Сандық әлемдегі балалар: Қазақстан қорғанысты күшейтеді
Астана, 2025 жылғы 24 ақпан – Қазақстан астанасында Safe Online жаһандық қорының қолдауымен Қазақстанда жүзеге асырылатын «Балаларды онлайн зорлық-зомбылықтан, қорлаудан және пайдаланудан қорғау» екі жылдық бағдарламасының іске қосылуына арналған дөңгелек үстел өтті. БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), Ішкі істер министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік құрылымдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері және сандық қауіпсіздік саласындағы жетекші сарапшылар қатысты.
Кезесудің негізгі қорытындылары:
- Қазақстан заңнамалық және білім беру шараларын күшейту арқылы балаларды сандық ортада қорғау жұмыстарын жандандырады.
- Балаларды онлайн ортада қорғауды қамтамасыз етуге арналған халықаралық тәсілдер ұсынылды.
- Кибербуллингке және балаларды онлайн пайдалануға қарсы күрес бойынша ағымдағы және жаңа бастамалар талқыланды.
- Сандық қауіптердің алдын алу үшін мемлекеттік органдар, IT-компаниялар және қоғамдық ұйымдар арасындағы үйлестіру күшейтілді.
- Бағдарламаны жоспарлау және іске асыру бойынша стратегиялық ұсынымдар беретін Үйлестіру комитеті құрылды.
ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев атап өткендей, Қазақстандағы балалар онлайн қауіптерге жиі ұшырайды. «Біздің міндетіміз – тек әрекет ету ғана емес, сонымен қатар мұндай қылмыстардың алдын алу», – деп атап өтті ол.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвардың айтуынша, интернеттегі зорлық-зомбылықпен күрес кешенді тәсілді қажет етеді: «Балаларға және олардың ата-аналарына сандық сауаттылықты үйрету арқылы қауіпсіз сандық ортаны қамтамасыз ету маңызды».
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Жамбекқызы Оспанованың айтуынша, балалардың сандық әлемдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің заманымыздың өзекті мәселелерінің бірі. «Қабылданып жатқан шаралармен қатар, интернетте балаларды қорғайтын заңнаманы дамыту, сондай-ақ қауіпсіз онлайн кеңістіктерді құру бастамаларын қолдау қажет», — деп атап өтті ол.
Статистика мәселенің өткірлігін растайды: ЮНИСЕФ-тің «Kazakhstan Kids Online» (2023) зерттеуіне сәйкес, қазақстандық балалардың 15%-ы күн сайын интернеттегі жағымсыз контентке тап болады, ал 21%-ы кибербуллингке ұшыраған. Сонымен қатар, балалардың 10%-ы бейтаныс адамдарды достарына қосқан, бұл онлайн пайдалану қаупін арттырады.
Дөңгелек үстел барысында «Балаларды онлайн зорлық-зомбылықтан, қорлаудан және пайдаланудан қорғау» бағдарламасының міндеттері ұсынылды, оларға мыналар кіреді:
- Интернеттегі жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық құқықтық базаны және интернет қауіптеріне қарсы профилактика және әрекет ету жүйесін дамыту;
- Құқық қорғау органдарының онлайн ортадағы жыныстық сипаттағы қылмыстарды тергеу әлеуетін нығайту, сондай-ақ бұл мәселеде IT-индустриясының рөлін кеңейту;
- Балаларды, ата-аналарды және мұғалімдерді киберқауіпсіздіктің негіздеріне оқыту;
- Интернеттегі және сандық құралдарды пайдалану арқылы зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға қызмет көрсетуді дамыту.
Сарапшылар балаларды интернетте тиімді қорғау тек мемлекеттің, жеке сектордың және қоғамдық ұйымдардың тығыз ынтымақтастығы жағдайында ғана мүмкін болатынына бірауыздан келісті. Бизнес өкілдері қауіпсіз сандық орта құру бастамаларын қолдауға дайын екендіктерін білдірді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті басқаратын Үйлестіру комитеті құрылды. Комитет құрамына мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, академиялық мекемелердің және IT-саласының өкілдері кірді. Бұл комитет балаларды сандық ортада қорғау бойынша тиімді стратегияларды әзірлеу және енгізумен, сондай-ақ интернеттегі қауіпсіздікті нығайту бойынша бірлескен күш-жігерді үйлестірумен айналысады.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ, БҰҰ-ның балалар істері жөніндегі агенттігі, әрбір баланың, әсіресе ең осал және қолжетімсіз балалардың құқықтарын қорғау үшін жұмыс істейді. 190-нан астам елде және аймақтарда біз балалардың өмір сүруіне, дамуына және әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беру үшін бар күшімізді саламыз.
ЮНИСЕФ қызметі туралы толығырақ www.unicef.org сайтында.
Біздің Instagram, Facebook және Twitter парақшаларына жазылыңыз.