Баланың беймаздығы мен денсаулығы

Беймаз баланың ата-аналарына арналған кеңестер

UNICEF Kazakhstan
baby emotions
UNICEF
13 Қазан 2020

Дені сау бала - көңілді бала деген  ұқсас ұғым бар. Бала көтеріңкі көңіл – күйде болмай, қапалы, мазасыз күйде отырса, бізге денсаулығы дұрыс емес сияқты болып көрінеді де тұрады.

Бала мазасыздығының себептері әртүрлі болады. Кейде ол дүниеге келмей жатып, жүктілік кезінде анасының басынан өткен қолайсыз жағдайларға байланысты пайда болады. Мазасыздықтың мерзімі қысқа немесе ұзақ уақыттық бола ма,  көрінісі айқын немесе болмашы бола ма, ең бастысы,  беймаз баладан байсалды ересек адам шыға ма жоқ па – бұның барлығы уақыт өтегеле өмірлік жағдайларға, айналадағы ересектердің, ата-аналардың дұрыс мінез-құлқына байланысты қалыптасады.

Кейде  кішкентай баланың өзін  жағымсыз әсерлерден, қобалжудан қорғау мүмкін болмай жатады. Беймаз  балалардың дені сау балалардан айырмашылығы қобалжу, қорқу эмоциясы дені сау балада ізсіз кетсе,  олар үшін осы аталғандар күшті реакцияны тудыртады. Қорқыныш  баланы жабырқатып, белсенділігі мен бастамасын төмендетіп, жиі қорғансыз ететін болады. Бұндай жағдайда бала бөлменің ішінде бір өзі қалуға қорқып, жаңа ортадан, бейтаныс ересектер мен балалардан үрейленетін болады. Беймаз балалар  біресе тым көңілді,  көп сөйлегіш, шапшаң немесе тағатсыз қозғалатын, біресе ренжігіш, солғын,  енжар болады. Олар сондай-ақ,тұйық, өкпешіл болып, бірге ойнайтын ойындардан қашуы мүмкін. Оларға әрдайым өз-өзіне деген сенімсіздік кедергі етеді және олар  тапсырылған істі орындай алмай қалудан, жаман баға алып қалудан, балабақшаға, мектепке кешігіп барудан қорқатын болады.

Оларға  кез-келген өзгерісті бастан кешіру, әдеттегі өмір салтын басқа өмір сүру қалпына бірден ауыстыру қиын болады.  Қыңырлықтың, негативизмнің белгілері (олардан сұралған нәрсеге қарама-қарсы әрекет етуге деген ұмтылыс) барлық балаларда болуы мүмкін, бірақ беймаз  балада олар ұзақ болады және айтарлықтай көрініске ие болады. Жүйке жүйесі жағдайының ең нақ  көрсеткіші-ұйқы болып табылады. Мазасыз балалар әзер  ұйықтайды және олардың ұйқысы  сергек және үзік-үзік болады. Олар ұйқы кезінде  жиі айқайлап, қолайсыз дөңбекшіп жатады және  қорқынышты түстерден  қорқытады.

Баланы қалай тынышталдыруға болады?

Ол үшін таңертеңнен кешке дейін оның көңілін аулап,  алдандырудың  қажеті жоқ. Ол қоршаған ортадан тыныштық пен қуанышты өзі тауып, күнделікті өмірден қызықты нәрсені өзі алып, барлық жасаған нәрсеге қуана білуді үйренуі керек. Тіпті мейлі,  сіз үшін  болмашы  болып көрінген жолда табылған әдемі жапырақ, күннің шұғыласы, шыныдағы аяз өрнегі секілді бала таңқалысын тудырған нәрселер болса, онымен бірге қуанышын бөлісіңіз. Оның назарын қауіпті немесе қажет болатын нәрседен басқа, қызықты, жағымды, көңілді нәрсеге аударуға тырысыңыз. Кейде балалардың: "мінбе, құлап кетесің ", "ұстама, қолың  ауырады" дегеннен басқаны естімей, қасқырмен, қабы бар атамен, полиция қызметкерімен, уколмен  қорқытатын  кездер көбейіп кетеді.

Баламен сөйлескен кезде даусыңыз әрдайым бірқалыпты болсын. Бірдей жұмсақ және батыл болыңыз: баланың ерекшеліктерін ескере отырып, оның кез-келген еркелігіне жол бермеңіз. Бала ашулы тұрған кезде оны тәрбиелеу пайда әкелмейді, қайта керісінше оның қырсықтығын күшейте түседі. Бірақ ол тынышталғаннан кейін оған бұндай мінез-құлыққа жол берілмейтінін түсіндіріп,  шыдамдылық пен сабырлылық таныта отырып, сөйлесетін болсаңыз, бұл тәрбие әлдеқайда оң нәтижелерін әкеледі.

Қоршаған әлемді тани отырып, балалар бастамашыл және жалпы оптимисті болады және олар әлемді танудың келесі деңгейіне қуана ауысады.

Әрдайым есте сақтаңыз: балаға ата-ананың  айтқаны емес,  істегені көбірек әсер етеді. Егер балалар қолдауды сезінсе, олар өз-өзіне сенімді бола бастап, әртүрлі үй және қоғамдық істерге белсене араласа бастайды. Әсіресе балалар тамақ дайындауға немесе кез-келген маңызды іс-шараларды талқылап жоспарлауға қатысқанды (демалысқа қайда бару, қалай өткізу деген сияқты) жақсы көреді. 

Баланың өзіне деген құрметін арттырыңыз. Баланы ашық сөйлесуге шақырып, оны не мазалайтынын сұраңыз немесе онда мазасыздық сезімі қалай және неге пайда болғанын біліңіз. Егер балалар өздерін қауіпсіз сезінсе, олардың сенімі арта түсетін болады. Егер балалар достық қарым-қатынасты сезінетін болса, олар сүйіспеншілік пен тыныштықты табуға, алаңдаушылық пен сенімсіздікті жеңуге үйреніп, өз тілектері мен мүдделерін әлеуметтік қолайлы шеңберде іске асыра алатын мінез-құлық формаларын тез табатын болады.

Мазасыз баланың ата-аналарына арналған кеңестер

  1. Баланың өзіне деген сенімділігін арттыруға ықпал етіңіз: оны (тіпті кішкентай жетістіктер үшін де) жиі мақтаңыз,  балаға көбірек сенім танытыңыз ; балаға жиі есімін айтып, сөйлесіңіз.

  2. Дене контактісін жиі қолданыңыз: психологтар ата-аналардың баланы күніне 8-10 рет құшақтағаны баланың өзін әлдеқайда бақытты және тыныш сезінуге, өмірдің қиындықтары мен мазасыздықтарын оңай және аз шығынмен жеңуге, жауапкершілікті болуға көмектесетінін дәлелдеген.

  3. Баланы басқа балалармен салыстырмаңыз.

  4. Мазасыз балаларды бәсекелестік сипаттағы әртүрлі іс-шараларға немесе "жылдамдыққа"тартпаңыз.

  5. Мазасыз балаларды асықтырмаңыз, оларға әдеттегі қарқынмен және ырғақпен әрекет етуге мүмкіндік беріңіз (оларды басқаларға қарағанда сәл ертерек үстелге отырғызып, бірінші кезекте киіндіруге және т.б. болады).

  6. Балаға мүмкіндігінше аз ескертулер айтыңыз, жазаны соңғы жағдайда қолданыңыз, ең бастысы оны кемсітпеңіз! (Баланы қалай мадақтап, тәрбиелеу керек? мақаласын оқыңыз.

  7. Баланы бейтаныс іспен айналысуға мәжбүрлемеңіз, алдымен  ол басқалардың қалай жасап жатқанын көріп алсын.

  8. Балаға арналған үстелді, керуетті және т. б. тұрақты орынды беріңіз.

  9. Өз іс-әрекеттеріңізде дәйекті болыңыз: қандай да бір орынды себептерсіз  балаға бұрын рұқсат етіп жүрген нәрсеге тыйым салмаңыз.

  10. Сенімді, сабырлы мінез-құлық көрсетіңіз, балаңызға үлгі болыңыз.

  11. Баланы өзін  толғандыратын нақты жағдайларда (танысу, көмек сұрау, алғыс білдіру, бас тарту, жеңу немесе жеңілу және т.б.) өзін-өзі басқара білуге үйретіңіз.

Егер сіз салған күш–жігеріңізге қарамастан, жағдайды өз бетіңізше жеңе алмайтыныңызды сезсеңіз, маманға (психотерапевт-дәрігерге, психологқа) жүгініңіз.