ЮНИСЕФ Қазақстанда Кеңес алқасын құрып, бизнеске балалар үшін серіктестіктің жаңа форматтарын ұсынады

18 Маусым 2025
Advisory council
UNICEF/Kazakhstan/2025/RomanKopanev

Астана, 18 маусым 2025 ж. – БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстанда балалардың мүддесі үшін инновациялық шешімдер әзірлеу мақсатында бизнес пен БАҚ көшбасшыларын біріктіретін бірегей алаң – жаңа Кеңес алқасының алғашқы отырысын өткізді.

Алқа ЮНИСЕФ-тің балалар құқықтары мен әл-ауқатын қолдауға бизнесті тарту жөніндегі жаһандық бастамасының бір бөлігі ретінде құрылды. Оның міндеті – қазақстандық бизнес көшбасшыларымен стратегиялық ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе мен ресурстармен алмасу, сондай-ақ Қазақстандағы балалардың өмірін нақты жақсартуға бағытталған тұрақты серіктестіктерді қалыптастыру.

Қазақстандағы Кеңес алқасын құруға UNICEF International Council халықаралық моделі – әлемнің 22 елінен келген бизнес көшбасшылары, қайырымдылық қорлары мен шығармашылық индустрия өкілдерін қамтитын 160-тан астам беделді серіктестерден тұратын ЮНИСЕФ-тің жаһандық қауымдастығы түрткі болды. Олар білім беру, денсаулық сақтау, балаларды қорғау және цифрлық теңдік саласындағы тұрақты шешімдер үшін көшбасшылықты, беделді, ресурстарды және сараптаманы біріктіреді. Қазақстандық Кеңес алқасы – ұлттық бизнесті пікірлес адамдардың халықаралық экожүйесіне қосуға бағытталған қадам.

«Бүгінде бизнес тек пайда табу емес. Бұл – ықпал, көшбасшылық және ел болашағына үлес қосу», – деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі, д-р Рашед Мустафа Сарвар. – «Біз қазақстандық бизнестің әлеуметтік өзгерістердің қозғаушы күші ретіндегі әлеуетіне сенеміз. Бірге біз әрбір баланың, өңірге немесе әлеуметтік мәртебеге қарамастан, салауатты және қауіпсіз балалық шаққа тең мүмкіндіктері бар Қазақстанды құра аламыз».

Астанада өткен алғашқы отырысқа Кеңес алқасының он мүшесі қатысты. Кездесу барысында Кеңестің тең төрағасы сайланып, 2025–2026 жылдарға арналған жұмыс жоспары таныстырылды, сондай-ақ болашақ өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары – ерте даму бағдарламаларын қолдау және қауіпсіз цифрлық кеңістіктен бастап бизнес ортасында отбасыға бағдарланған саясатты ілгерілетуге дейін талқыланды. Кеңес құрамына жетекші қазақстандық компаниялар мен БАҚ өкілдері, атап айтқанда, «Ана үйі» қоғамдық қорының жетекшісі Анар Рахимбаева, журналист, тележүргізуші және кәсіпкер Динара Сәтжан, «Zhanna Kan Group» компаниясының негізін қалаушы Жанна Кан, «G&G Glamour» компаниясының бас директоры Гаухар Каппарова, көптеген жобалардың авторы және кәсіпкер Бахытжан Кудушева, GRATA International компаниясының Астана қаласындағы серіктесі және кеңсе директоры Самат Даумов, «Documentolog» компаниясының бас директоры Байжан Канафин, «Астана Опера» МОБТ халықаралық қатынастар, маркетинг және коммуникациялар жөніндегі директорының орынбасары Малика Тулегенова, Астана және Алматы қалаларындағы «Jimmy Choo» компаниясының директоры және серіктесі Асель Тсенова, «TAS GROUP» компаниялар тобының басқарушысы Дулат Тастекей кірді.

ЮНИСЕФ-тің қолдауымен 2024 жылы Ұлттық статистика бюросы жүргізген соңғы Көп индикаторлы кластерлік зерттеу (MICS) нәтижелеріне ерекше назар аударылды, ол балалар денсаулығын сақтау, білім беру және құқықтарды қорғау саласындағы өзекті мәселелерді анықтады. Бұл деректер Кеңес мүшелері мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен іс-қимылдарының негізі болады.

Бұл бизнеске не үшін маңызды?

  • Адами капиталға инвестиция салу арқылы елдің тұрақты дамуына жүйелі үлес қосу мүмкіндігі;
  • Компанияның әлеуметтік имиджін қалыптастыруға қатысу және ESG-бағытталған күн тәртібін нығайту;
  • Халықаралық тәжірибеге, платформаларға қол жеткізу және озық тәжірибелермен алмасу;
  • Жыл сайынғы қайырымдылық гала-кешін қоса алғанда, ЮНИСЕФ-тің беделді іс-шараларына қатысу және танылу.

Кеңес алқасы жылына кемінде үш рет жиналып, ЮНИСЕФ-тің 2026–2030 жылдарға арналған жаңа елдік бағдарламасының басымдықтарына сәйкес нақты тақырыптарды талқылайды.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы 

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады. 

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org. 

Біздің Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.