Астанада балаларды жаңа онлайн-қауіптерден қорғау мәселелері талқыланды

22 Мамыр 2026
online safety confrance
UNICEF/Kazakhstan/2026/ Dias Meirmanov

Астана, 2026 жылғы 22 мамыр — Кибербуллинг, сексуалдық бопсалау, онлайн-груминг және жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жасалатын дипфейктер цифрлық ортадағы балалар үшін барған сайын күрделі қауіпке айналуда. Бұл мәселелер Астанада өткен «Балаларды цифрлық ортада қорғау: өзекті сын-қатерлер мен тәсілдер» атты ұлттық конференция барысында талқыланды.

Конференцияны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі және Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырды.

Іс-шара Қазақстанда Safe Online жаһандық қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Қазақстандағы балаларды желідегі зорлық-зомбылық, қатыгездік пен қанаудан қорғау» атты екі жылдық бағдарлама аясында өтті. Бағдарлама цифрлық ортада балаларды қорғау жүйесін нығайтуға, заңнаманы жетілдіруге, ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға және балалар мен отбасылармен жұмыс істейтін мамандардың әлеуетін арттыруға бағытталған.

Конференция қатысушылары цифрлық технологиялардың балаларға білім алу, қарым-қатынас жасау және даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын, сонымен қатар жаңа қауіптер туындататынын атап өтті. Ең алаңдатарлық қауіптердің қатарында кибербуллинг, зиянды контенттің таралуы, құпиялылықтың бұзылуы, онлайн-груминг, сексуалдық бопсалау, балаларға қатысты онлайн-сексуалдық қанау мен зорлық-зомбылық бар. Жасанды интеллектімен байланысты жаңа қауіптерге, соның ішінде балалар мен жасөспірімдердің бейнесін пайдалану арқылы сексуалдық сипаттағы дипфейктер жасау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Конференция барысында Қазақстандағы балаларға қатысты онлайн-сексуалдық қанау мен зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған ден қою жөніндегі ұлттық жүйені талдау нәтижелері таныстырылды. Зерттеу WeProtect жаһандық альянсының Ұлттық әрекет ету шаралары моделінің негізінде дайындалды.

Online safety confrance
UNICEF/Kazakhstan/2026/ Dias Meirmanov

Қатысушылар қауіптерді ерте анықтау, жағдайлар туралы хабарлау мен оларды тиісті органдарға бағыттаудың тиімді тетіктері, балаға қолайлы сот төрелігі, зардап шеккен балаларға психоәлеуметтік қолдау көрсету, мамандарды даярлау және ата-аналардың, балалар мен қоғамның хабардарлығын арттыру сияқты балаларға қатысты онлайн-зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған ден қою шараларын күшейту мәселелерін талқылады.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар:

«Әрбір баланың қауіпсіз цифрлық ортада өмір сүруге құқығы бар. Технологиялар дамыған сайын балаларды қорғау жүйелері де жетіліп, жаңа қауіптерге бейімделуі қажет. Бұл мемлекеттердің, халықаралық серіктестердің, технологиялық индустрияның, ата-аналардың және жастардың бірлескен күш-жігерін талап етеді», — деп атап өтті.

Бағдарламаның жеке бөлігі ретінде жастар панелі ұйымдастырылып, онда жасөспірімдер мен жастар онлайн-қауіптермен бетпе-бет келген өз тәжірибелерімен бөлісіп, цифрлық қауіпсіздікті арттыру бойынша ұсыныстарын берді.

ЮНИСЕФ волонтері, жастар өкілі:

«Жастар цифрлық қауіпсіздік жөніндегі диалогтың толыққанды қатысушылары болуы тиіс. Біз үшін ересектердің жасөспірімдер кездесетін нақты онлайн-қауіптерді түсінуі және бізбен бірге қауіпсіз әрі қолдаушы цифрлық кеңістік құруы маңызды», — деді.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар цифрлық ортада балаларды қорғаудың ұлттық жүйесін одан әрі нығайту, сектораралық ынтымақтастықты дамыту және профилактикалық шараларды күшейту жөніндегі ұсынымдарды қабылдады.

Медиа байланыс

Эльвира Яушева
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы
ЮНИСЕФ
Тел: +7 778 021 19 12

ЮНИСЕФ туралы 

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту проблемасына; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады. 

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы сайтта толық ақпарат бар www.unicef.org

Біздің InstagramFacebook және Twitter әлеуметтік желілеріне тіркеліңіз.