Балалық шақтың алғашқы кезеңіне салынған әрбір доллар қоғамға тоғыз есе қайтарым әкеледі: бала өмірінің алғашқы жылдары мемлекет үшін басымдыққа айналуда
АСТАНА, 2025 жылғы 31 қазан — Қазақстан әрбір баланың өмірінің алғашқы жылдарын мемлекеттік саясат пен адами капиталды дамытуға салынатын инвестициялардың басымдығына айналдыруға бағытталған батыл қадам жасады. Астанада өткен «Қазақстандағы әрбір балаға – сәтті бастама» атты халықаралық конференцияда үкімет, халықаралық ұйымдар, бизнес, ғылыми қауымдастық және ата-аналар бірлестіктерінің өкілдері Астананың іс-қимылға шақыру үндеуіне қол қойды. Бұл – туғаннан бастап әрбір баланың денсаулығын сақтауға, білім алуына және дамуына тең мүмкіндіктер алатын жүйе құруға бағытталған стратегиялық құжат.
Қазақстанда 2009 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті нығайту арқылы мектепке дейінгі мекемелер, соның ішінде жекеменшік балабақшалар желісін кеңейтуге мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Соңғы 5 жылда мектепке дейінгі ұйымдардың саны артып, 12 мыңға жетті. Қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырыс барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың 90%-дан астамына орналастырылған. 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту деңгейі 98,5 пайызды құрайды. 2023 жылдан бастап 171 мың жаңа орын ашылды, ал 2027 жылға қарай тағы 130 мыңға жуық жаңа орын пайдалануға беріледі деп күтілуде.
«Бала өмірінің алғашқы жылдары – бұл тек мектепке дайындық кезеңі ғана емес, сонымен қатар өмірлік маңызы бар когнитивті, эмоционалды және әлеуметтік дағдыларды қалыптастыратын уақыт. Осыны ескере отырып, Қазақстанда 2021 жылы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделі бекітілді. 2021–2023 жылдары мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалау бойынша зерттеулер жүргізілді. Олардың нәтижелері бойынша мемлекеттік стандарт пен үлгілік оқу бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, оларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде»,
- деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Қазақстанда 6,7 миллионнан астам бала тұрады, оның 1,6 миллионы – үш жасқа дейінгі сәбилер. Қатысушылар дәл осы өмірдің алғашқы 1000 күнінде болашақ тұлғаның іргетасы қаланатынын атап өтті. Осы уақытта баланың миы секунд сайын миллиондаған нейрондық байланыстар түзеді, ал оның әлеуетінің 90 пайызы мектепке дейін қалыптасады. Зерттеулерге сәйкес, балалықтың алғашқы кезеңіне салынған әрбір доллар қоғамға тоғыз есе қайтарым әкеледі, ал әрекетсіздік 8–19 есе қымбатқа түседі.
Астананың іс-қимылға шақыру үндеуі нақты міндеттемелерді қамтиды: баланың тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына немесе даму ерекшеліктеріне қарамастан, ерте даму қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету; денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және мәдениет салалары арасындағы сектораралық ынтымақтастықты нығайту; цифрлық және қоғамдық сервистерді қоса алғанда, ата-аналарды қолдауды дамыту; ерте жастағы балалармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру; мектепке дейінгі білім берудің жаңа технологиялары мен модельдерін енгізу; сондай-ақ қаржыландырудың тұрақты жүйесін құру.
«Бала өмірінің алғашқы жылдарына инвестиция сала отырып, біз Қазақстанның болашағына инвестиция жасаймыз. Әрбір бала, қай жерде дүниеге келгеніне қарамастан, өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік алуы үшін барлық сектордың күш-жігерін біріктіріп, сапалы мектепке дейінгі білім беру мен ерте даму бағдарламаларына тең қолжетімділіктегі өңірлік айырмашылықтарды жоятын уақыт келді», — деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар.
Конференцияны ЮНИСЕФ-пен серіктестікте ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырды. Конференцияға Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Дүниежүзілік банк өкілдері, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ Аустралия, Ирландия, Түркия, Әзербайжан, Молдова және Ұлыбританиядан келген халықаралық сарапшылар мен зерттеушілер қатысты. Баяндамашылар қатарында профессор Фрэнк Оберклайд (Мельбурн университеті), Ивелина Борисова (ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша аймақтық кеңсесі), профессор Филиз Полат (Ирландия), Фейза Кубра Алпагат (Түркия Халықтық білім министрлігі) және Джоанна Юсон (Genesis Analytics, Ұлыбритания) болды. Сарапшылар балалықтың алғашқы кезеңіндегі сапалы бағдарламалар мен мектепке дейінгі білім беру табысы төмен және жоғары елдер арасындағы білім беру нәтижелеріндегі алшақтықты 40 пайызға дейін қысқартып, әлеуметтік әл-ауқат деңгейін айтарлықтай арттыра алатыны туралы нанымды деректерді ұсынды.
Қабылданған «Сәтті бастау» құжаты Қазақстанның әрбір бала туғаннан бастап қамқорлыққа, назарға және даму мүмкіндігіне ие болатын жүйе құру жөніндегі ауқымды пайымын көрсетеді. Іс-қимылға шақыру үндеуіне қол қою – балалықтың алғашқы кезеңіне салынатын инвестициялар шығын емес, адами капиталға және елдің тұрақты болашағына салынған маңызды салым ретінде танылған жаңа ұлттық күн тәртібін қалыптастырудағы бұрылыс кезеңі болды.
Медиа байланыс
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ, БҰҰ-ның Балалар қоры, әлемнің 190-нан астам елі мен аумағында әрбір баланың құқығын қорғау үшін жұмыс істейді. Біз ең ерте жастан бастап, әрбір баланың өмір сүруі, дамуы және өз әлеуетін жүзеге асыруы үшін жағдай жасауға тырысамыз.
ЮНИСЕФ қызметі туралы толығырақ ақпаратты www.unicef.org сайтынан таба аласыз.
Біздің Instagram, Facebook және X(Twitter)парақшаларымызға жазылыңыз.