«Менің міндетім пандемия кезінде халыққа алғашқы психологиялық көмек көрсету болып табылады»

Қазақстандық Психолог Сандуғаш Құдайбергенова онлайн кеңес берудегі өз тәжірибесімен бөлісті

Эльвира Яушева
Психолог
UNICEF
13 Қазан 2020

COVID-19 пандемиясы біздің өміріміздің барлық аспектілеріне әсер етті және Қазақстандағы әрбір отбасының әдеттегі күн тәртібін өзгертті. Пандемиямен бірге жүретін денсаулыққа қауіп, карантин режимі, экономикалық проблемалар және өзін-өзі оқшаулау халықтың психикалық денсаулығына айтарлықтай әсер етеді. Мұндай тұрақсыз уақытта және үнемі өзгеріп тұратын өмір сүру жағдайында адамдар психологиялық проблемаларға тап болуы мүмкін. Коронавирус жұқтырудан қауіптенген халықтың көпшілігі медициналық мекемелердегі психологтарға барудан аулақ болады.

COVID-19 өршуі кезінде психологиялық қолдауға туындайтын қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығымен (РПДҒПО) бірлесіп пандемия кезінде халықтың психологиялық көмек пен қолдау қажеттіліктерін қанағаттандыратын жеке онлайн-кеңес беру алаңы ретінде қызмет ететін ақпаратты ұсыну үшін арнайы веб-сайтты іске қосты (https://mentalcenter.kz).

Сайттың онлайн-кеңесшілерінің бірі Сандуғаш Құдайбергенова былай деп түсіндіреді:

«Кез келген адам сайт операторымен байланыса алады, ол өз кезегінде клиентке ыңғайлы уақытты белгілейді. Кеңес беру әдетте Zoom платформасында немесе WhatsApp қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Ұзақтығы 30 минуттан 1 сағатқа дейін өзгереді. Клиент қайтадан кеңес ала алады. Бұл жоба аясындағы менің міндетім - мамандарға қолдау көрсету, парақшаны жүргізу, сондай-ақ  мұқтаж жандарға психологиялық кеңес беру. Қазақстанда ауру өршіп, көптеген шығындар болған кезде мен осы тақырыпта арнайы семинар өткіздім».

psychologist
UNICEF

Сандуғаш философия докторы дәрежесіне ие және COVID -19 өршуі кезінде халыққа психологиялық қолдау және көмек көрсету жобасының қатысушысы болып табылады.

Бүгінгі күні 306 онлайн-кеңес өткізілді және 80 жазбаша өтініш өңделді. Эмоционалды күйзеліс, мазасыздық, қорқыныш - жиі кездесетін тақырыптардың бірі. Клиенттердің 15%-ы қосымша кеңес алуға жүгінеді.

Психолог былай дейді:

«Менің жағдайымда адамдар маған әртүрлі сұрақтар қояды. Өтініштердің шамамен 40%-ы COVID-19-мен байланысты. Мысалы, біреу есікке қол созудан қорқады. Адамдардың 60%-ында қарым-қатынас проблемалары, дүрбелең шабуылдарының күшеюі, депрессия бар. Моральдық қолдау көрсетуге өтініштер көп түседі. Негізінен бұл 17 мен 30 жас аралығындағы жастар. Оқшаулау оқудағы қиындықтар, стресті жеңу сияқты бұрыннан бар проблемаларды ушықтырады».

Psychologist
UNICEF

Сандуғаштың клиенті, 19 жастағы қыз, өз пікірін айтады: "Менде өзімді сөйлетуге мүмкіндік пайда болды. Белгілі бір уақыт ішінде, шамамен екі-үш айда, мен өте депрессиялық апатиялық жағдайда болдым, мен оның не үшін болып жатқанын білмедім. Көп ұзамай мен бұл жоба туралы білдім және психологтан жауап алдым. Маған жағдайымның себебін және болашақта мұндайды қалай болдырмаудың жолын  түсіндірді. Мен осы сайт арқылы көмек сұрауға шешім қабылдадым, өйткені жобаға көптеген мамандар мен ЮНИСЕФ өкілдігі тартылды. Мен үш сессиядан өттім, қазір алған кері байланысыма қатты ризамын. Сайт кеңесшілері сұрақтар қойып, кеңестер береді, олар көп көмектеседі, осыдан кейін жеңілденіп қаласың. Менің ойымша, бұл адамдарға қажет өте жақсы жоба".

Тағы бір клиент жобаға күрделі эмоционалды күйде болған кезде бас тартқысы келген докторлық диссертацияны сәтті аяқтауға және қорғауға көмектескені үшін алғыс білдіреді.

«Бірде бізге логистикалық компания жүгінді, онда көптеген адамдар қайтыс болған екен. Біз HR арқылы ұйымдастырылған кеңестер өткіздік», - деп еске алады Сандуғаш. «Адамдарға мұндай көмек қажет екені белгілі болды, әсіресе аймақтардан келген адамдар жиі жүгінеді. Бұл жоба білікті мамандарға қол жеткізуге мүмкіндік берді».

psychologist
UNICEF

58 онлайн-кеңес беру мамандарынан тұратын команда бүкіл ел бойынша 100-ден астам психологтардың, психотерапевтер мен психиатрлардың ішінен таңдалды, олар өз еркімен онлайн-кеңесші болуға келісті. Сандуғаш былай деп түсіндіреді: “Мамандарды іріктеу қатал болды, жұмыс тәжірибесі қажет болды, сонымен қатар психотерапевтермен, психиатрлармен бірлескен жұмыс қажет болды”.

Сондай-ақ, веб-сайтта ата-аналар мен балаларға пандемия кезінде стресс пен мазасыздықты қалай жеңілдетуге, олардың әл-ауқатын жақсартуға және баламен сөйлесуге қатысты кеңестер бар. Психологтардың кәсіби әлеуетін арттыру және дамыту мақсатында 2020 жылғы мамырда USAID қаржылық қолдауымен ЮНИСЕФ Білім және ғылым министрлігімен (БҒМ) және РПДҒПО -мен бірлескен іс-қимыл жоспары шеңберінде пациенттерді жүргізу және тәлімгерлік бойынша консультациялық қызметтер ұсынатын мектеп психологтары үшін жаңа парақшаны іске қосты. Практикалық кеңестері мен жаттығулары бар онлайн-тренингтер мен әдістемелік ұсынымдар Қазақстанның барлық 17 өңірінен, интернетке қолжетімділігі шектеулі шалғай елді мекендерді қоса алғанда, мектеп психологтарына қолжетімді болды.

Сандуғаш былай деп қорытындылайды:

«Жоба сондай-ақ  психологтардың біліктілігін арттыруға, клиникалық психологияны жақсы түсінуге итермелейтіндігімен жақсы. Осылайша, мамандардың ресурстық әлеуеті артып келеді».

psychologist
UNICEF