NINETY ONE: Буллинг және оған төтеп беру.

NINETY ONE тобы UNICEF Talks алаңында буллингпен қалай күрескендері жайлы айтып берді.

NINETY ONE
NINETY ONE - AMBASSADORS at the UNICEF Talks
UNICEFKazakhstan/2023/DiasMeirmanov
10 Қазан 2023

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ұлттық ізгі ниет елшілері, NINETY ONE тобы қатысушылары елордада өткен UNICEF Talks конференциясында өздерінің жеке бастарынан өткен оқиғалармен және буллинг проблемасымен күресу тәжірибелерімен бөлісіп, бұл қиыншылықты қалай сәтті жеңуге болатыны жайлы айтты. Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай топ мүшелерінің толық нұсқадағы тәжірибелерін назарыңызға ұсынамыз.

Blocks
Алем - 91
UNICEFKazakhstan/2023/DiasMeirmanov

Alem, NINETY ONE: 

Мектеп кезінде менің бір досым болатын. Біздің класста тек соның үйінде компьютер бар еді. Мен оған жиі баратынмын. Екеуміз мультфильмдерге күлкілі озвучка жасап, өзіміз видеолар монтаждап, кейде компьютер ойындарын ойнайтынбыз. Бірақ, оның үйіне жету мен үшін стресс болатын. Ол тұратын үйде басқа мектепте оқитын бір-екі бала тұратын, оларға да бір достары келіп тұратын. Олар бізден үлкендеу еді, кейде бізді тоқтатып алып, тиісіп, ақшамызды тартып алып қоятын. Біз бұл туралы ешкімге айтпайтынбыз, әрине.

Осылай, бір жолы досыма барғанда мынадай жағдай болды. Екеуміз әдеттегідей видео монтаждап отырғанда әлгі көрші балалар подъезге шақырды. Әңгіме не туралы болғаны есімде жоқ, әйтеуір бізге тиісе бастады. Досымды тамағынан ұстап алып, қорқытып жатқаны есімде. Содан бір кезде әлгі балалардың біреуі айтады маған: сен не, әншісің ба? Борчик айтады, сен әнші деп. Ал Борчик деген солардың достары, ол біздің мектепте оқитын. Содан олар маған ән айт деп қинай бастады. Мен «ой, мен сондай керемет айта алмамын», «дұрыс әндерді білмеймін» деген сияқты бірдеңелерді былдырладым. Болмай қойған соң, ән айтпаймын деп бас тарттым. Олар маған сөзбен тиісіп, шүйліге кетке соң, бір-екі жол ән айтып бердім. Олар күліп, мазақтап, әйтеуір босатты бізді.

Мен бұл жағдайды ұмытып кетер едім, кім білсін, бір күні мектепте бір таныс бала күлді, сен аналарға подъезде ән айтып бергенсің ба? - деп. Мен жоға, өтірік айтады дей салдым. Бірақ, осы момент менің жадымда сақталып қалды. Менің намысымды таптаған сәтті балалар бір-біріне айтып, мазақ қылатынын ойлағанда, жерге кіріп кеткім келетін. Ал қыздар естісе не ойлайды мен туралы? Өзіме өзім әлемдегі ең бейшара адам сияқты болып көрінетінмін. Мамамды тыңдап спортқа бармай, музыкаға барғаныма өкінетінмін. Неге дзюдоны тастап кеттім, мына ноталар, сальфеджио, фортепиано, домбыра дегендер кімге керек, егер мен өзімді қорғай алмасам деп өкінетінмін. Аяғына дейін ерегесіп, ол балалардан таяқ жесем бір жөн, онда ұялмас едім, бейшара сияқты подъезде өлең айтып бергенім мені жегідей жеді.

Бірақ, сол Борчик деген балаға қазір рахмет айтқым келіп тұр. Борчик деген әлгі бұзақы балалардың досы. Бір күні асханада менде пирожки алуға жиырма теңге жетпей қалды. Сонда қасымда тұрған Борчик, үндемей елу теңге берді. Ол маған бір мейіріммен қарады. Ол осылайша кешірім сұрағандай болып көрінді маған. Мен осыдан кейін өзімнің намысыма тиген жағдайды ақырындап ұмыта бастадым. Солай уақыт өтті, мен музыканы тастаған жоқпын, концерттер, репетициялар, сахна деп жүріп, ақырындап есейіп кеттім.

Мен осындай буллингтен өткенімді бұрын ешкімге айтпап едім. Міне бүгін сіздердің  алдарыңызда айтып тұрмын. Сол кезде, мен әлсіз болдым, өз өзіме сенімсіз болдым, қорқақтық таныттым... Ал қазір, мен сол бұзақы балаларға қарағанда әлдеқайда өз өзіме сенімдімін. Сіздерге айтпағым – ештеңеге қарамай адам сүйіrті ісімен айналысуы керек, сонда нәтиже шығады. Ал бір салада нәтиже шығарғанда, адамда өз өзіне деген сенімділік пайда болады.

Blocks
NINETYONE Bala
UNICEFKazakhstan/2023/DiasMeirmanov

Bala, NINETY ONE: 

Қай мектепке көшпесем де басында көп үндемегеніммен ары қарай жаңа сыныптастарыммен тез тіл табысып кететінмін. Мені біреу шеттетіп, маған қысым көрсетіп, сол үшін өзімді жалғыз сезінген кездерім шынымды айтсам есімде жоқ. Көбінесе мектеп кезімді ойнап күліп өткіздім. Тек бойымның қысқа болғанынан ұялатынмын. Ол бірақ буллингтен емес, қыздар мені менсінбегеннен болды.

Ары қарай колледж. Жоғарғы курстың балдарына ақша жинап беру деген түсінік бар болатын. Кейбір жерлерде әлі күнге дейін бар.

Жалпы барлық курстан сұрағасын, әр қайсысына шақсаң тиын-тебен шығатын. Сондықтан маған онда тұрған ештеңе жоқ боп көрінді. Алайда олай істеуге болмайды.

Курстастарыма қарағанда менің түрім кішкентай баланыкіндей болғасын ба, қай-қайсысы болсын мені көргенде жылы жүзбен қарсы алатын. Ешкім тиіспейтін. Бірақ колледж кездері ұзаққа созылмады, себебі 2-ші курста мені болашақ 91 тобы күтіп тұрды.

Қызықтың бәрі сол кезде басталды. Тоқсан бірге қосылып әртістік өміріміз басталғанда бізді адамдар неше түрлі сөздермен мазақтап, боқтап, қарғай бастады, кейбіреуі тіпті ата-анаға дейін тиісіп жатты.. Алайда ол нәрсе маған қатты  әсер етпеді. Өйткені 91 боп дебют алмас бұрын біз тренингтардан өттік. Ол тренингтардың басты түйіні: адамдар саған тиіскісі келіп саған қарай неше түрлі сөздер жаудырса да, эмоцияға берілмей, сол сөздердің ішінен қайсысы саған тиіп жатқанын анықтап сол арқылы өзіңнің осал жерлеріңді табу болды. Және келесіде ол сөздер саған еш әсер етпеуі үшін сол осал жерлеріңмен жұмыс істеу керек. Өйткені буллинг жасайтын адам өз жертвасынан эмоция және реакция күтеді. Ал сен оған керісінше бар сабырыңмен, бар мейіріңмен жауап қатсаң, ол сені түсінуі мүмкін.  Және келесіде ондай нәрсені қайталамайтынын айтуы мүмкін. Әрине қауіпті жағдайларды санамағанда. Немесе ол өзінің жертвасынан реакция ала алмаса, онда ресурсты ол басқа адамнан іздеп бастайды. Сөйтіп сені жайына қалдыруы мүмкін. Буллинг жасайтын адамдар көбіне өздеріне махаббат, көңіл, назар жетіспей қалғаннан сондай қылықтарға барады. Негізі әркім өзінен бастап айналасына махаббат таратып жүрсе мұндай жағдайлар айналамызда азаятын еді мүмкін.

Алайда одан бөлек, бізге хейттің бәрі төгілгенде мені қолдап, қолпаштап, қорғайтын ағаларым да жанымда болды. Сол хейттің бәрін байқамай, алаңсыз өтуіме көбіне осы үш жігіт себепші. Тым болмаса біреуіміз уайымсыз арамызда күліп ойнап, көңіл күй сыйлап жүрсін деген ниетпен, болашақта қорқынышты жайттар болуы мүмкін немесе қауіпті жағдайда екенімізді маған айтпаған екен. Алайда әрине уайымсыз өмір жоқ. Өз басымда да уайымдайтын мәселелер болды. Қазір оларды еске алсам, бірақ күлкім келед. Іштегі уайыммен жігіттерге келіп бөліскенде бар ақылдарын ортаға салып маған аянбай барынша қолдау көрсететін. 16 жасында ата-анасының жылы үйінен шығып, арман қуалаған балаға осындай қамқор ортаға түсу жоғарыдан берілген бақ болды. Сол үшін бұл жігіттерге алғысым шексіз. Рақмет жігіттер.

Бұл әңгімеден шығатын түйін, ол бастарыңыздан қаншалықты қиын жағдай өтіп жатса да үйдегі ата-аналарыңмен немесе аға, әпкелеріңмен бөлісу арқылы жараларыңды жеңілдетіп, көмек керек болса көмек сұрауға еш қысылмаңыздар. Өйткені жақындарыңызға онда тұрған ештеңе жоқ, ал сіз  есесіне қиындықты жеңіп шыға аласыздар. Осылайша бәріміз кішкентай-кішкентай қадаммен болса да буллингтың не екенін ұмытамыз. Рақмет.

Blocks
ACE
UNICEFKazakhstan/2023/DiasMeirmanov

Ace, NINETY ONE: 

Буллингқа дайын болдық деп ойлаған едік. Шаш бояп, сырға тағып шыққаннан аса қатты негатив болады деп күтпедім. Алайда тез арада үлкен дау болып, Онлайн буллинг басталып кетті, ол өсе келе біз оффлайн буллингқа ұрынып қаламыз ба? деп сескендік. Сол кезде барынша сақ болуға тырыстық, ауыр сөздер, қарғыстар, қауіп төндіретін істер қорқыныш тудырды. Бұл буллинг мектептегі жане басқада ортадағы буллингқа ұқсамайды.

Жақсысы осы кезде бірге, жалғыз-жалғыз болсақ, қалай шыдап шығарымызды елестете алмаймын. Осы кезде барынша өнерімізді шыңдап, халыққа жақсы әндер сыйлай бастадық. Сол арқылы жақтыртпайтындар мен жақсы көретіндердің саны теңесті. Тыңдаушыларымыз бізді жақтай бастағанда, біздің еңсеміз көтеріліп, өзімізге деген сенім күшейді. Қолдауды сезген соң жігерленіп, алға ұмтылуға мотивация алып, халыққа шынайы мінезімізді, тәрбиемізді, еңбекқорлығымызды көрсетіп, үлгі болуға тырыстық. Сол сәттегі адамдардың әр түрлі қарғысына, балағат сөздеріне мән бермей, жұмысымызды жалғастыра бердік. Осының натижесінде өзімізді мойындатып, өнерімізбен бөлісіп, Eaglez ға басқада халыққа жоғарғы деңгейлі музыка жасай бастадық. Осылай жүріп қалай қиындықтан өткенімізді байқамай қалдық.

Буллинг мен үшін мектептен келе жатқан өмірлік сынақ болғаны анық.

Басында ақ көңіл, мадениетті болу керек, ешкімде шаруам жоқ деген оймен жүретінмін. Одан кейін буллингпен бетпе-бет келгенде өмір қатігез джунгли, ұрса ұр, қинаса қина, кек ал, далелде, деген секілді ашу мінездер пайда болды. Агрессиядан агрессия туып, өзіммен тас алып, жүретін жағдайларда болды.

Сосын маған бір түсінік келгендей.

Барлық адам бірдей емес, бұл қоғам, бәріне ортақ қоғам, мен ондай адам болмауым керек, жаман болып жамандық шақырмайын, деген сияқты ойлар келді. Осылайша ренішімді тарқатып, өз өзімді сабырлы болуға шақырдым. Мен нақты айта алмаймын, мүмкін буллингтен өтіп, адам сынақ арқылы шыңдалады ма? Әлде бұл өмірде солай баланс орнайды ма?  Қазірде жауабы мен үшін әр түрлі.

Ең бастысы еңсені түсірмей, қатты уайымға түспей, жеңіл қабылдау керек бәрін. Мектептегі буллинг  -  уақытша екенін есте ұстау керек. Мен үшін тез ақ өтті де кетті. Сөз сүйектен өтеді дейді, немесе жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады дейді. Барлығының шешімі  - сөйлесу. Ата-анаңмен сойлесу, достарыңмен бөлісу, сойлесу, буллинг жасаган, жасап жүрген адаммен де сөйлесу барлығын шешетініне көзім жетті.

Blocks
ZAQ - member of 91 group
UNICEFKazakhstan/2023/DiasMeirmanov

Zaq, NINETY ONE: 

Сынақтар бізді күшейтеді. Әңгімені осы сөздерден бастағым келіп тұр. Мектеп кезінен, менің “өз әлемім” бар болатын, менің киінуім, шаш үлгісі, сөйлеу мәнерім кейбір адамдарға жақпайтын. Біреу күлетін, кейбір адамдарға керісінше тартымды боп көрінетін. Бірақ менің жолым болғыш сияқты, себебі түсінбейтін адамдар - көбінесе ересек, үлкендер болатын, ал құрдастарым маған агрессия көрсетпейтін, әлде мен оған мән бермеген шығармын. “Сенің хейтерлерің бар болса, онда сен бәрін дұрыс істеп жүрсің” дегенді кішкентай кезімде бір жерден естіген едім. Осындай әртүрлі цитаталар мен әндер, мені қиын кезеңдерде жігерлендіретін. Көптеген белгілі адамдардың биографиясына қарап, көбісі әртүрлі қиыншылықтардан өту арқылы ғана сондай күшті болған сияқты көрінетін. Тіпті, “бәрі оңай болса, мен бәріне бірдей ұнасам, онда мен бәрі сияқты болып кетемін, өз ерекшелігімді жоғалтып алам” деп ойлайтынмын. Жалпы мен сыртқа көп мән бермейтінмін, фокус іште. 2015-жылы нағыз буллингты біз топтағы балалармен көрдік. Бізді еліміздің 90 пайызы жеккөретіндей көрінді. Көшеде, интернетте, сахнада, тіпті үйде біз өзімізді қаупсіздікте сезіне алмадық. Қарапайым көшеде өтіп бара жатқан адамдардан-жоғарыда отырған кейбір министрлерге дейін біздің хейтерлер болды. Бір топ адамдар біздің үйдің қайда екенін біліп алып, аңдитын, түнде қақпаны соғып шошытуға тырысатын. Әртүрлі адамдар қоңырау шалып, қоқан-лоққы көрсететін. Интернетте көптеген видеолар мен пікірлер біздің кейіпімізді бұрмалап, жерден алып-жерге салатын. Менің өз басымда, ол керісінше: “недеген ғажап, үлкен, бәлкім ұлы дүние істеп жатырмыз, сонша адамның назарын аудартсақ, онда алда не деген кереметтер күтіп тұр?!” деп ойлайтынмын, бәрі сол цитатадағыдай, неғұрылым хейтерің көп, соғұрылым сен өз жолыңмен, яғни өзіңді сатпай дұрыс келе жатырсың деген сөз.

Мен ондай сәттерде өзім қадағалай алатын заттарға ғана мән беремін. Мысалы, біреудің маған деген көзқарасын мен қадағалай алмаймын, есесіне өзімнің реакциямды қадағалай аламын.Егер алаңдап бастасам, бірден фокусты ішке аударып: “бұл ситуация мені қай жағынан күштірек қыла алады?” деген сұрақ қоямын.

 Бізде тек қана хейтерлер болған жоқ, бізді жақсы көретін, ниеттес адамдар да бар. Ол біздің фандом:”Eaglez”. Негізі жеккөрушілердің жеккөрініші жалған, ал ниеттестердің махаббаты шынайы. Себебі жеккөретін адам негізі сені емес, сендегі “өзің болуға деген батылдығыңды, сенің шынайылығыңды” өзін сенен әлсіз қылатын қасиеттерді жек көреді. Өзіне жетіспейтін заттарды көргісі келмейді, сол үшін сені де өзі сияқты әлсіз, дауыссыз, сұр адам қылуға тырысады. Ал ниеттесің сені дәл сол қасиеттерің үшін жақсы көреді, сенен соны үйреніп, саған да бірдеңені үйретеді, екеуің бір-біріңе ерекше, дара, тұлға екендеріңді еске салу арқылы бірге өсесіңдер.

Менің бұл жолда түсінгенім - әлем бір жақты емес. Бір жерде сені түсінбесе, міндетті түрде сені түсінетіндер де бар, жеккөретіндер бар болса, жақсы көретіндер де бар. Ал сынақтар тұлғаны сындыра да алады, күшейте де алады. Ол тұлғаның таңдауы, сенде таңдау бар екенін ұмытпа. Сол үшін мен: “сынақтар бізді күшейтеді” деген сөздермен аяқтағым келеді