Балалардың құқықтарына мониторинг жүргізу
Қазақстанда балалардың құқықтарына тиімді мониторинг жүргізу үшін сенімді мәліметтер жинау, тарату және пайдалану бойынша ұлттық әлеуетті күшейту

Балалардың құқықтарына мониторинг жүргізу
Балалардың құқықтары сақталуына мониторинг жүргізу ЮНИСЕФ-тің халықаралық деңгейде де, әрбір елде де басты міндеттерінің бірі болып табылады. Қазақстандағы басым жұмыс бағытттарын анықтау және іс-қимылдар жоспарын жасау кезінде шешуші рөлді жалпы елдегі және жекелеген әр өңірдегі жағдайға сапалы талдау жасау, сонымен қатар, заңнамаға мұқият баға беру атқарады. Тек егжей-тегжейлі және объективті ақпарат мейлінше орынды және тиімді жұмыс әдістемесін жоспарлауға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігі тәуелсіз мәліметтерді жинауға қолғабыс етеді, серіктестеріне балалық мен аналық мәселелері бойынша тереңдетілген зерттеулер жүргізуге жәрдемдеседі, балалардың жағдайына талдау жасайды және олардың құқықтарының жүзеге асырылуына келтірілетін қиын кедергілерді анықтайды. ЮНИСЕФ жұмысының басым бағыттарының бірі болып сенімді, ыдыратылған мәліметтер жинау, тарату және пайдалану бойынша ұлттық әлеуетті күшейту, сонымен бірге, есептілік және тәуелсіздік институттарын дамыту және балалардың құқықтары қамтамасыз етілуіне тиімді мониторинг жүргізу, әрі 2030 жылға дейін Тұрақты даму мақсаттарына жету табылады.
2017 жылы ЮНИСЕФ алғаш рет «Қазақстан балалары» атты статистикалық жылнаманы жарыққа шығарып, қоғам назарына елдегі балалардың жағдайына қатысты жан-жақты көріністі ұсынды

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ЮНИСЕФ-пен бірге «Қазақстан балалары» статистикалық жылнамасының екі шығарылымын дайындады. Жылнама мәліметтердің кең ауқымдылығымен бірегей болып табылады, алғаш рет Қазақстан облыстарындағы балалар туралы жас-жыныс белгісіне қарай ажыратылған түрлі мәліметтер бір құжатта жинақталды. Осы жұмыстың басты жетістігі – Қазақстанның барлық өңірлерінде тұратын 0-17 жас аралығындағы балалардың жағдайы туралы түрлі көрсеткіштерді бір жүйеге келтіру. Жылнамалар 2000, 2005, 2010-2015 және 2016 жылдарды қамтиды.
Балалар туралы, оларды аман-саулығы, қажеттіліктері мен ерекшеліктері туралы толық көріністі көре алатын Үкімет, бейүкіметтік және халықаралық ұйымдар балаларға қатысты саясатты үйлестіру және жоспарлау үшін сенімді сандарға арқа сүйей алады
Балалардың құқықтарын жүзеге асырудың тиімді тетіктері ұлттық және өңірлік деңгейлерде мәліметтер жинау бойынша үнемі қарқынды жұмыс жасауды талап етеді. Қазақстанның статистикалық қызметтерімен бірге ЮНИСЕФ үй шаруашылықтарын зерттеу, халық санағы, азаматтық актілерді тіркеу жүйелері, әкімшілік мәліметтер және басқа да дерек көздері арқылы балалардың құқықтарына кеңейтілген мониторинг жүргізу көрсеткіштерін және әдістерін әзірлейді және сынайды. Осы мақсатта Қазақстанда Көп көрсеткіштер бойынша кластерлік зерттеу (МИКС) – ЮНИСЕФ дайындаған үй шаруашылықтарын зерттеу жөніндегі халықаралық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.
2015 жылы 16 500 үй шаруашылығында сауалнама жүргізілді, оның ішінде әйелдер – 12 670, 5 жасқа дейінгі балалар – 5 561
МИКС балалар мен әйелдердің жағдайына талдау жасау үшін пайдаланылатын статистикалық жағынан нақты, әлемдік деңгейде салыстыруға болатын негізгі көрсеткіштердің бағалауларын жинауға арналған, атап айтқанда: денсаулық, білім, тамақтану, балалардың даму деңгейі мен қорғалуы, әйелдердің ұрпақ жаңғырту денсаулығы, АҚТҚ (ВИЧ)/ЖИТС (СПИД) бойынша күйі, сумен қамту және санитария, БАҚ және ақпараттық-байланыс технологияларын пайдалану, темекі мен ішімдік тұтыну, сонымен қатар, әйелдердің өз аман-саулығын өздері бағалауы. МИКС елдің Тұрақты даму мақсаттарына жетудегі жетістіктеріне, әсіресе, балалар мен отбасылар үшін басымдылығы жоғары көрсеткіштер бйоынша есеп беруіне толыққанды мониторинг жүргізу үшін аса маңызды.
Қазақстанда МИКС зерттеуі үш рет жүргізілді (2006, 2011, 2015 жж.). Аталмыш зерттеуді жүйелі өткізіп тұру, ал әкімшілік және статистикалық мәліметтерді балалардың аман-саулығына және құқықтары сақталуына мониторинг жүргізудің кешенді жүйесіне біріктіру жоспарланған.