Білім берудегі цифрлық көмекшілер: Akelius оқушылар мен мұғалімдердің көзімен

Шымкент қаласындағы мектеп оқушылары балаларға арналған Akelius атты сауаттылықты арттыру бағдарламасы туралы айтып берді.

Айгерим Құрманғалиева
Akelius
UNICEF/Kazakhstan/2025/TimurYerketayev
23 Маусым 2025

12 жастағы Әділет Абдулла Шымкент қаласындағы #80 IT мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы. Бұл мектепте БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) қолдауымен Akelius платформасы арқылы балаларға сауаттылықты арттыру курсы оқытылады.

Өз қатарластары сияқты, Әділет те футболға әуес. Бірақ оның қызығушылығы тек спортпен шектелмейді: бос уақытында ағылшын тілі мен математика оқиды. Факультативтік сабақтарда ағылшын тілінің негіздерін меңгеріп алған соң, цифрлық технологиялар арқылы білімін әрі қарай жетілдіруге кірісіп кетті. Ол бұл жүйе бойынша оқуды бірнеше ай бұрын бастап кетті, қазірдің өзінде айтарлықтай жетістіктерге жеткен.

Akelius1
UNICEF/Kazakhstan/2025/TimurYerketayev

«Маған тыңдалымға арналған тапсырма өте ұнады. Қосымшада сөздердің қалай айтылатынын тыңдап, диктордың артынан бірнеше рет қайталадым. Бұл менің ағылшын тіліндегі сөйлеуімді жақсартуға көмектесті», – дейді Әділет.

Цифрлық платформа тыңдалым мен айтылым дағдыларын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Аудиоматериалдар, интерактивті тапсырмалар және оларды бірнеше рет қайталау арқылы оқушылар оқу, жазу, сөйлеу және тыңдалым дағдыларын белсенді дамыта алады. Мұндай әдіс оқу материалын терең меңгеруге және шет тілде сенімді қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді.

Әділеттің айтуынша, Akelius бағдарламасының арқасында ол ағылшын тілі сабағында өз ойын еркін жеткізе алады, оған қоса сөздік қорын айтарлықтай кеңейткен.

Akelius3
UNICEF/Kazakhstan/2025/TimurYerketayev

Ол тіпті өмірде де бұл білімнің пайдасын көріп үлгерген: жақында ғана шетелдік азаматқа жол сілтеп көмектескен екен. Сонымен қатар, Әділет ағылшын тіліндегі фильмдерді жақсырақ түсінетін болып, сыныптастарымен еркін сөйлесе бастады. Ол болашаққа үлкен жоспарлар құрып отыр.

Оның ойынша, цифрлық технологиялар басқа балалардың да тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыра алады.

«Кейбір балалар мектепте ағылшын тілін оқуға ерінеді. Ал егер ол әдемі, қызықты суреттері бар ойын сияқты болса – кез келген балаға қызықты болады», – дейді ол.

Akelius платформасы оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін геймификация элементтерін пайдаланады. Ойын форматы, көрнекілік элементтері мен интерактивті тапсырмалар балалардың оқу процесіне белсенді араласуына ықпал етеді, бұл дәстүрлі тәсілмен оқуды қиын көретін оқушылар үшін қызық болары сөзсіз. Платформа оқу процесін нағыз қызыққа айналдырады.

Akelius4
UNICEF/Kazakhstan/2025/TimurYerketayev
Акелиусғ
UNICEF/Kazakhstan/2025/TimurYerketayev

Әділеттің сыныптасы Айкөркем Орақбаева да цифрлық технологияны қолдану тәжірибесімен бөлісті. Айкөркем 2024 жылы Атыраудан Шымкентке көшіп келген. Отбасында үш бала бар, ол – ортаншысы. Бос уақытында Айкөркем сурет салғанды, оқығанды, отбасымен уақыт өткізгенді және спортпен шұғылданғанды жақсы көреді. Akelius платформасы оның бұрынғы мектебінде болмағандықтан, ол үшін үлкен жаңалық болды. Бұл қосымшамен алғаш жұмыс істеген сәті әлі де Айкөркемнің есінде.

«Мұғалім алғаш рет маған планшетті бергенде, әріптер мен жемістердің суреттері бар әдемі көріністер бірден назарымды аударды. Бұл менің оқуға деген қызығушылығымды оятты», – дейді Айкөркем.

Ол ағылшын, орыс және түрік тілдерін үйренуде үлкен жетістікке жеткенін атап өтті. Платформаның ойын форматы оны ерекше қызықтырады.

«Бұрын мен жеке және көпше түрлерді, сондай-ақ зат есімдердің жынысын жиі шатастыратынмын. Ал Akelius бұл ережелерді жақсырақ түсінуге көмектесті. Маған бұл платформаны балалар да, ересектер де қолдануға болатындығы ұнайды. Бұл – оқуға арналған ойын сияқты», – дейді Айкөркем.

Akelius
UNICEF/Kazakhstan/2025/Timur Yerketayev

Akelius платформасының басты артықшылықтарының бірі – оқу процесін әр баланың жеке қажеттіліктеріне бейімдеу мүмкіндігі. Ол оқушының білім деңгейін, материалды меңгеру қарқынын және қызығушылықтарын ескере отырып, қолайлы әрі тиімді оқу ортасын қалыптастырады. Бұл әр баланың әлеуетін толық ашуына жағдай жасайды.

Айкөркем шет тілін меңгерудің пайдасын саяхат кезінде де көрді – ол жергілікті тұрғындармен түрік тілінде еркін сөйлесе алған. Болашақта ол бұл білімін IT саласында қолданғысы келеді.

Akelius платформасы мұғалімдерге сараланған оқыту үшін тиімді құрал болады: түрлі оқу ресурстарына қол жеткізуге, әр оқушының жетістігін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл мұғалімге сыныпты тиімді басқаруға, қосымша қолдауды қажет ететін оқушыларға көбірек назар аударуға, сондай-ақ әр бала үшін жекелендірілген білім беру бағытын ойластыруға мүмкіндік береді.

Akelius
UNICEF/Kazakhstan/2025/TimurYerketayev

Ағылшын тілі пәнінің 25 жылдық тәжірибесі бар мұғалімі Шолпан Мұталиева цифрлық технологиялардың оқу процесіне әсері туралы өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, 2024 жылдың қаңтарында бағдарлама енгізілгелі бері оқу нәтижелері айтарлықтай жақсарған.

«Платформаны сабақ процесіне оңай бейімдеуге болады және ол мемлекеттік білім стандарттарын жүзеге асырумен жақсы үйлеседі. Егер оқушы сабақта бірдеңені түсінбей қалса немесе сабаққа қатыса алмаса, планшет арқылы материалды өз бетімен меңгере алады. Қазіргі таңда білім беру саласындағы цифрлық шешімдер тек оқу үлгерімін арттырып қана қоймай, оқушылардың оқу процесіне белсенді қатысуына да ынталандырады», – дейді Шолпан Мұталиева.

Әділет пен Айкөркем цифрлық технологиялар қазіргі білім берудің ажырамас бөлігіне айналып жатқанын және оны қолжетімді, қызықты әрі тиімді ететінін атап өтті.

«Қазір балалар телефонда ойнағанды жақсы көреді. Ал оқу мен ойынды біріктіретін осындай білім беру платформалары баланың оқуға деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі», – дейді Айкөркем.

Анықтамалық материал:

Akelius сауаттылықты арттыру бастамасы Қазақстанда 2021 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 2000-нан астам бала бұл қосымшаны сабақтарға бейімдеу арқылы жазу, сөйлеу және оқу дағдыларын жақсартты. 450 мұғалім бағдарламаны сабаққа енгізу бойынша арнайы оқудан өтіп, оны тиімді қолдана отырып, өз әріптестерімен тәжірибе алмасып келеді. «Өрлеу» Ұлттық біліктілікті арттыру орталығы бұл платформаны еліміздің мектептеріне кеңінен енгізумен айналысып, мұғалімдерді оны күнделікті сабақтарға интеграциялауға үйретіп жатыр.