Бизнес пен мәдениет саласының жаңа көшбасшылары ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Консультативтік кеңесіне қосылды
Астана, 2025 жылғы 2 қыркүйек – БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстанда Консультативтік кеңесінің екінші отырысын өткізді. Бұл – балалардың мүддесі үшін инновациялық шешімдер іздеу мақсатында бизнес, мәдениет және медиа көшбасшыларының басын қосатын бірегей платформа. Бұл жолы Кеңес өскелең ұрпақтың болашағы үшін өз тәжірибесімен және ресурстарымен бөлісуге дайын бес жаңа мүшені қабылдады. Осылайша, қазіргі уақытта Кеңес құрамында 15 мүше бар, оны ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі басқарады, ал тең төрайымы – Анар Рахимбаева ханым болып келеді.
Кеңес құрамына жаңадан қосылған мүшелер:
- Алмас Құдайберген, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағы Төралқасының мүшесі;
- Майра Мұхамедқызы, Шымкент опера және балет театрының директоры;
- Ләйлә Сұлтанқызы, медиапродюсер және қоғам қайраткері;
- Динара Шүкіжанова, «АгромашХолдинг KZ» АҚ Президенті;
- Юлия Энгельман, кәсіпкер.
2025 жылдың маусымында құрылған Кеңес ЮНИСЕФ-тің балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қолдауға бизнесті тарту жөніндегі жаһандық бастамасының бір бөлігі болып табылады. Ол 22 елде ЮНИСЕФ-тің 160-тан астам ықпалды серіктесін біріктіретін UNICEF International Council үлгісінде жасалған.
«Біз Кеңестің жаңа мүшелерін құттықтаймыз. Олардың бизнес, мәдениет және медиа саласындағы көшбасшылығы ЮНИСЕФ бағдарламаларын – балаларды ерте жастан дамыту мен білім беруден бастап, оларды қорғау және отбасыларды қолдауға дейінгі бағыттарды ілгерілету үшін қосымша мүмкіндіктер береді. Біз бірге Қазақстандағы әрбір баланың табысты болашаққа тең мүмкіндік алуына жағдай жасай аламыз», — деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі, доктор Рашед Мустафа Сарвар.
Алматыда өткен отырыс ЮНИСЕФ-тің 2026–2030 жылдарға арналған басымдықтарын талқылау алаңына айналды. Олардың ішінде:
- қолжетімді әрі сапалы білім беру және балаларды ерте жастан дамыту;
- бала құқықтарын қорғау және отбасыға бағытталған тәжірибелер;
- цифрлық мүмкіндіктерге тең қолжетімділік және қауіпсіз онлайн-орта;
- климаттық тұрақтылық және балалар денсаулығы.
Сондай-ақ 28 қарашада Алматыда алғаш рет өтетін ЮНИСЕФ-тің «Шексіз армандар» Гала-кешіне дайындыққа және «Балаға мейірімді әуежай» жобасы, ЮНИСЕФ волонтерлерін әлеуметтік өзгерістерге тарту сияқты жаңа бастамаларға ерекше назар аударылды.
Консультативтік кеңес жылына кемінде үш рет жиналады. Оның мүшелері сарапшылар ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы өзгерістердің драйверіне айналып, бала құқықтарын ілгерілетуде бизнес пен медианың рөлін күшейтетін болады.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ, БҰҰ-ның балалар жөніндегі агенттігі, әлемнің 190-нан астам елі мен аумағында әрбір баланың құқығын қорғау үшін жұмыс істейді. Біз әрбір баланың, әсіресе ең кішкентай кезінен бастап, өмір сүруі, дамуы және өз әлеуетін толық іске асыруы үшін жағдай жасауға ұмтыламыз.
ЮНИСЕФ қызметі туралы толығырақ ақпаратты www.unicef.org/kazakhstan сайтынан ала аласыз.
Біздің Instagram, Facebook және X(Twitter)парақшаларымызға жазылыңыз.