Жол қауіпсіздігі бойынша кеңестер
Отбасыңыздың қауіпсіздігіне арналған кәсіби кеңестер
Жол-көлік оқиғалары әлем бойынша 5 пен 19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы өлімнің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлардың көпшілігін болдырмауға болатын еді. Төменде отбасыңыздың көшеде және жолда қауіпсіз болуына көмектесетін пайдалы кеңестер берілген.
Кіші жастағы балаларға арналған жол қауіпсіздігі кеңестері
Балаларды жолдағы қауіпсіздік ережелеріне үйретуді ерте бастауға болады. Төмендегі қарапайым ережелер балаларға қауіпсіздікті есте сақтауға көмектеседі.
1. Жол қауіпті болуы мүмкін
Балаға жолдағы машиналарды қарау қызықты болуы мүмкін екенін түсіндіріңіз, бірақ әрдайым қауіпсіз қашықтықты сақтау маңызды. Бірге көшеге шығып, машиналарды көрсетіп, қауіпсіз әрекетті үйретуге болады. Балаға машиналар жолда артықшылыққа ие екенін және олардың бойының кіші болғандықтан әрдайым балаларды көре бермейтінін түсіндіріңіз.
2. Үлкендерсіз жолға жақындама және әрдайым қол ұстас
7 жасқа дейінгі балалар жолға өздері шықпауы керек. Олар сіздің қасыңызда, қозғалысы аз жақта жүруі қажет. Балаға көшені кесер алдында қол ұстасуды еске салу үшін ән немесе ойын ойлап табыңыз.
3. Жолдан өту кезінде тоқтап, қара және тыңда
Бірге тыныш көшеде жаттығу жасаңыз. Балаға жолдан өтпес бұрын тоқтап, екі жаққа қарап, қозғалысты тыңдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіңіз. Көліктер болмаса да, бұл әрекетті қайталау қауіпсіз әрекетті қалыптастыруға көмектеседі.
4. Көрінетін киім киіңіз
Балаға көрінетін және шағылыстыратын киім адамдарға қараңғы уақытта немесе қолайсыз ауа райында көрінуге көмектесетінін түсіндіріңіз. Мұны қызықты ету үшін, балаға қандай киім немесе түс киюді қалайтынын сұраңыз, мысалы, көріну нашар болған кезде келесі жолы киетін киімін таңдай алады.
5. Үй ауласында қауіпсіздікті үйреніңіз
Жол қауіпсіздігі ережелерін тек көшеде ғана емес, үйдің айналасында да сақтау маңызды. Себебі ауладағы кіріп-шығатын жолдар балалар үшін қауіпті жағдайларға себеп болуы мүмкін. Балаға үй ауласында және сыртта осындай жолдардың қандай қауіп төндіретінін түсіндіріңіз. Көлікпен аулаға кіріп немесе ауладан шыққанда баланың қайда екенін әрдайым бақылап отырыңыз.
Бала қашан жолды өз бетімен өте алады?
Барлық балалар әртүрлі және әрқайсысы өз деңгейіне сай өсіп, дамиды. Баланың жолды өз бетімен өтуіне рұқсат беру — оңай шешім емес, өйткені оның дайындық деңгейін және сіз тұратын жердегі жол жағдайын ескеру керек. Бала жол қауіпсіздігі ережелерін жақсы түсініп, оларды күнделікті өмірде қолдана алмағанша, жолды жалғыз өтуге дайын деп есептелмейді. Сондай-ақ, ол көліктің қаншалықты жылдам келе жатқанын және қаншалықты жақын екенін бағалай білуі қажет, сонда ғана жолды қауіпсіз өте алады.
Велосипедті қауіпсіз пайдалануды үйретіңіз
Балаларыңызға велосипедті жол қозғалысының бағытымен тебуді үйретіңіз. Бұрылар кезде қолмен белгі беруді және өлшемі сай қорғаныш бас киім киюдің маңызын түсіндіріңіз. Егер велосипед жолақтары болса, солармен жүруге үйретіңіз. Сонымен қатар, велосипедінің тежей алатынын, жарық шағылыстыратын белгісі мен шамы бар екенін тексеріп отырыңыз.
Жасөспірімдерге арналған жол қауіпсіздігі бойынша кеңестер
Жасөспірімдер балалар мен ересектерге қарағанда жиі жаңа әсерлер мен қауіпті жағдайларды іздейді. Бұл — олардың дамуының табиғи бір бөлігі, бірақ кейде ол қауіпке толы әрекеттерге алып келуі мүмкін. Сондықтан қасыңызда болмаған кезде де дұрыс шешім қабылдай алуы үшін, жасөспіріммен жол қауіпсіздігі туралы сөйлескен маңызды.
1. Сергек болып, қауіпті жағдайларға назар аударыңыз
Көшеден өтіп бара жатқанда телефонға қарау, құлаққаппен музыка тыңдау немесе достармен сөйлесу қызықты көрінуі мүмкін. Бірақ жолда әрдайым бар назарды көлік қозғалысына аудару қажет. Өтер алдында тоқтап, екі жаққа қарап, жақындап келе жатқан көліктерді тыңдаңыз.
2. Жолда қауіпті әрекеттер жасамаңыз
Көлік көп жүретін жерде ойын ойнау, мысалы, жолда доп лақтыру немесе көліктің алдымен жүгіріп өту — өте қауіпті әрекеттер.
3. Құрдастардың ықпалына берілмеңіз
Достар жолда қауіпті іс-әрекетке шақыруы мүмкін. Мұндай жағдайда өз қауіпсіздігіңіз үшін «жоқ» деп айта білу өте маңызды.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жол қауіпсіздігі кеңестері
Балаңызды және оның айналасын сіз бәрінен жақсы білесіз. Жол қауіпсіздігін үйрету кезінде баланың жеке қажеттіліктерін де ескерген маңызды. Мысалы:
- Есту қабілеті төмен балалар көліктің дыбысын – сигналды, автокөлікті, мотоциклді – естімеуі мүмкін. Сондықтан оларды жолдағы қозғалысты мұқият бақылауға үйрету керек.
- Аутизмі бар, мінез-құлқында немесе ақыл-ой дамуында ерекшелігі бар балалар кейде бақылаусыз кетіп қалуы мүмкін және қауіптің бар екенін әрдайым сезіне бермейді. Олар жолға, теміржолға немесе су маңына жақындап кетуі мүмкін. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін көршілеріңізді және айналадағы адамдарды алдын ала ескерткен дұрыс.
Жолды қауіпсіз өтудің 5 қадамы
1. Қауіпсіз жерді таңдаңыз
Айналаны толық көре алатыныңызға және жүргізушілердің де сізді көретініне көз жеткізіңіз. Егер арнайы жаяу жүргінші өткелі болса, соны пайдаланып, балаға оның қалай жұмыс істейтінін түсіндіріңіз.
2. Тоқтаңыз
Жолдан қауіпсіз қашықтықта тоқтаңыз.
3. Екі жаққа қараңыз
Асықпай, жақындап келе жатқан көліктерді мұқият бақылаңыз. Егер көлік келе жатса, өтіп кеткенін күтіңіз. Балалар көліктің жылдамдығын ересектер сияқты дәл бағалай алмайды.
4. Тыңдаңыз
Кейде көліктің дыбысы оны көрмей тұрып-ақ естілуі мүмкін.
5. Қауіпсіз өтіңіз
Жолды тура өтіңіз, жүгірмеңіз. Өтуге жеткілікті уақыт болғанда ғана қозғалыңыз және жүріп келе жатып та қарап, тыңдауды ұмытпаңыз. Велосипедшілерге және дыбысы аз көліктерге назар аударыңыз. Жолдан өтіп бара жатқанда ұялы телефонды немесе басқа құрылғыларды қолданбаңыз.
Жол қауіпсіздігі үшін әрекет етіңіз
Жергілікті билік өкілдерімен, балаңыздың мектебімен және қоғамдастық ұйымдарымен жол қауіпсіздігі туралы сөйлесу арқылы маңызды шаралар жайлы ақпаратты арттыра аласыз. Мұндай шараларға мыналар жатады:
- Тұрғын көшелер мен мектеп маңындағы жолдарда көлік жылдамдығын 30 км/сағ-тан асырмауды көздейтін заңдарды қабылдау және қатаң сақтау.
- Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен велосипедшілерге арналған арнайы жолақтар жасау арқылы жол пайдаланушыларды бөлу.
- Бастауыш және орта мектеп бағдарламасына жол қауіпсіздігі бойынша білімді практикалық жаттығулармен бірге енгізу.