ЮНИСЕФ және ҚҚДИ мінез-құлық ғылымын дамыту үшін күш біріктіреді

07 Шілде 2026
Подписание меморандума с КИОР
UNICEF/Kazakhstan/2026/Nadira Yessetova

Астана, 7 шілде 2026 жыл — БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) мінез-құлық ғылымын (Behavioural Science, BeSci) дамытуға және оны балалар, жасөспірімдер, жастар және отбасылар үшін мемлекеттік бағдарламаларды, зерттеулерді және ақпараттық-түсіндіру науқандарын әзірлеуде практикалық тұрғыдан қолдануға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Мінез-құлық ғылымы адамдардың неліктен белгілі бір шешімдерді қабылдайтынын түсінуге, сол білімді тиімдірек мемлекеттік қызметтерді, әлеуметтік бағдарламаларды және ақпараттық науқандарды әзірлеу үшін пайдалануға көмектеседі. Көп елде мұндай әдіс-тәсілдер профилактикалық бағдарламалармен қамтуды арттыру, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті жақсарту, салауатты өмір салтын қолдау және мінез-құлықты қоғам игілігі үшін өзгерту үшін қолданылып жүр.

Серіктестік аясында ЮНИСЕФ ҚҚДИ-ға мінез-құлық әдіс-тәсілдерін институт жұмысына енгізуде сарапшылық қолдау көрсетеді. Аталмыш ынтымақтастық институционалдық әлеуетті нығайтуға, мамандардың практикалық дағдыларын дамытуға, зерттеу әдістемелерін жетілдіруге және әлеуметтік салада түрлі шешімдер әзірлеуде мінез-құлықты талдаудың заманауи құралдарын енгізуге мүмкіндік береді.

«Тіпті ең сапалы бағдарламалар да адамдардың қалай шешім қабылдайтынын және күнделікті өмірде қандай кедергілерге тап болатынын ескермесе, әр кез күтілетін нәтижелерге қол жеткізе бермейді. Мінез-құлық ғылымы шынымен адамдар үшін жұмыс істейтін шешімдерді әзірлеуге көмектеседі. Біз Қазақстандық қоғамдық даму институтымен күш біріктіріп, осы саланы дамытуға және халықаралық тәжірибені балалардың, жастардың және олардың отбасыларының игілігіне қолдануға қуаныштымыз»,— деп атап өтті Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі д-р Рашед Мустафа Сарвар.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова былай деп атап өтті:

«ЮНИСЕФ-пен серіктестік мінез-құлық ғылымы саласындағы ұлттық сараптаманы нығайтуға, зерттеулер мен әлеуметтік саясатта заманауи аналитикалық тәсілдерді қолдануды кеңейтуге мүмкіндік береді. Біз осы бірлескен жұмыс сектораралық ынтымақтастықты дамытуды және Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуді ілгерілететініне сенімдіміз».

ЮНИСЕФ пен ҚҚДИ жақын арада халықаралық озық тәжірибемен алмасуды, мамандардың кәсіби құзыреттіліктерін дамытуды және мінез-құлық әдіс-тәсілдерін зерттеулер мен талдау саласында қолдануды қамтитын бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыра бастайды. Серіктестік Қазақстандағы балалардың, жасөспірімдердің, жастардың және отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тиімдірек, нақты деректерге негізделген шешімдерді әзірлеуге ықпал етеді.

Медиа байланыс

Надира Есетова
қоғаммен байланыс бөлімінің маманы
ЮНИСЕФ
Тел: +77079500969

ЮНИСЕФ туралы

ЮНИСЕФ әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Біз серіктестерімізбен бірге 190 елде және аумақта осы міндеттемені практикалық іс-әрекетке айналдыру үшін жұмыс істейміз, әрі осы орайда бүкіл әлемдегі балалардың игілігі үшін ең осал балаларға ерекше көңіл бөлеміз.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігі туралы қосымша ақпаратты unicef.org/kazakhstan/сайтынан біліңіз немесе біздің Instagram Facebook және Твиттер парақшаларымызға жазылыңыз.

ҚҚДИ туралы

Қазақстан қоғамдық даму институты — әлеуметтік процестерді, институционалдық реформаларды, отбасылық және гендерлік саясатты зерттейтін жетекші ғылыми-зерттеу және талдау орталығы. ҚҚДИ-дың жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі болып табылады.

ҚҚДИ қызметі туралы көбірек ақпаратты kipd.kz сайтынан біліңіз. Әлеуметтік желілердегі парақшалары – InstagramFacebook және Telegram.