айжан былтыр жыл аяғында балаларында диабеті бар ата-аналардан құралған чаттан АҚШ халықаралық дамыту агенттігінің (USAID) қаржыландыруымен, Қазақстан Республикасының Диабеттік қауымдастығы (ҚРДҚ) мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) ұйымдастыруымен тренинг өтетіні туралы хабарландыруды көреді. Іс-шара жоспарлы иммундау мен COVID-19 вакциналау туралы аңыз тектес әңгіме-лақаптарға арналып, COVID-19-тан кейін диабеті бар баларлаға қамқорлық жасау, пандемия кезіндегі профилактика мен қауіпсіздік шараларына қатысты сауалдарды көтереді екен. Айжан да тренингке қатысамын деп шешім қабылдаса, оған басқа да 70 шақты ата-ана қатысыпты.
«Өмірімде бірінші қант диабеті бар балаларға арналған іс-шараға қатыстым. Осындай тренингтерді жиірек өткізіп тұрған жөн. Тек қана ата-аналарын ғана емес, балалардың өздерін де шақыру керек», – дейді Айжан өз әсерімен бөлісе отырып. Ол Өскемендегі ата-аналарға кейде диабеті бар балалардың күнделікті тіршілігін қалай құру керектігі туралы бастапқы ақпараттардың жетіспейтіндігін айтады. «Біздің қалада мұндай тренингтар өткізілмейді. Тіпті мектептерде де (диабет) өткізілмейді. Ал вакциналау туралы тіпті үндемей-ақ қояйын», – дейді тағы Айжан.
Айтқандай, жоспарлы иммундауға қатысты ол кісінің ешқашан күмәні болған емес: «Біз 10 жасқа дейінгі барлық жоспарлы екпені алдық. Баламда егу паспорты бар, мен де мұқият бақылап жүрмін. Вакциналауға оң көзқараспен қарадық», – дейді Айжан өзі және баласы туралы. Алайда, коронавирус пандемиясы отбасыны күтпеген жағдайға қалдырғанын мойындайды: «Бәрімізде үрей пайда болды. Не істейтінімізді білмедік. Бала бір жерден вирус жұқтырып алса, оған қалай төтеп береміз? Бізде одан бөлек негізгі диагноз бар ғой...».
Айжан емдеуші дәрігер өзіне де, Ерасылға да COVID-19 екпесі туралы айтпағанын, ал интернетте тек «Қазақстанға бұл вакцинаның бірінші партия келген кезде, ол туралы жағымсыз ақпараттар болды» деп еске алады. Ол кезде балаларды егу қажеттілігі туралы әңгіме болмады, дейді ол. Тек ҚРДҚ тренингінде «диабеті бар балаларға осы екпені жасату керек» екенін Айжан анықтап білген.
Қант диабетімен ауыратындарда вакцинамен алдын алып отырмаса, кеселдердің ауыр асқыну қаупі жоғары. Олар сау адаммен салыстырғанда В гепатитін жұқтырудың жоғары қауіпті санатына, тұмау мен пневмококтық инфекциясы асқынуының жоғарғы қауіпті қатарына кіреді. Айжан мына сөзбен толық келіседі: «Вакциналау керек, кез келген вакцина – тұмау, коронавирус, көкжөтел мен дифтерияның алдын алады. Бұл асқынулардың алдын алу үшін керек, себебі оның салдары жақсы емес. Тұмау – қандай болса, дәл сол күйінде қалды. Біздің диабеті бар балаларымызға вакцина алу керек. Коронавирусқа да қарсы екпе алу қажет болды».
Қанша дегенмен, анасы вакциналаудың пайдалы екендігіне күмәнданбаса да, бұл мәселеге барлық жауапкершілікпен қарағанды дұрыс көреді: Ерасылға коронавирусқа қарсы екпе салғызар алдында отбасы міндетті түрде дәрігерден кеңес алған. «Қазір бала өсіп келе жатқан – жыныстық жетілу жасында. Бұл кезде қант деңгейі жоғары болады. Жоғары қантымен вакцина алуға болмайды. Бәрінен де бұрын бізге қант деңгейін қалпына келтіру керек», – дейді Айжан. Ол осындай пайымды қадамға қарамастан, бізді айналамыздағы екпеге қатысты желдей ескен мифтер кейде дұрыс шешімдерге кері әсерін тигізетінін де мойындайды.
Мысалы, осы маусымда Ерасыл тұмауға қарсы екпе алмаған – өйткені мессенджерлерде белсенді түрде вакцинаның өлім қаупі туралы хабарлар тарады. Шындап келгенде, профилактикалық егулердің қауіптілігі иммундау туралы ең көп тараған жалған әңгімелердің қатарына жатады. Вакцинаны лицензиялаған кезде оның зиянсыздығы мен тиімділігі мұқият тексерулерден өтеді. Лицензиялаудан кейін де мониторинг жалғасып, кез келген жанама әсерлері түпкілікті тексеріліп, зерттеледі.
Ал Айжан қатысқан тренингте вакцинация мен қант диабеті туралы мифтерге бөлек уақыт қарастырылған. Ол диабеті бар балалардың ата-аналарға үндей отырып, вакциналауға күмәнмен қарайтындарға былай дейді: «Балаңыздың денсаулығы – өз қолдарыңызда, сондықтан балаларыңыз бен өзіңіздің денсаулығыңызға байыппен қараңыз. Бұл өте маңызды. Соңынан оның салдарымен күрескенше, алдын алған дұрыс. Артынан салдармен күрескенше, жеңіл тұмауратып өткен артық». Айтқандай, тұмау эпидемиясының зерттеулері вакциналау – диабеті бар науқастардың арасында ауруханаға жатқызулар санын 70% азайтқанын көрсетті.
Бүгін Айжан ұлымен бірге емханадан медбикенің хабар беруін күтіп отыр – отбасы дифтерия мен сіреспеге қарсы екпе алуға дайындалып жатыр. Ұлттық күнтізбеге сәйкес, бұл вакцина 16 жаста және содан кейін әр 10 жыл сайын салынады. Айжанның өзі де АДС -М вакцинасын алып тұрады. «Аурудың алдын алу үшін, егу алу керек – қызамық болсын, туберкулез болсын. Бұрыннан айтылып келе жатқандай, хабардарсың – демек қорғалғансың. Вакцина алған ағза – ол қорғалған ағза», – дейді сеніммен Ерасылдың анасы.